Өңірде желшешекпен ауыру бәсеңдеді. Өткен жарты жылда 725 адам ауырса, былтыр осы уақытта 2244 сырқат тіркелген.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, желшешек – инфекциялық ауру. Көбіне балалар сырқаттанады, инфекцияның қайталануы өте сирек кездеседі.
Ал ересектер желшешекті жұқтырған жағдайда ол әлдеқайда ауыр өтеді, дене қызуы көтеріліп, бас ауырады, жүйке жүйесі бұзылуы мүмкін. Асқынған жағдайда ішкі органдар мен мидың зақымдануына – пневмония, энцефалит, гепатитке әкелуі мүмкін, кейде соңы өліммен де аяқталатын жағдайлар болады.
“Ауру басталғанда сырқаттың дене қызуы 37,50 градустан 390 градусқа дейін күрт көтеріледі, басы ауырады. Желшешекке тән белгілері – денеге бөртпе шығып, оның қышуы.
Желшешектің қызылша, қызамық, скарлатина бөртпелерінен айырмашылығы, ол денеде ғана емес, бас терісінде де пайда болады. Дене температурасы әдетте 3-5 күнде қалыпқа келеді, ал бөртпедегі қотыр 7-14 күннен кейін түседі. Науқас бөртпе шыққаннан кейін 10 күн өтісімен сауыға бастайды”, – дейді Арман Күшбасов.
Инфекция ауру адамнан ауа арқылы жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде таралады. Сондықтан науқас пен сау адамдар арасындағы байланысты шектеу өте маңызды.
“Желшешекпен ауырған науқас теріге бөртпе шығардан 20-24 сағат бұрын және соңғы везикула-бөртпе пайда болғаннан кейін 5 күн бойы ауру жұқтыруы мүмкін. Инкубациялық кезең 21 күнге дейін созылады.
Егер отбасында біреу ауырып қалса, міндетті түрде дәрігер шақыру керек. Асқынуға жол бермей, ем алған жөн. Ал алдын алу үшін науқаспен байланысты шектеп, оған жеке ыдыс-аяқ, төсек-орын, гигиеналық керек-жарақ бөлу керек. Киімдері мен төсек-орындарын бөлек жуып, үй тазалап және желдетіп отыру қажет”, – дейді Арман Күшбасов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.