Тасқын кезінде құрылған “Көкбөрі” қоғамдық ұйымының ұйытқы болуымен Қызылжар аудандық Мәдениет үйіне “Шаншар” әзіл-сықақ театры келіп, табиғи апаттан зардап шеккен елдің еңсесін көтеру мақсатында концерт бергені белгілі. Жабырқаулы көңілді әдемі әзілмен көтеруге тырысқан театрдың басшысы Уәлибек Әбдірайымовпен әңгімелесудің сәті түсті.
– Уәлибек Әкімханұлы, мамандығыңыз бойынша филолог екенсіз. Өнер жолына қалай келдіңіз?
– Иә, филология ғылымы бойынша білім алдым, оның ішінде араб тілін меңгердім. Әріптестерімнің дені филология факультетін бітіріп, әртіс болып кеткенімді жақтырмайды. “Өнер алды – қызыл тіл”, – дейді дана халқымыз. Ал филология факультеті қызыл тілдің шеберлерін оқытады.
Енді мемлекетіміздегі ең керемет мәдени ошақтарға бет бұрайық. Қазақстанда тұңғыш рет ашылған Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық опера және балет театры бар. Абай Құнанбаев – әртіс емес, ақын. Қарашаңырағымыз, әкем театры атанған Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры да қызыл тілдің шебері – жазушының есімімен аталған. Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына көркем сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің аты қойылған. Осы тұлғалардың ізімен келген менің әртіс болуға құқым бар және қазақ қалжыңына қызмет еткендіктен театр ашуға әбден лайықпын деп ойлаймын.
Сонымен қатар менің бағытым эстрада жанрына жатады. Эстрада жанрына арналған, миниатюра бағытында бағдар беретін оқу орны жоқ бізде. Сол себепті әзіл-ысқақ театрын ашқанымыз айып емес.
– Бір бағдарламада “Монолог оқушы тыңдаушыларға жеткізерде мәтіннің 50 пайызын өзгертеді” дедіңіз. Монолог оқудың біз білмейтін қандай талаптары бар?
– Монолог оқу тыңдармандарға байланысты. Кімге оқып жатқаныңды, тыңдармандарыңның қаншалықты тыңдайтынын ескере отырып, солардың икеміне, тыңдау қабілетіне қарап айтасың.
Алдыңда журналистер, филологтар отырса, астарлы әзіл, ой саларлық қалжың айтуға болады. Себебі сен журналист болған соң айтып отырған әрбір әзілімнің астарын түсінесің. Ал инженерлер, дәрігерлер отырса, олар түсінетін тілде қалжыңдауың керек. Орыстілді қандастарыңа қалжың түгіл, ойыңды түсіндіре алмайсың.
Мысалы, Евгений Петросян, Михаил Задорновтар сахнада бір сағат бойы тапжылмай монолог оқиды. Өйткені, көрермендері дайын. Ал менің көрермендерім монолог тыңдауға дайын емес. Бұл қазақтың мәдениеті төмен деген сөз емес, ұлт мәдениетін түсіріп жібергендерге қарата айтылған ой. Қазақ тілін дамыту керек. Қазақ тілін әуежай, вокзал, дүкенде қолдануымыз қажет. Сол кезде талғам да, әзілдің деңгейі де жоғарылайды.
– Сатираның сұйылып кеткенін айтатындар көбейді. Оқушы кезімізде жазушының әзіл-шыны аралас әңгімелерін, ақынның шымшыма, мысқыл, сын-сықақтарын оқитын едік. Қазір кездестіре қоймаймыз. Сатираны қалай дамытуға болады?
– Қазақ тіліне жаны ашымайтын азаматтардың кесірінен сатира кенжелеп қалды. Өз тілінде қиналмай сөйлей алатын басшы әзіл-сықақтарыңды таңдап жүріп оқитын еді. Бұқар жыраудың Абылай ханға не айтқанын білмегендер ойдың астарына үңілмейді.
