Аққайыңдар өлкесіне жұмыс сапарымен Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев келді. Ведомство басшысы “Бірлік” шағынауданында болды. Оған тасқыннан зардап шеккен жандар үшін салынып жатқан үйлер көрсетілді. Министр елордалық компания өндіретін құрастырмалы баспаналарды көрді.
Қанат Шарлапаев шағынауданды дамыту жоспарымен танысты. Құрылысқа ауа райы кедергі келтіріп тұр. Дегенмен сала өкілдері еңсені түсірмек емес. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қазіргі жағдайды баяндады.
Алдағы бірер жылда Қызылжар адам танымастай өзгереді. Қала ішінде бірсыпыра сәулетті ғимарат салу көзделген. Бұл туралы “Копай” шағынауданында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Қайролла Ғалеев айтты.
Жалпы шағынауданда игерілетін жер көлемі – 44,6 гектар. Мұнда 29 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда. Бұл – жалпы ауданы 289,9 мың шаршы метр болатын 18 кешен. Қазіргі уақытта жалпы ауданы 73,1 мың шаршы метр болатын 9 тұрғын үй салынуда. Көпқабатты үйлердің құрылысын аяқтау 2024-2025 жылдарға жоспарланған. Жоба жоспарға сәйкес жүзеге асса, тұрғындар жаппай пәтер сатып алуы мүмкін. Мұнда сәулеті бірінен-бірі асатын үйлер, мектеп, балабақша және емхана сынды әлеуметтік маңызы бар нысандар да салынбақ.
Кездесу барысында қала әкімі Серік Мұхамедиев маңызды мәселеге тоқталды. Өңірдің құрылыс саласына республикалық бюджет қаржысы баяу түсіп жатқан көрінеді. Министр өтінішті мұқият тыңдап, іске қарқын қосуға уәде берді. Бұдан кейін Қанат Шарлапаев Былғары зауыты шағынауданына барды. Мұнда үйлерді жөндеу, ескілерін бұзу жұмыстары қарқын алған. Баспанасы жаңарған Елена Волырина көрсетілген көмекке дән риза.
– Мұндай көмек болады деп ойламадық. Бригаданың жұмысына көңіл толады. Жігіттер барлығын істеп жатыр. Біздің айтқан ақыл-кеңеске, ұсынысқа құлақ түреді. Материалды бірге таңдаймыз. Айтар алғысымыз шексіз, – дейді Елена Волырина.
Жұмыс сапарының соңында Қанат Шарлапаев Бескөл ауылында тұрғызылып жатқан көпқабатты үйдің құрылысымен танысты. Желтоқсанда тапсырылатын нысан 50 пәтерден тұрады. Баспана кезекте тұрғандарға беріледі. Әңгіме брысында павлодарлық мердігер құрылыс уақытында аяқталатынын айтты.
– Қазір Қазақстан бойынша 2 мыңнан астам үй салынып жатыр. Соның 700-ден астамы Петропавлда тұрғызылады. Яғни Петропавлда құрылыс қарқыны жоғары. Біз тасқыннан зардап шеккендерге жан-жақты көмек береміз, – деді министр Қанат Шарлапаев.
Байболат ҚҰЛТАНОВ.