М.Қозыбаев атындағы университеті мен облыстық прокуратура өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл серіктестік университеттің заң бағыты түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткішін жақсартуға мүмкіндік береді және атқарушы жүйе органдарын білікті қызметкерлермен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда аталған жоғары оқу орнында кадрларды даярлаудағы басымдықтардың бірі – тәжірибеге бағдарлану. Сондықтан облыстық прокуратурамен тығыз қарым-қатынас жоғары деңгейде мамандар даярлауға мүмкіндік бермек.
“Біз дуальды оқыту бойынша бірлесіп жұмыс істеуді ұсынамыз. Былтыр дуальды оқыту ережелері қабылданды, бұл білім алушыларды тағылымдамадан өтуші ретінде жұмысқа жіберуге мүмкіндік береді. Қыркүйек айында оқу бітіруші студенттермен жұмыс істеп, қабілетті түлектерді таңдап, оларды бір жыл ішінде жұмысқа даярлай аласыздар. Осы уақыт ішінде студенттер дипломдық жобаларын қорғай алады. Кейін олар прокуратура органдарындағы жұмыстың ерекшелігін түсініп, осында жұмысқа орналасады”, – деп атап өтті жоғары оқу орнының басқарма төрағасы ректор Ербол Исақаев.
Облыс прокуроры Қайрат Әбдіханов ғылыми-шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыру үшін бірлескен ресурстарды пайдалануды ұсынды. Әсіресе прокуратура қызметкерлері студенттерге дәрістер оқып, олардың мемлекеттік аттестаттау комиссияларына және дипломдық жұмыстардың рецензенттері ретінде, бірлескен ғылыми жобаларға, конференцияларға, семинарларға, спорттық және шығармашылық іс-шараларға қатысуға ниетті. Екі тарап бір-бірінің ұсынысын қолдады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.