Мемлекеттік қызмет жүйесінде кадр қызметі – персоналмен жұмысты ұйымдастыруға жауапты дербес құрылымдық бөлімше.
Кадр қызметінің басты міндеті корпоративтік мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік органда қолайлы әлеуметтік-психологиялық еңбек ахуалын дамыту болып табылады.
“Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) туралы үлгілік ережені бекіту туралы” Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 21 қазандағы №15 бұйрығына сәйкес кадр қызметі мынадай функцияларды орындайды:
– мемлекеттік органның персоналды басқару стратегиясын әзірлеу және іске асыру;
– мемлекеттік органның кадрларға, оның ішінде мамандықтар мен біліктіліктерге қажеттілігін талдау және жоспарлау;
– мемлекеттік органның кадр құрамын қалыптастыру және конкурстық іріктеуді ұйымдастыру;
– мемлекеттік орган кадрларының мониторингіне және кадрлық, оның ішінде мемлекеттік қызмет персоналы бойынша бірыңғай автоматтандырылған деректер базасында (ақпараттық жүйеде) іс жүргізуге жауапты;
– мемлекеттік органда кәсіби бейімделу мен тәлімгерлікті ұйымдастыру;
– мемлекеттік орган кадрларының кәсіби дамуын, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерді тағылымдамадан өткізуді, даярлауды, қайта даярлауды, біліктілігін арттыруды ұйымдастыруды қамтамасыз ету;
– кадр мәселелері жөніндегі конкурстық, тәртіптік, аттестаттау және өзге де комиссиялардың қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
– мемлекеттік қызметке кіру, мемлекеттік қызметті өткеру және тоқтату, қызметтік тергеп-тексеру, аттестаттау және оқыту рәсімдерінің сақталуын қамтамасыз ету;
– кадрларды іріктеуді ұйымдастыру, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметті өткеруіне байланысты құжаттарды ресімдеу, мемлекеттік қызметшілердің дербес деректерін есепке алуды жүзеге асыру, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметіне бағалау жүргізуді ұйымдастыру.
Мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігі персоналды басқару жүйесінің тиімділігіне, олардың кадрлық құрамының сапасына, мемлекеттік сектордың әрбір қызметкерінің еңбек тиімділігі мен кәсібилігіне, оның өзгерістерге, күрделі басқару міндеттерін шешу қабілетіне байланысты.
Әлия БЕЙСЕНОВА,
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік және жекешелендіру департаментінің құқықтық және кадрлық жұмыс бөлімінің басшысы.