«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ата-бабаларымыздың қонысы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жуырда “Soltüstık Qazaqstan” газетінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Сағындық Салмұрзиннің “Қазақ қыстаулары” атты мақаласы, оның қазақ қыстауларының пайда болу тарихы туралы ойлары қолыма қалам алуыма себеп болды. Риза болғаным, автор көрші елдің империялық саясатының сойылын соғып, Солтүстік Қазақстан өңірінде қазақтар болмаған деген өкілдерінің сандырағына нақты жауап берген.

Бұл ойымды Жамбыл ауданындағы Баян елді мекеніндегі Мықтыбай ауылы деп аталатын әулеттен шыққан әрбір азамат қолдайды. Біз үшін аталарымыз­дың қыстауы – олардың қысқы мекені ғана емес, елдігіміздің, бір­лігіміздің белгісі. Қыстаудың тұр­ған жерін, ондағы үй-жай, қо­ра-қопсы, басқа да белгілерін хатқа түсіріп, аталарымыз осы жер­ді тартып аламыз деген қара шекпенділерден сақтап қалған. Уа­қыт аяусыз мүжіп, салмағынан шөккен нардай болса да әулеті­мізге баспана болған үйлер әлі де бар. Ауылымызға алыстан кел­ген қонақтар табиғатымызды, құйқалы топырағымызды мақ­тап, өңірімізді жердің жәннатына теңейді. Осы ұлан-ғайыр жерге ықылым заманнан көз тігіп, иемденгісі келгендер көп болғанына тарих куә. Әсіресе, ХVІІІ ғасырдың ортасынан басталған Ресей мемлекетінің қазақ жерін иемде­ну саясаты өзінің озбырлығымен, зымияндығымен ерекшеленді.

Жоңғар шапқыншылығынан халқының жартысынан айырылып, есеңгіреген сәтін пайдаланып, олар шекара шебін ілгері жылжытып, әскери бекіністер салды. Одан кейін патша үкіметі қазақ даласындағы хандық жүйені жойып, халқымыздың ежелден келе жатқан дәстүрлі жерлерін әскери бекіністер салу үшін жаппай езгіде ұстаған шаруаларына қазақ елі аумағынан жер алып беру үшін арнайы қоныс аудару басқармасы құрылды. Осы басқарма қазақтың ең шұрайлы жерлерін әскерилердің қолдауымен тартып алуға білек сыбана кірісті.

Ал қазақтардың бұл кезеңде патша үкіметінің әскери отрядтарына қарсы тұратын күші жоқ еді. Сол заманда осы нәубет аталарымыздың басына да келген екен. Қан майдандағы көзсіз ерлігімен ғана емес, айла-тәсілімен, даналығымен аты шыққан бабаларымыз жаудың өз қаруын өзіне жұмсап, жоғарыда айтқанымыздай ата-бабадан қалған қыстау үйлерін, оның төңірегін хатқа түсіріп, Жайлыбай атамыз 1902 жылы Дала губернаторы И.Сухотиннен Мықтыбай атақонысының төңірегін әулетіміздің меншігіне заңдастырып алыпты.

Қазақты адам есебіне жатқызбай бұратана, төменгі дәрежедегілер деп санаған патшаның шенеунігімен тең дәрежеде сөйлесіп, ата-баба жерін сақтап қалған бабаларымызды батыр демей кім дейміз? Осы текетіресте баба қолындағы алдаспандай қаруы болған атақонысымыз – қазақ қыстауын құндылығымыз деп бағалап, ұмытпай, ұлықтауға міндеттіміз.

Осы қыстауда тұрған әулеттердің бүгінгі ұрпағы бұл тарихи құжатты тек мақтаныш қана емес, аталар ерлігінің белгісі деп 100 жылдығын атап өттік. Бұл іс-шараны бүгінгі өскелең ұрпақ үшін өткіздік. Өйткені кеңестік әміршіл жүйенің тұсында халқымыздың тарихы тек совет үкіметі орнаған кезеңнен бастау алып, оған дейін бізді ен далада босып жүрген жабайы халық деп, халқымызды рухани қайыршыға айналдырғаны мәлім ғой. Осыған орай, қазір мемлекет деңгейіндегі жиындарда айтылып жүрген еліміздегі тарихи сананы қалыптастыру мәселесі жөніндегі пікірлер еске келеді. Кейбір арандатушылардың “Ресей патшасы, одан кейін кеңес үкіметі басшылары бұл жерлерді қазақтарға сыйға берген”, – деген сөздерін де естідік.

Тарихшылардың айтуынша, Ресей мемлекетінің отарлық барлау экспедицияларының материалдарында біздің өңірдегі рулардың қоныстары туралы мәліметтерде олардың қыстау, күзеу, жайлауларына толық сипаттама беріп отырған. Сол сұрқия саясатты бүгін қайталап, жалаулатып жүрген әумесерлерге жауап ретінде халқымыздың тұрғылықты мекенінің белгісі болған қыстауларымыз туралы зерттеулер жүргізіп, хатқа түсіріп, келесі ұрпаққа бұл да бір құндылығымыз деп аманаттасақ, артық болмас еді.

Жангелді ТӘЖИН,

Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp