Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі бағалы жәдігерлердің бірі – жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың “Olympia” баспа машинкасы. Аталмыш жәдігерді жазушының қызы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева 2019 жылы табыстаған.
Қоңыр жәшікке салынған баспа машинкасы әлі күнге жарқырап, сырын да, сынын да бермеген. Музей директоры Маржан Таушарованың айтуынша, 1994 жылы Повозочное ауылының Приишимка орта мектебінде З.Иманбаевтың 70 жылдығына орай мұражай ашылған болатын. Кейін білім ордасы жабылған соң қаламгердің құнды жәдігерлері қабылдау актісіне жазылып, қорда сақтаулы тұр. Жалпы алғанда 160-тан астам бағалы дүние жазушының өмірінен сыр шертеді.
– Әкемнің бұл баспа машинкасын 1970 жылы аудан әкімшілігі сыйлаған еді. Орыс қаріпті. Жазғандарына қазақ қаріптерін қайта теріп отыратын. Қателерін дұрыстаған соң туындыларын облыстық, республикалық баспаларға жіберетін. Жемісін көзі қырақты оқырмандар көріп жүр. Бұл баспа машинкасы шығармашылығының шарықтауына себепкер болғаны анық, – деді жазушының қызы Алтын Иманбаева.
Қаламгердің шығармашылық жолына көз жүгіртсек, “Жазушы” баспасынан жарық көрген 1977 жылғы “Қыран түлегі”, 1985 жылғы “Ауыл түтіні” кітаптары осы баспа машинкада басылғаны күмән тудырмайды. Жәдігер сонысымен құнды.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.