«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жақсылық жасап жарысайық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде “Мектепке жол” жалпы республикалық акциясы “Жақсылық жаса” ұранымен бастау алды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанованың қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында өткен жиында айтылды.

Әлеуметтік осал топтар мен аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан оқушылар­ға материалдық көмек көрсету­ге бағытталған шара аясында бюджет қаржысы мен демеуші­лердің есебінен көмек көрсеті­леді. Соның негізінде киім, аяқ киім, оқу құралдарын сатып алу үшін ата-аналардың есеп шот­та­рына күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде ақша ауда­рылады. Өткен жылы акция аясында 15 мыңнан астам оқу­шыға 404,8 миллион теңге со­масында көмек көрсетілгенін айту қажет. Соның ішінде 9560 оқушы бюджет қаржысы есебі­нен, 5676 оқушы демеушілер тарапынан көмек алды. Бұл орайда “Мәмбетов және К” ко­мандиттік серіктестігі, “Петро­павл арақ зауыты”, “АЗКО”, “Буденное СК”, “Раисовское”, “Астық Привольный”, “Западное СК, “ES GLOBAL AGRO”, “Тахтаброд”, “Адани Агро”, “Азия-Таранғұл” сынды бірқатар жауапкершілігі шектеулі серіктес­тіктер мен “Визигина”, “Кантемир-Агро”, “Заградовское”, “Прометей-Агро”, “Бромот С.В.” жеке кәсіпкерліктері материалдық қолдау білдірген.

– Биыл облыста халықтың әлеуметтік осал топтарынан 10879 бала бір реттік жәрдем­ақы алуға үміткер. Жоспарланып отырған төлем сомасы 472,2 миллион теңгені құрайды. Биылдан бастап білім беру ұйымдарының оқушылары мен тәрбиеленушілеріне материалдық және қаржылай көмек мемлекеттік қызмет түрі ретінде көрсетілмекші. Әлеуметтік осал топ пен аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балаларға жаңа оқу жылы қар­саңында жәрдемақы төлеу қарастырылған. 43407 теңге мөлшерінде бірреттік жәрдемақы алу үшін ата-аналар тиісті құжаттарды тапсыруы қажет, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын, жан басына шаққанда табысы күнкөріс деңгейінен төмен, төтенше жағдай салдарынан шұғыл жәр­демді қажет ететін отбасылар мен жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала­ларға, қамқоршылық кеңестің ұйғарымымен материалдық-тұрмыстық жағдайы төмен аза­маттардың өзге де санаттары үшін жәрдемақы төлеу қарастырылған. Ол үшін өтініш жа­зып, өзге де құжаттарды тапсыру қажет.

Үстіміздегі жылы өңірдегі су тасқынына байланысты материалдық және қаржылай көмекті қажет ететін оқушылар санының артқанын да айтып өту керек. Білім басқармасының басшысы жаңа оқу жылының басталуына бір ай қалғанын, сондықтан сұрақтар туындаған жағдайда ата-аналар балалары білім алатын мектепке жүгіне алатынын жеткізді. Баспасөз мәслихатында өңір тұрғындарын ақпа­раттық қолдау мақсатында білім бөлімдерінде шұғыл желі іске қосылғаны, үстіміздегі оқу жылында 30 мыңға жуық бастауыш сынып оқушысы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілетіні айтылды.

Баспасөз конференциясында Петропавл қалалық білім бөлімінің басшысы Динара Рақышева да сөз алды. Оның айтуынша, облыс орталығында тұратын оқушыларға мектепке дайындалуға көмек көрсету бойынша жүйелі жұмыс жүр­гізілуде.

– Өздеріңізге белгілі биыл Петропавл қаласында су тасқыны орын алды. Мониторинг барысында біздің ведомствоға қарасты қаладағы оқу орындарында білім алып жатқан 1340 оқушы су тасқынынан зардап шекті. Бүгінде 599 оқушының ата-анасы бірреттік жәрдемақы алуға құжат тапсырды, – дей келе “Мектепке жол” акциясы аясында әлеу­меттік осал топтар санаты мен аз қамтылған отбасылардағы балаларға көмек көрсету үшін қайырымды жандарды игі істен құр қалмауға шақырды. Көмек көрсетуге ниет білдіргендер Петропавл қалалық білім бөліміне немесе тік­елей мектепке жүгінуге бол­атыны айтылды.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp