«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘНГЕ ҚУАТ БЕРЕР ТАБИҒИ ӨНІМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күн сайын азық-түлік дүкеніне кіріп, керек-жарағымызды түгендеуге дағдыланып алғанымыз сонша, кейде алып жатқан затымыздың сапасына да мән бере бермейміз. Қарапайым адамға күнделікті тұтынып жүрген тәтті тағамдар мен сусындар еш зияны жоқ болып көрінгенмен, арнайы мамандар мұндай астан аурудың неше түрі тарайтынын айтуда. Қазақтың “Ауру – астан” дегені осындайда айтылса керек. Алайда мөлшерін біліп, пайдасын екшеп тұтынса, күнделікті тамағымыз да денсаулығымызды нығайтып, күш берер қуат көзіне айналмақ.

Бүгінде супермаркеттерде қолына экологиялық таза өнімнен жасалған көп реттік дорбасын ұстап, әр тауардың құрамына үңіле қарап жүрген жандарды кездестіріп қаламыз. Алайда құрамында қоспасы жоқ тәнге қуат берер табиғи өнім ірі сауда орындарының өзінен көріне бермейді. Ал тәттілер, шырын, май сияқты өнімдердің табиғи әрі қантсыз баламасын емге таппайсыз. Егер арнайы диета ұстайтын сырқат адам болса, тіптен қиын.

Еліміздің ірі қалаларында аталған мәселенің түйіні әлдеқашан шешіліп қойған. Мысалы, бір ғана Астананың өзінде ондаған арнайы дұрыс тамақтану дүкені бар. Ал өңірімізде мұндай бағытта әзірге бір сауда орны жұмыс істеп келеді. Облыс орталығындағы “Ecoshop” дұрыс тамақтану дүкенінің иесі Торғын Басыбаеваның сөзінше, бүгінде дұрыс тамақтануға қызығып, саламатты өмір салтын ұстанатындар қатары артып келеді. Кәсіпкер дүкеннің ашылуы туралы айтқан кезде елдің бәрі денсаулығы жайлы ойлана бастаған пандемия жылдарын еске алады.

– Сол уақытта астаналық бір кәсіпкер елордада бірнеше дүкен ашып, сырттан келетін түрлі өнімдерді сата бастады. Жоба жұрттың көңілінен шығып, “Ecoshop” дүкендерін өңірлерден ашқысы келетіндер де пайда болды. Менің де осы қаладан дүкен ашқым келді. Алайда басқа кәсіпкер серіктестік құқығын алып қойыпты. Бір жарым жылдан кейін ол түрлі жағдайларға байланысты бұл саладан кетіп, мен қайтадан ұсыныс білдірдім. Елордадағы әріптестерім мұнымды қолдап, кәсіпті өз қолыма алдым. Тауар сатып алу үшін мемлекеттік бағдарламаға қатысып, төмен пайызбен несие алдым, – дейді Торғын Басыбаева.

Кейіпкеріміздің бұл салаға келуіне өмірлік жағдайлар да себеп болған. Үш баланың анасы перзенттерінің саулығы үшін 2017 жылдары дұрыс тамақтануға ден қоя бастаған. Денсаулығына байланысты есепте тұрған екі баласын бағып-қағуда дәрі-дәрмекке жүгінбеу үшін пайдалы азық-түлік өнімдері туралы іздене бастаған. Тамақтанудың да ғылым екенін ұққан жан бүгінде нутрицолог мамандығын меңгеріп жүр.

Адам ағзаларының бәрі бір-бірімен байланысты екені белгілі. Бір жеріміз ауырса, түгел тәніміз жайсыздық сезінеді. Қазіргі дәрігерлер де ауруды емдемес бұрын науқастың асқазанының жұмысына мән беріп, тамақтану жөнінде кеңес айтып жатады. Тек содан кейін ғана басқа мүшелерді қарауға көшеді. Сапалы ас тұтынатын адамның сауығуы да тез екенін Торғын Басыбаева растап отыр.

– Жұмыс істеген бірнеше жылда дұрыс тамақтануға қызығушылар қатары артқаны байқалады. Өкінішке қарай, бүгінде сырқат балалар көбейген. Бұған түрлі факторлар әсер етуде. Ерекше күтімді қажет ететін балалардың аналары бізге жиі келеді. Кеңес сұрап, өнімдерімізді алады. Өйткені баланың ішіп-жегенінің бәрі оның денсаулығына, миының дамуына, ойлауына әсер етеді. Дұрыс тамақтану арқылы емді тиімді етуге болады. Бізге келетін аналар балалары үшін көбіне қантсыз тәттілер мен глютені жоқ ұн алады, – дейді кәсіпкер.

Қарапайым азық-түлік дүкендерін былай қойғанда, қала супермаркеттерінен дұрыс тамақтануға арналған өнімдердің әрі кетсе бірнешеуін ғана табасыз. Ал “Ecoshop” дүкенінде тұтынушының қалауы мен талғамына қарай өнімнің небір түрі бар екен. Мәселен, жолжелкен тұқымының қабығынан өндіретін псиллиум ас қорыту жүйесінің жұмысына оң әсер етеді. Жасыл қарақұмық, күріш, зығыр, сұлы, кокос, бадам тағы да басқа дақылдардан жасалған глютені жоқ ұнның осынша түрі бар екенін көбіміз біле бермейміз. Қарақұмықтан өндірілген макарондар да қарапайым дүкендегідей емес. Жүгері, шырғанақ, күнжіт майларын да емдік мақсатта іздеп келетіндер көп екен. Оңай қорытылатын түрлі ботқалар зейнеткерлердің сұранысына ие. Әр жерде кездесе бермейтін шайлар мен шөптердің де түр-түрін көріп таңғалдық. Дүкен тоңазытқышында вегетариандарға арналған етсіз шұжықтарға дейін бар. Ал жануарлар өнімдерін мүлде тұтынбайтындар үшін сүтсіз балмұздақтар сатылады. Оның да өз тұтынушылары баршылық көрінеді. Өкінішке қарай, мұндағы өнімдердің басым бөлігі көрші мемлекеттен әкелінетінін білдік. Десе де соңғы жылдары отандық азық-түліктің үлесі артып келеді. Мәселен, мұндағы денсаулыққа пайдалы сүзілмеген алма сірке суы Алматыда өндірілсе, мақсары майы Тараздан жеткізіледі. Әмбебап ұн қоспасы да Қазақстанда жасалған. Ал өңірдегі “Диқаншы” серіктестігі мұнда даламызда өскен дақылдардың бірнеше түрін жеткізіп тұрады. Қантсыз десерт жасайтын жергілікті кондитермен де байланыс орнатылған.

Жалпы алғанда “Ecoshop” дүкені қала қажеттілігін толық қамтамасыз етіп отыр. Мұнда негізінен жастар, зейнеткерлер, аналар мен спортшылар жиі келеді.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp