«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кітап әлеміндегі жолсерік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кітапхана дегенде біздің көз алдымызға оқырманға сұраған кітабын ұсынып қана отыратын кітапханашы елестейді. Алайда осынау құнды байлықтың оқырмандарының қолына жетуі үшін кітапханашының біраз тер төгетінін бірі білсе, бірі білмейді. Отыз жылдан астам ғұмырын кітапхана ісіне арнаған Шал ақын ауданындағы орталық кітапханада кітап өңдеу және жоспарлау бөлімінің меңгерушісі Тана Сақтановамен ауданға барған іссапарымызда танысқан едік.

Кітапхана қызметкері осы жылдар бойы мемлекеттік тапсырыспен келген жаңа кітаптарды жанр бойынша бөліп, сандық мөрін басып, аудан бойынша 27 ауылдық кітапханаларға жөнелтумен айналысып келеді.

Кейіпкеріміз 1985 жылы Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде (бұрынғы Көкшетау кітапхана техникумы) кітапхана ісі мамандығы бойынша білім алып, Шал ақын ауданындағы орталық кітапханаға бөлім қызметкері болып орналасады. Жұмыс істеп жүріп, оқуын Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетте жалғастырады. Кейін кітапхана ісі мамандығы бойынша жоғары білімді маман бөлім меңгерушісі лауазымына тағайындалған. Осы мамандықты игеруге кітапқа деген құштарлығы себепші болған.

– Бір сыныпта оқыған 120 оқушының ішінде мен ғана кітапхана ісі мамандығын таңдаппын. Кітап оқуға деген қызығушылығымды әдебиеттен сабақ берген ұстазымыз Қағида Базарбаева оятқан еді. Ол сабақ үстінде ақын-жазушылардың шығармаларын талдағанда, барлық дүниені ұмыттыратын.

Күндіз үйдің шаруасынан босамаймыз, сосын кітапты жастанып оқитын кездеріміз болатын. Тұрмыс құрғаннан кейін кітапқа деген қызығушылығым жұбайыма да әсер етпей қоймады. Ауданға аты берілген Шал ақынның 20 шақты өлеңін жаттап алды. Бірде ауданымызға “Білім және мәдениет” арнасынан түсірілім тобы келіп, Шал ақынның өлеңдерін жатқа айтатын адамды іздепті. Ауылдың адамдары такси жүргізушісі болып жүрген жұбайымды айтқан екен. Түсірілім тобы таксиде жүрген жерінен іздеп тауып, Шал ақынның өлеңдерін оқытқызды, – деп күледі ол.

Кітапхана жұмысы – көзге көрінбегенімен, біліммен қатар қол еңбегін де талап ететін шаруа. Кітапханашылар кітап тасу, көтеру секілді жұмыстарды қоса атқарады. Бұған қоса оқырманға керекті кітаптарды талдап, ұсыну – кітапханашының басты міндеттерінің бірі. Сондықтан мұндағы мамандар жан-жақты, ақпаратты талдай алатын қабілетке ие, білікті де білімді болуы тиіс. Оқырманның сұранысын қанағаттандыру үшін кітапхана қызметкерінен әр жаңа кітапты тез оқып, мазмұнын жатқа білу сұралады. Яғни саясаттан да, әдебиеттен де, өнерден де хабары болуы тиіс.

“Қазіргі кітапхана жүйелері заманға сай автоматтандырылған. Біз де 2007 жылы мемлекеттік автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйеге қосылдық. Бұл бағдарламаға жаңадан келген әрбір кітаптың тарихын енгізіп, оқырманның сұрағанын авторы бойынша іздеп, тауып береміз. Бұл өте ыңғайлы. Дегенмен ақпарат тез дамыған қазіргі заманда бұл жүйенің заманға сай бес модульден тұратын жаңа нұсқасы іске қосылды. Алдағы уақытта осындай жаңа нұсқасына қолымыз жетсе деген тілегіміз бар”, – дейді Тана Сақтанова.

“Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана”, – деп Әбіш Кекілбаев бекер айтпаса керек. Өйткені бұл киелі орыннан оқырман өзіне сарқылмас байлық, рухани мұра алатыны сөзсіз. Әрбір кейіпкердің өмір жолы – бір тарих. Сол тарихтан сыр шерте отырып, өзің де кейіпкерлермен бірге қуанасың, бірге қайғырасың. Әрбір оқиға оқырманды тәрбиелейді.

– Кітапхана ісіне келгеніме ешқашан өкінген емеспін. Керісінше, осынау қазынаның ортасында отырып, қалаған кітабымды оқитын бала күнгі арманым орындалғанына ризамын. Интернет дамыған қазіргі заманда жастарымыздың санасы әлеуметтік желілер арқылы түрлі қажетсіз ақпараттармен уланып жатқаны менің жаныма қатты батады. Кітапхана – мектеп, ата-ана секілді тәрбие құралы, барлық жастар кітапқа ден қойып, ақпаратты ұялы телефоннан емес, кітаптан іздесе екен, – дейді Тана Сактанова.

Көпжылдық тарихы бар аудандық орталық кітапхана қанша уақыт өтсе де оқырманымен ынтымақтастықты жоймай, кітап әлеміне жолсерік болып келеді. Тарихы тереңде жатқан кітапхана мен ондағы тәжірибесі мол, білікті қызметкерлеріне сәттілік тіледік.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp