Әр елдің мақтан тұтар батырлары бар. Себебі қорғаушысыз мемлекет жоқ. Батылдық, отансүйгіштік, достық – нағыз жігітке тән қасиеттер. Адам батыр болып дүниеге келмейді, қалыптасады. Балалық шақтан отаншылдыққа, елді, жерді құрметтеуге баулу керек. Яғни ата-аналар атамекенді қорғайтын нағыз ер-азаматты тәрбиелеуі тиіс. Дана халқымыздың “Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі”, “Ер барда – ел қор болмас” деген нақыл сөздері осының айғағы. Менің ойымша, батырдың бойында болуы тиіс ең басты қасиет – бұл отаншылдық. Туған жерге, өз халқына, ұлтқа деген сүйіспеншілігі бар адам үшеуінің біріне де қиянат жасамайды.
Елімізде осындай батыр болуға лайықты сарбаздарды даярлайтын оқу орындары бар. Қазақстан Республикасының әскери құрылымы әскери басқару органдарын, Қарулы Күштердiң түрлерiн, арнайы әскерлердi, тыл, әскери оқу орындары мен ғылыми мекемелердi қамтиды. Соғыс уақытында құрамына қорғаныс министрлігіне қарайтын әскер түрлерiнен басқа Ішкi iстер министрлігінiң iшкi әскерлерi, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң шекара қызметi және басқа да әскерлерi, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан академиясы, азаматтық және аумақтық қорғанысты басқару мен құру органдары кiредi.
Әскери-патриоттық тәрбие – мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және ұйымдардың жастардың бойында жоғары патриоттық түйсікті – Отанына шын берілу, өзінің азаматтық парызын орындауға дайын болуға бағытталған көп жоспарлы, жүйелі, мақсатты іс-әрекет. Әскери-патриоттық тәрбиенің мақсаты – жастардың бойында азаматтық патриоттылықты дамыту. Олардың сана-сезімінде патриоттық құндылықтарды, көз-қарасты негізге ала отырып, Қазақстанның мәдениеті және тарихына кез келген жағдайда құрметпен қарау түсінігін қалыптастыру маңызды.
Петропавл қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы жас курсанттарды тәрбиелеуде түрлі бағытта жұмыс істейді. Отан туралы білімін тереңдетіп, қоғамдық-саяси көзқарасын кеңейтуге атсалысады. Жігерлі болуға, жауынгерге қажет тәртіптің маңыздылығын түсінуге, батыл шешім қабылдай білуге, ауыртпалықты жеңіп шығуға талаптануға, психологиялық және дене даярлығын шыңдауға, керекті істі орындауға даярлыққа басымдық берілген. Әскери-патриоттық шараларды ұйымдастыруда ұжым алдында жауапкершілікті сезінуге, өзіне және жолдастарына талап қоя алуға, бір-біріне көмек жасаудың маңызын, тапсырылған істі аяқтауға тәрбиелеу де маңызды бағыттардың бірі. Отансүйгіштік сезім жасөспірімдерде ерлікке ұмтылыс, жеңуге құмарлық, өз-өзіне талап қойғыштық, қатарластары арасында ұжымда өз орнын табу, олардың сеніміне ие болу, өзіне жоғары талап қойып, ұжымның талабына бағыну зор әлеуметтік белсенділік қалыптастырып, дамытады. Академия білім берудің жаңа стандартына көшті. Оқу-тәрбие үрдісі мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар талаптарына сәйкес ұйымдастырылған және мамандықтардың, курсанттардың жеке оқу жоспарлары негізінде жүзеге асырылады. Оқыту үрдісінің бір бөлігі курсанттарды тәрбиелеу болып табылады. Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жеке құрамды Қазақстан Республикасының заңдарын және Ата Заңын құрметтеуге, әскери тәртіпті ұстануға, әскери ұжымда бірлікте болуға, қойылған міндеттерді моральдік және психологиялық дайындықта орындай білуге, оқу-тәрбиелік үдерісті жетілдіруге бағытталған. Академия курсанттарын тәрбиелеу оқытудың барлық кезеңінде тәрбиелеудің кешенді жоспарының негізінде оқу үрдісімен тығыз байланыста жүзеге асырылады. Қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, ұлттық идеяны ұстану, мемлекетті, қоғам мен жеке тұлғаларды қылмыс және басқа да құқық бұзушылық әрекеттерден сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындауға дайын болуы негіз болып табылады. Негізгі күш бірнеше міндеттерді шешуге бағытталған. Мәселен, біліктілік талаптарына сай, жоғары адамгершілік және әскери-кәсіби қасиеттерге ие офицерлерді даярлау; білім беру заңнамасына оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыратын нормативті және құқықтық актілерді тарту; ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау, Беларусь, Ресей, Қазақстанның (келісімшарт негізінде) жоғары әскери оқу орындарында басқару және профессорлық-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру және қайта даярлау (келісімшарт негізінде). Сонымен қатар институттың білім беру қызметі мен Ұлттық ұлан мүддесінде ғылыми зерттеулер жүргізу, қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, әскери тәртіпті нығайту, әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету, материалдық-техникалық база нысандарын жабдықтау және салу көзделген.
Ұлттық ұланға қажетті жоғары адамгершілік, отансүйгіштік қасиеттерге ие, қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға даяр, жоғары білікті, бәсекеге қабілетті офицерлерді даярлауда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы іс жүзінде еліміздің беделді әскери оқу орындарының бірі.
Жанбатыр Сартаев,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан және Ресей Әскери ғылымдар академиясының академигі.