Облыс орталығының тұрғыны Ғалия Амантайқызы – он саусағынан өнер тамған шеберлердің бірі. Жерлесіміз тігіншілікке құштар. Ол – көз сүйсіндірер бірсыпыра жұмыстың авторы. Бір қызығы, зейнеткер бұл жұмыспен өзгелер сияқты бала күнінен айналыспапты. Қолына ине мен жіп алғанына 10 жылдай болған.
– Әжем мен шешем шебер болды. Енем де іс тікті. Солардан көрдім. Бір күні ұлым жаңа тігін машинасын әперді, осылай тігіншілікке бет бұрдым, – дейді Ғалия Амантайқызы.
“Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер” дегендей, Ғалия Амантайқызы дәстүрлі жолды жалғастырды. Қазір жерлесіміз маңызды шараға дайындалып жатыр. Құрақшы қыркүйек айында елордада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысады. Онда көпшілік назарына бірнеше туындысын ұсынады.
Жалпы әлемдік додаға өңірімізден 9 құрақшы барады екен. Олар меймандардың назарына өздері тіккен бұйымдарын ұсынбақ.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.