Петропавл ауыр машина жасау зауытының директорларына, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде қозғалтқыштар мен гидроблоктарды жеткізуді жүзеге асырған кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс тергелді, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.
2022 жылы зауыт Қорғаныс министрлігінен әскери техниканы жөндеуге тапсырыс алғаны анықталды. Оны орындау кезінде жеке кәсіпкермен жалпы сомасы 283,3 млн. теңгеге қосалқы бөлшектер жеткізуге шарт жасалған.
Орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және шартты орындау кезінде жалпы қамқорлығы үшін бас директор атқарушы директор арқылы кәсіпкерден 100 мың АҚШ доллары (45 млн. теңге) сомасында пара алған.
Сот зауыттың бұрынғы бас директорын аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін он бір жылға, атқарушы директорын төрт жылға бас бостандығынан айырды.
Әсет ҚАНАФИН.