Өңірде тұрғын үйлер мен автомагистральдардың маңындағы ауа сапасына мониторинг жүргізілуде. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының айтуынша, ауа құрамындағы 24 химиялық қоспаның мөлшері тексеріледі екен. Оның ішінде қауіптіліктің 1-2 деңгейіне жататын қоспалар да бар.
– Атмосфера ластануының басты себебі – автокөліктен шығатын зиянды қалдықтардың көбеюінде. Ауаны ең көп ластайтын зат – көміртек оксиді. Өткен жартыжылдықта мамандар 10755 сынаманы тексерді. Қала маңындағы жолдарда кей көрсеткіштердің шамадан тыс артып кеткенін анықтадық, – дейді департамент басшысының орынбасары Татьяна Горлова.
Мамандар ауа сапасының адам денсаулығына тікелей әсер ететінін айтып отыр. Әсіресе зиянды қалдықтар түрлі аурулардың туындауына себеп болуы мүмкін. Әсіресе түрлі шаң-тозаң, күл мен шөгінділерден келер қауіп жоғары.
Ірі қалаларда шаң-тозаңның көп болуынан күн радиациясы төмендейді. Ультракүлгін сәулелердің жерге түсу көрсеткіші азаяды. Бұл уақытта ауада қауіпті бактериялар көбейеді. Зиянды газдар концентрациясы нормадан асқан кезде қан тамырларының бойына липидтер жинала бастайды. Бұл адам ағзасында өзгерістер тудырады, – дейді Татьяна Горлова.
Ал ауа ластануының алдын алудың ең тиімді жолы – қоршаған ортаға қамқор болып, ағаш егу.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.