Сатиралық туындыларымды тыңдаған жастардың кейбіреулері мені ХІХ ғасырдан келгендей көреді. Сатира тіл дамыған жерде ғана өркендейді. Әзіл – өте ауыр жанр. Сатира болмаған жерде жүрген әзілді әзіл деп есептеуге болмайды. Мені 2009 жылы Жапониядан Ико Ичи деген жапон іздеп келді. Олардың ұғымы, гені бойынша жапондар көшпенділерге келеді екен. Сол себепті көшпенділерден өз дәстүрін іздеп жүрді. Сөйлесіп отырғанда ұлт сатирасының жоғын айтты. Арзан күлкіге әуестік басым. Сонда ұлттық сатира қайда? Менің монолог оқығанымнан қазақтың ұлттық сатирасы барын білді де, қалай үйрену керектігін сұрады. Ұлттық сатира бар. Бірақ дамымай тұрғанын айттым.
Біз нағашы мен жиен, жеңге мен қайны, жезде мен балдыз, құрдастар, замандастар, құда бала мен құдаша қыз арасындағы әзілдерді естіп өстік. Әр сатираның өз орны, жүйесі бар. Соны айтқанда жапон таңғалды. Мазмұнды, тағылымы мол қазақы сатираға бай едік, өкінішке қарай, кедейленіп барамыз.
“Әзілің жарасса, атаңмен ойна” деген сөз бар. Сөздің төркінін түсіндің бе? Өзің әзілді көтере алсаң ғана әзілдес, көтере алмасаң, жайыңа жүр. “Әзілдесе білмейтін, шешесінің етегін көтеріп ойнайды”, – дейді. Не деген ауыр сөз. Ауыр болса да, қазақ әзілінің орнын айтып тұр. Жапон осы сөздерді естіп, ұлттық әзілдерімізге таңғалып кетті.
– Мана бір сөзіңізде арзан күлкіге әуес екенімізді айттыңыз. Күлдіретіндердің білімі тайыз ба, күлетіндердің талғамы төмендеді ме?
– Бұл сұрақтың да жауабын тілдің төркінінен табасың. Өлең оқымайтын, ақын-жазушыларды білмейтін, аталы сөзді түсінбейтіндер міндетті түрде жеңіл күлкіге әуес болады. Кіндіктен төмен, ауыл айналасындағы әзілдер оларға қызық. Жаргон, орыстан алған, шеттен келген бейпіл сөздер араластырған жеңіл ой, арзан күлкі айналып келгенде тілді құртады.
Жайдарман ойнайтындарға бұны айтып жүрмін. Абай Құнанбаев: “Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат”, – деп айтады. Қазақта Абайдан артық данышпан бар ма? “Күле білу – өмір, күлдіре білу – өнер, күлкі болу – өлім”, – деп белгілі сатирик жазушы, этнограф Сейіт Кенжеахметов айтқандай, жайдарманның балалары күлкінің осы мағынасын түсінсе деймін.
– “Tik Тok”-та қаптаған әзілкештер мен театр сахнасында жүрген әзілкештердің айырмашылығы қандай?
– Театр мен “Tik Тok”-ты мүлдем салыстыруға болмайды. “Tik Тok” – ойы таяз, тағылымы жоқ көрермендердің ермегі. Театрдың деңгейі жоғары екенін өзің де жақсы білесің. Оны түсіндірудің қажеті жоқ.
– Әзіл-сықақ театрының әртістері драмалық қойылымда берілген рөлдерді сомдай ала ма?
– Драма – өте қиын жанр. Басқалар үшін мен жауап бере алмаймын. Өз басым драма ойнай алмаймын. Ойна деп ұсынған рөлдерді алмадым. Өйткені, драма менің табиғатыма жат нәрсе. Бір драманы ойнадым. Оның аяғында өзім жылап жібере жаздадым. Жүрегіме қонбайды екен.
Ал Жүсіп ағаң – драма әртісі. Керемет ойнайды. Сахнада бастан-аяқ жалғыз өзі моноспектакльде сүйекші болды. Алғаш рет трагедия жанрында рөл сомдады. “Сүйекші” трагедиясының авторы, жазушы Дулат Исабековтің өзі қорықты. Бірақ көргеннен кейін риза болып кетті.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.