«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЫЗҒЫМАС БІРЛІКТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің қатысуымен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының XXVIII сессиясы өтті.

Жиында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасарлары сайланып, аталмыш ұйымның мүшелеріне куәліктер табысталды.

Отырысты жүргізген облыстық әкімдіктің аппарат басшысы Руслан Әлішев биыл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының “Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу” атты ХХХІІІ сессиясында алға қойылған міндеттерді талқылау күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе екенін атап өтті. Отырыста Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Елена Семидоцких атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Қазіргі таңда облыстық ассамблеяның құрамында 28 этно мәдени бірлестік бар. Соның 24-і қоғамдық аккредиттеуден өтті. Биыл республикалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің құрамы алмасып, оған облысымыздан құрылымдық бөлімшелердің өкілдері кірді. Солтүстік Қазақстан облысынан Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің 30 пайызын жастар құрайды.

Өңір аудандарында 180 этникалық орталық жұмыс істейді. Біздің өңірде қазақстандық этностардың бай мұрасын сақтау, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында қыруар жұмыс атқарып жатқан облыстық, сондай-ақ аудандық этномәдени бірлестіктер саны басым екенін айтқым келеді, – дей келе Елена Семидоцких “Қазақстан халқына мың алғыс” форумы, “Бірлігіміз жарасқан” фестивалі, “Память во имя будущего” жобасы, “Салт-дәстүр” этно марафоны, “Сабантуй” татар-башқұрт мейрамы сынды бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ ол су тасқыны салдарынан жапа шеккен жерлестерімізге жан-жақтан ағылған гуманитарлық көмекті үлестіруде Достық үйінде облыстық штаб құрылып, өңірдегі “Ассамблея жастары” еріктілері бел жазбай еңбек еткенін ерекше атап өтті. Елена Александровна Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы қарсаңында белсенділік танытуға шақырды. Сессия отырысында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Жангелді Тәжин де сөз алып, сан этнос өкілдерінің бірлігін, отаншылдық сезімін сынаққа алған табиғи апат – су тасқынына қарсы жерлестеріміз жұмыла әрекет етіп, қиындықты абыроймен еңсергенін мақтанышпен жеткізді.

– Осындайда халқымыздың “Бірлік бар жерде – тірлік бар”, – деген нақыл сөзі ойға оралады. Облыс орталығының су басқан аймақтарында ардагерлер жастармен, әскерилермен иық түйістіре табиғи апатқа қарсы күрестің бел ортасында жүруі қоғам тарапынан ризашылық сезімін тудырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының “Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу” атты ХХХІІІ сессиясында алда тұрған келелі міндеттерді айқындай келе, ең алдымен Ақсақалдар кеңесі сияқты тиімді құрылымдардың жұмысын дамыта түсу қажет деп ел ағаларына ерекше сенім артуы бізге жауапкершілік жүктейді, – деді Жангелді Уақпанұлы. Оның айтуынша, жергілікті жерлерде ардагерлер ұйымдары белсенділерінің қолдауымен құрылған облыстық, аудандық ақсақалдар кеңесінің құрамында қазір 110 адам бар. Ассамблея жанындағы кеңесші құрылым ретінде Ақсақалдар кеңесі “Қоғамдық келісім” мекемесімен бірлесе отырып, өңіріміздегі ұлтаралық қатынас, әлеуметтік саяси ахуал, жастар тәрбиесі сынды өзекті мәселелерді талқылап, шешімін іздеуде. Мәселен, Тұрар Оразалин жетекшілік ететін Шал ақын ауданындағы ақсақалдар кеңесінің ұсынысымен аудан орталығындағы саябақта жергілікті еңбек ардагерлеріне арналған Даңқ саяжолы ашылды. Отырыста шалақындық аға ұрпақтың бастамасы өзге де аудандарда жалғасын тапса деген ұсыныс айтылды.

Жыл сайын сессия барысында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасарын сайлау дәстүрге айналған. Сессия құрамының мүшелері жыл бойы бұл міндетті абыроймен атқарған Елена Семидоцкихтің орнына “Хангук Казахстан” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алексей Ханды сайлады. Сондай-ақ ақсақалдар арасынан Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары ретінде Ескендір Елеусізовтің кандидатурасы бір ауыздан қолдау тапты. Жиында бір топ жерлесімізге Қазақстан халқы Ассамблеясының куәліктері табысталғанын да айтып өту керек.

– 2024 жыл облыста ғана емес, Қазақстан тарихында сынақ ретінде есте қалады. Ең алдымен, су тасқыны еліміз бен өңір экономикасына үлкен зиян келтірді. Біздің ынтымағымыз бен бірлігіміз сыналып, бұл қиындықты абыроймен еңсердік. Су тасқынымен күресте мыңнан астам ерікті, құтқарушы, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері жанкештілікпен үлкен үлес қосты. Жұдырықтай жұмылудың арқасында 14 мыңнан астам адам мен 5 мың жануар қауіпсіз жерге көшірілді. 3898 үйді су басты. Тасқынның алғашқы күнінен бастап ассамблея белсенді және үйлесімді жұмыс жүргізді, – дей келе Ғауез Нұрмұхамбетов қиын күндер артта қалғанын, бүгінде 200-ден астам отбасы “Бірлік” шағынауданында жаңадан салынған үйлерге қол жеткізсе, 710 отбасы пәтер кілтін алғанын айтты.

Ғауез Торсанұлы сессия аясында ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіруде азаматтардың қолдауы маңызы екенін айта келе, аталмыш ұйым нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу ісінде айрықша рөл атқаратынына тоқталды. Сондықтан діни, аймақтық немесе әлеуметтік-экономикалық алшақтықты болдырмай, қоғамда алауыздық тудыратын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою үшін этномәдени бірлестік басшылары еңбек ұжымдарында, оқу орындарында, кәсіпорындарда, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде белсенділік танытуы тиіс екені айтылды.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp