Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Қазақстан халқына Жолдауында ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру мәселесіне айрықша көңіл бөліп, әрбір азамат, әсіресе жастар ең жақсы қасиеттерді бойға сіңіру қажет екенін айтып өткен болатын. Ұлттың жаңа сапасын қазақ тілін еркін меңгерген, мәдениеті мен салт-дәстүрін құрметтейтін, озық ойлы, білімді жастар қалыптастыра алады. Бұл орайда әрбір елдің кемел жетістігі тілдік факторымен айқындалатынын айту қажет.
Дербес ел болғанымызға 30 жылдан астам уақыт өтсе де тіл мәселесі өзектілігін жойған емес. Өйткені тіл тағдыры – ел тағдырымен біртұтас. Ол – халықтың рухани, мәдени дамуының құралы. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру күн тәртібіндегі мәселе. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы елімізде тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Қазақстан халқының мемлекеттік және басқа да тілдерін дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасы 2020 жылы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы болып қайта құрылды. Қазір басқармада тілдерді дамыту мен талдау, ономастикалық жұмыс және архив ісі сынды екі бөлім жұмыс істейді. Соның негізінде өңір аумағында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен басқа да тілдерді дамыту жұмысы үйлестірілуде.
Биыл “Қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттілігі” ұлттық стандартына сәйкес тілдерді оқыту орталығында 123 топта қазақ, 17 топта ағылшын тілі оқытылуда. Екі жарым мыңнан астам тыңдаушы бар.
Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, облыс аудандары мен Петропавл қаласында жергілікті бюджет қаражатына ересек тұрғындарға қазақ тілін үйрететін қосымша 74 топ ұйымдастырылды. Сонымен қатар өңірдегі ұйымдар мен кәсіпорындарда 4000-нан астам тыңдаушы мемлекеттік тілді тегін үйренуде. Тіл үйренуге ниет білдірген адамдардың арасында мемлекеттік қызметшілер, қарапайым тұрғындар, құқық қорғау органдары, мемлекеттік қызмет көрсету мекемелерінің, денсаулық, білім, мәдениет және спорт саласы қызметкерлері бар. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мақсатында әлеуметтік желілерді де кеңінен пайдаланудамыз.
Қазақстан Президенті өз Жолдауында “Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз”, – деген болатын. Біздің перзенттік парызымыз ең алдымен ел мен жерге, тілге құрметтен бастау алуы керек. Бүгінде қазақ тілін тұрмыстық қарым-қатынаста ғана емес, қоғамның кез келген саласында қолданысын кеңейтіп, беделін көтеру маңызды міндет. Бұл орайда жыл сайын облыста Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы мамандарының қатысуымен “Қазтест” жүйесі бойынша тестілеу өткізіледі.
Үстіміздегі жылы маусымда аталмыш тестілеу Петропавл қаласында, Тайынша және Шал ақын аудандарында өткізілді. Биыл бұл шараға мыңнан астам адам қатысты. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тоқсан сайын тіл заңнамасына сәйкес өңірдің мемлекеттік органдары мен ұйымдарында құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесіне мониторинг жүргізеді.
2024 жылдың І жартыжылдығында облыста мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттар үлесі – 95,5, ал кіріс құжаттар – 92,2 пайызды құрады. Мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттар үлесінің өсу тенденциясы байқалуда. Қазақ тілінің беделін арттыру, қолданылу аясын кеңейту (фестивальдер, кездесулер, акциялар және т.б.) үшін бірқатар іс-шаралар өтті.
Қазақ тілін оқытуды тиімді, жүйелі ұйымдастыру, заманауи цифрлық ресурстар, қазақ тілі пәні мұғалімдеріне бағыт-бағдар, мотивация беру мақсатында республикалық тілшілер форумы ұйымдастырылды.
Тілшілер форумы аясында қазақ тілі оқытушыларына арналған “Қазақ тілін оқытуда қолданылатын тиімді әдіс-тәсілдер” тақырыбында республикалық семи-нартренинг өтті. Үстіміздегі жылдың мамыр айында тіл саясатын түсіндіру, тілдік негізде кемсітушіліктің кез келген түріне жол бермей, мемлекеттік тілді одан әрі дамыту мен практикалық қолдануды ынталандыру мақсатында “Тіл керуені – 2024” жобасы ұйымдастырылды.
Жобада мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен және ата-аналармен денсаулық сақтау және спорт мекемелеріне “Қазақстан Республикасындағы тіл туралы” Заңының талаптарын түсіндіру бойынша және бизнес, қызмет көрсету саласы мекемелерінің қызметкерлері арасында заң талаптарын түсіндіру үшін кездесулер өткізіледі.
Басқараманың тапсырысы бойынша “Тіл керуені – 2024” жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар кешені аясында Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы Петропавл қаласы бойынша балабақша меңгерушілерінің, қазақ және аралас мектеп директорларының арасында жаңа оқу жылында қазақ сыныптарына алғаш қабылданатын оқушылардың үлесін арттыру мәселесін талқыға салды. Бұл жоба үстіміздегі жылдың қазан айына дейін өңірдің 13 ауданында және Петропавл қаласында жалғасын табады.
Өңірімізде тілдік кемсітушіліктің алдын алу, азаматтарға консультациялық көмек беру мәселелері бойынша сенім телефоны жұмыс істейді. Тілдік кемсітушілікке жол бермеу мақсатында жарнама агенттіктері, банк және басқа да мекемелердің сыртқы сұлбасы мен мәтіні келісілді.
Интернет-ресурстардағы мемлекеттік тілдегі ақпарат жалпыға қолжетімді болуға тиіс. Сондықтан қазақ тілді контентті дамыту, ресми сайттарда маңызды ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету, тілдің тазалығын сақтау, сауатты ақпаратты орналастыру өзекті міндет болып табылады. Бүгінгі күні бірқатар аудандық, облыстық ауруханалар мен қалалық емханалар және төрт денсаулық орталығының интернет ресурсына тексеріс жүргізілді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің оқу орындарының ресми интернет ресурстарын зерделеуге қатысты жүргізілген мониторинг барысында анықталған кемшіліктер негізінде М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің ресми сайтында түзету жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің сауатты және дұрыс пайдаланылуын бақылау мақсатында жекеменшік білім беру мекемелері де назардан тыс қалмады.
Жолдауда айтылғандай, әділетті Қазақстанды құрамыз десек, бізге саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Қай салада болса да әділдік, заң, талап бірінші орында тұруы тиіс. Талаптың бірі – жұмыс орнында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Үстіміздегі жылдың сәуір айында Солтүстік Қазақстан облыстық сотында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Досжан Әмірдің қатысуымен “Сот төрелігін мемлекеттік тілде сапалы жүзеге асыру мәселелері” тақырыбында өткізілген жиында сот жүйесіндегі сот ісін жүргізу тілі талқыланды. Іс-шараға облыс соттарының судьялары, облыстың құқық қорғау, жергілікті атқару органдарының өкілдері, қорғаушылар, нотариалдық палата, екінші деңгейлі банк, жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасының басшылары қатысты. Қазақ тілін дамытуға бағытталған мұндай жиындар ертеңгі күні өз нәтижесін беруі тиіс.
Тілдік ортаны қалыптастыру – әркімнің міндеті. Біз қазақ тілінің беделі мен болашағын ойласақ, барлық жауапкершілікті мемлекеттік органдарға артып қана қоймай, тіл үйренуге деген құлшынысты, жанашырлықты өзімізден бастауымыз керек.
Санат ӘУБӘКІРОВ,
облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы.