“Өткенсіз бүгін, бүгінсіз болашақ жоқ”, – деген сөздің тереңінде салмақты мән-мағына жатыр. Қазақ халқы ерте заманнан бабалар рухына тағзым етуді парыз-міндет санаған. Ата-баба рухына тағзым ету мақсатында Оразбай батырдың 275 жылдық мерейтойына және оның ұрпақтарының осы жерге қоныстанғанына 90 жыл толуына орай Ақжар ауданының Май ауылында ас беріліп, батырдың басына белгі қойды.
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, Оразбай бабамыз қазақтың үш жүзінің басын қосқан Абылай ханмен үзеңгілес болған. Сілеті өзенінің бойында жоңғардың батырымен 16 жасында жекпе-жекке шығып, ойсырата жеңген. Осы ерлігі үшін халық арасында Оразбай батыр атанған. Елі мен жерін қорғаған Оразбай тілі мірдің оғындай сөзге шешен адам екен. Шамамен 17 ғасырдың ортасынан бастап 1932 жылға дейін Құлатай Қыпшақтан тараған Оразбай батырдың ұрпақтары Сілеті өңірін (Көкбекті, Айна, Қараөткел, Тік сай, Алдаберген бекетін) мекендеген. Сол жерде оның ұлдары Мырзағұл, Бабай, Барақ, Мит, Торай, Бөрібай, Төлеген, Өзікелді, Жанторы жерленген.
Баба рухын ұлықтау – ұрпақ парызы. Батыр бабамыздың артына өшпес із қалдыруы бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан тау тұлғалы батырдың есімін жаңғырту міндет. Оның ерлік істерін, өнегелі өмірін насихаттау үшін тарихи деректерге баса көңіл бөлінуде. Тарихшылардың мәліметі бойынша Құлатай Қыпшақтан тараған Оразбай батыр ұрпақтарының мекендеген жерлері және олардың Жоңғар шапқыншылығы кезінде түрлі шайқастарға қатысқандары туралы нақты деректер бар. Бүгінде бұл бағытта батырдың ұрпақтары мен Қазақстан, Ресей елдерінің тарихшылары бірқатар зерттеулер жүргізуде. Ал 1932 жылы аштық кезінде көктемде Оразбай батырдың 9 ұлынан тараған ұрпақтары қазіргі Уәлиханов ауданына қарасты Қайрат ауылынан Омбыдағы Бәкізе ауылына көшіп барған. Сол жерде екі жылдай тұрған. Бәкізе деген кісі Оразбайдың ағасы Есдәулеттің немересі болған. Бәкізе атамыз 1869 жылы туған. Беделді адам болған, сауда-саттықпен айналысқан. Контрреволюциялық үгіт жүргізді деген күдікпен 1937 жылы 1 қарашада ату жазасына кесілген.
Кеңес үкіметінің бай мен кулактарды жою идеологиясы қарқынды жүріп жатқан кезде 1934 жылы күзге қарай Оразбай батырдың 9 ұлынан тараған ұрпақтары Бәкізе ауылынан Найзатомар көлінің маңына қоныстанған. Сол жерде Найзатомар (Коминтерн) ауылын құрған, шамамен 90-ға жуық үй болған. Кейін 60-70 жылдары Найзатомардың тұрғындары қазіргі Май ауылының іргетасын қалауға ықпал еткен.
Міне, батырдан тараған бүгінгі ұрпақтары қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту, бабалар рухын ұлықтау, жастарды бірлікке шақырып, әруақтарға тағзым ету мақсатында құран оқып, ас берді. Сондай-ақ Уәлиханов ауданына қарасты Қайрат ауылының маңында белгі тас орнатты.
Ашық аспан астында 10 шақты киіз үй тігіліп, Май ауылында ағайынның басы қосылды. Қазақстанның әр өңірінен, соның ішінде Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Ресейдің Нижневартовск, Омбы, Түмен облыстарынан, көрші ауылдардан келген қонақтарды ауыл азаматтары құшақ жая қарсы алды. Жерін, елін сағынған ағайын, ұзақ жыл көріспеген ауылдастар, сыныптастар, дос-жарандар қауышып, мәре-сәре болды.
Тойға жиналған халық қошқар көтеру, жілік ұру, қазақ күресі, аударыспақ, сонымен қатар тай, құнан, ат жарысы секілді қазақтың ұлттық ойындарын тамашалады. Жалпы дүбірлі тойға 600-ге жуық адам жиналды. Айтулы жиында Астана, Көкшетау, Қызылжар қалаларының спорт саңлақтары боз кілемде белдессе, әр жерден келген шабандоздар өз сәйгүліктерімен бақ сынасты. Бәйге мен қазақ күресінен жеңімпаз атанған жүлдегерлерге жылқы берілді. Екінші, үшінші орын алған жүлдегерлер де ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жалпы үстіміздегі жылдың басынан бері Оразбай батырдың 275 жылдық мерейтойына орай аудан көлемінде бірқатар шаралар өткенін баса айтқан жөн. Мәселен, Уәлиханов және Ақжар аудандарында мектеп оқушылары арасында Оразбай батыр туралы ашық сабақтар, Ақжар ауданының орталығында оқушылар арасында қазақтың ұлттық ойындары – тоғызқұмалақ, асық ату және бес асықтан ашық турнир өтті. Сондай-ақ Талшық ауылында “Тарихтан тағылым – өткенге тағзым” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Қасымжан ТӘШМЕТОВ,
Қуантай МӘЖИТОВ,
Нұрлан КӘРІМОВ,
Оразбай батырдың ұрпақтары.