Облыста екі аптадан кейін орақ науқаны басталады. Қазіргі уақытта өңірдегі астық қабылдау кәсіпорындары тексерістен өтіп, бидайды қабылдауға әзірленіп жатыр.
Биылғы науқанда жауын-шашынға байланысты дән кептіргіштерге сұраныс жоғары болуы мүмкін. Десек те мамандардың айтуынша, облыс бойынша астық қабылдау орындары жеткілікті. Сыйымдылығы 3,2 млн. тонна болатын 46 элеватор бар. Сондай-ақ соңғы жылдары шаруашылықтар жеке бидай кептіргіштерін салып жатыр. Осындай құрылымдарды қоса есептегенде қазіргі уақытта өңір 6,9 млн. тонна астықты кептіріп, сақтай алады.
“Облыс бойынша астық кептіргіштердің саны 332-ге жетті, сағатына 10,6 мың тоннаны өңдей алады. Жалпы бір астық кептіргіштің орташа өнімділігі – сағатына 32 тонна. Қазіргі уақытта облыстың астық қабылдау кәсіпорындары дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Техникалық базаны дайындау ескі жабдықтарды жөндеу жүргізіледі. Автомобиль және темір жол таразылары, зертханалық жабдықтар тексеріледі, қойма және элеваторды тазарту және кеміргіштерге қарсы химиялық өңдеу жүргізіледі, жаңа өнім үшін кейбір кәсіпорындар өткен жылғы астықтан қойманы босатып жатыр”, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз хатшысы Нина Усенко.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта астық қабылдау кәсіпорындарының орташа есеппен 80-85 пайызы даяр. Егін орағы басталғанға дейін, яғни 10-15 тамызда барлық элеваторлар бидайды қабылдауға дайын болады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.