«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тұрғындарды қабылдады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Өңір тұрғындары қоғамдық көлік қатынасы, су тасқынынан зақымданған үйлерге қатысты мәселелерді көтерді.

Қоғамдық қабылдауға келгендердің бірі Зиягүл Жапарова – Бескөл ауылының тұрғыны. Ол №101-ші автобустың жүру кестесін қайта қарауды сұрады. Бұл маршруттың қозғалысы Қызылжар ауданының орталығынан басталып, Петропавл қаласындағы бірнеше шағынауданды басып өтеді. Тұрғынның айтуынша, автобустың қайта айналып келу уақыты тым ұзақ болғандықтан бескөлдіктер жұмыстарына кешігіп жетеді екен.

“Жастардың барлығы қалада жұмыс істейді. Оқуларына уақытылы жетуі керек студенттер бар. Басында №101 автобустың маршруты біздің ауылға 2-2,5 сағатта жететін еді. Одан кейін бұл уақыт 1 сағат 15 минутқа қысқартылды. Бірақ уақыт өте келе қайтадан 2,5 сағатқа ауысты”, – дейді Зиягүл Жапарова.

Жауапты органдардың мәліметінше, бұл маршрут субсидияланбайды. Қазір күн сайын шамамен 8 автобус қатынайды. Әсіресе түскі қарбалас кезінде қоғамдық көлік бөгеліп, тұрғындарға қолайсыздық туғызып отыр. Өңір басшысы жағдайды зерттеп, көлік қатынасын жақсарту бойынша ұсыныстар беруді тапсырды.

“Бізге бұл мәселені шешу қажет. Ұсыныстарыңызды маған айтыңыздар. Барлық ұсыныстарды қараймыз. Мүмкін өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы көмектесуге болар. Ең бастысы барлығын дұрыс зерттеу керек”, – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.

Людмила Соляник 59 жылдан бері Ойқала шағынауданында тұрады. Су тасқыны кезінде оның баспанасы қатты зақымданған. Бірақ комиссия шешімі бойынша үй тұруға жарамды деп танылды. Үй иесі бұл шешіммен келіспей отыр.

“10-шы мамыр күні комиссия келіп, үйімізді қарап шықты. Оның шешімі бойынша баспанамыз тұруға жарамды екен. Бірақ мен оған келіспеймін. Комиссия өкілдерінің айтуынша, бөренеден салынған үйлердің барлығы тұруға жарамды”, – дейді Людмила Соляник.

Баспанасын қалпына келтіруге 4 млн. теңге ұсынылған. Бірақ ол бұған үзілді-кесілді қарсы.

“Егер сіздің үй жөндеуге жарамды деп танылса, біз оған қарсы шыға алмаймыз. Үйіңізді өзіңіз жөндей алмасаңыз, біз сізге механикалық бригаданың көмегін ұсынамыз. Қолдау көрсетеміз. Бірақ үйді апатты деп айта алмаймын. Барлығы комиссияның шешіміне байланысты”, – деді облыс әкімі.

Дегенмен комиссия шешімімен келіспейтіндер сотқа жүгіне алатыны айтылды. Өңір басшысы қабылдауға келген барлық азаматтың өтінішін тыңдады.

Ұлан ЫДЫРЫС.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp