Тайынша ауданының Аймақ ауылындағы “Memolux” серіктестігі бидайды қабылдау, кептіру және жөнелтумен айналысады. Аталған серіктестік 2016 жылы Қытай Халық Республикасымен әріптестік байланыс орнатқан. Осының нәтижесінде қытайлық “Айдзю” ұйымы осы жерде заманауи паркті іске қосып, қазір агроқұрылымның өндіріс көлемі жылдан-жылға артып келеді.
Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжановтың айтуынша, биыл “Memolux” компаниясы Аймақ ауылында құрамажем және ұн шығару кәсіпорнын ашқан. Шэньси провинциясынан келген коммунистік партияның өкілдері Қазақстан тарапынан халықаралық бизнесті дамыту үшін жасалып жатқан жағдаймен танысты.
Қытайдан келген қонақтарға экскурсия ұйымдастырылып, кәсіпорын жұмысы туралы айтылды. Құрамажемнен бөлек, мұнда жылына 200 мың тонна ұн, 100 мың тонна кеспе де өндіріледі. Жалпы жылдық тауар айналымы 1 млн тоннаны құрамақ.
Кейін тараптар “Айдзю” ұйымының логистикалық өңдеу паркінде бас қосты. Облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановтың сөзінше, бұл – қазақ-қытай арасындағы алғашқы сәтті жоба. Мұндай бастамамен ешбір өңір мақтана алмайды.
– Қытайда жоспарлы экономика деген түсінік бар. Біздің жоспар – 557 млрд теңге. Оны жылдың соңына дейін орындауымыз керек. Сол үшін күні-түні жұмыс істеп жатырмыз. Инвестор Цзя Хэй кезінде Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысын көп зерттеп, өндіріс үшін біздің аймақты таңдады, – дейді облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов.
Кездесуде экономикалық қылмыспен күрес туралы да сөз болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Жақыпбеков “Бизнеске жол” жобасы аясында облыста жұмыс топтары құрылғанын айтты. Оның құрамына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері кірген.
Күзде Қытайда халықаралық көрме өтпекші. Осыған орай меймандар Қытайға ресми шақырту табыс етті. Сондай-ақ делегация басшысына өңір жетекшісінің атынан Солтүстік Қазақстанның пейзажы бейнеленген картина табысталды.
Осыдан кейін делегация Ильичевка ауылына барды. Бұл жерде жылына 300 мың тонна өнім өндіретін алғашқы зауыт салынды. Мұндағы мамандар майлы дақыл өсірумен, оны өңдеумен және Қытайға экспорттаумен айналысады. Сұранысқа ие күнбағыс, рапс, мақсары және зығыр майы өндіріледі. Жұмысшылардың біліктілігін арттыруға ерекше мән берілген. Бұған дейін зауыт қызметкерлері Қытайға барып, шеберліктерін шыңдаған.
Қытайлық кәсіпкерлер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Олар өндіріс көлемін арттыруға ниеттеніп отыр. “Айдзю” ұйымы Тайынша ауданында 100 мың гектарға дән себіп, болашақта көрсеткішті 300 мыңға дейін жеткізбекші.
– Біздің әріптестігіміздің арқасында қазір қазақстандық және қытайлық ғалымдар бірлесе жұмыс істеуде. Сонымен қатар мен өңірде туризмді дамытқым келеді. Болашақта киіз үй үлгісіндегі мейрамханаларды ашуды жоспарлап отырмын, – деді “Айдзю” логистикалық өңдеу паркінің құрылтайшысы Цзя Хэй.
Байболат ҚҰЛТАНОВ.