Кәсіпкер Фарит Муфтяхетдиновтің мақсаты – ауылда қалып, елді мекеннің дамуына үлес қосу. Іскер азамат – Жамбыл ауданының тумасы, Пресновкада туып-өскен. Аудан орталығында бизнес түрі баршылық, бірақ сұранысқа ие бағыт – көлік жөндеу орталығы аз екен. Осыны ескерген Фарит Муфтяхетдинов 3 жыл бұрын ашқан кәсіпкерлік нысанын “Ауыл аманаты” бағдарламасының арқасында кеңейтіп алған. Бұл мақсатқа 8 млн. теңге жұмсаған.
– Көлік жөндейтін орталықтың жанынан бейінді дүкен аштым. Онда темір тұлпардың түр-түріне арналған құрал-сайман сатылады. Алысқа барудың қажеті жоқ, сынған көлікке қажет жабдықты осы жерден табасыз. Бұл клиент үшін өте ыңғайлы. Әрі уақытын үнемдейді, әрі жұмыстың сапасына оң әсер етеді. Мұндай орталық ауданда жоқ. Жұмысшылардың барлығы – темір тұлпардың қыр-сырын таныған азаматтар. Қажет құрал-сайманды негізінен шет мемлекеттерден тапсырыспен алдыртамыз. Өзімізден де келеді. Мемлекеттен алған қарызды бір жылдың ішінде қайтардым, – дейді кәсіпкер.
Мұнда көлікті жөндеуге, жууға болады, майын да ауыстырып береді. Нысанның кеңеюімен жұмысшы саны да артыпты. Қазір білікті 8 маман еңбек етіп жатыр. Орталық ыңғайлы жерде орналасқан. Қызметтеріне сұраныс мол.
Бұл жердің тұрақты тұтынушылары көп. Еламан Қазыбаев көлігіне қажет заттарды қаладан емес, осы жерден алады екен. Сапалы, бағасы да көңілге қонымды.
– Бүгін көлігіме май алдым. Дүкеннің тұрақты тұтынушысымын. Түгел заттарды осы жерден аламын. Көлікке қажет заттардың барлығы бар. Бағасы да тиімді, – дейді ауыл тұрғыны.
Жалпы Жамбыл ауданында “Ауыл аманаты” жобасы аясында 11 адам өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Оның үшеуі – Пресновка ауылының тұрғыны. Іскер азаматтар қаржыны көбінесе мал шаруашылығына бағыттаған.
Игілік РАХМЕТ.
Жамбыл ауданы.