«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Теріскей туризмінің түйткілдері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Саф ауа, орман-тоғайымен ерекше біздің өңірдің сұлу табиғатына тамсанбайтын адам кемде-кем. Өңіріміздің өзге аудандарын айтпағанда, Айыртау – туризмді дамытуға өте қолайлы жер. Қойнауы қазынаға толы құнарлы да шұрайлы өлкенің әр тасын түртсең, тарих сөйлейді. Арқа алабындағы өрісті өнердің алтын діңгегі болған Айыртаудай сұлу өлке отандық, шетелдік туристердің аңсарын аударатыны айдан анық. Облыстың басты туристік орталығы болып саналатын ауданда бұл саланың әлеуеті қандай екенін саралап көрдік.

Әлем елдері ту­ризмді табыс көзіне айналды­рып, экономика­лық ахуалын арт­тырып отыр. Осы саланың арқа­сында күнін кө­ріп отырған мемле­кеттер көп. Ел­дің дамуы, халықтың әл-ауқаты­ның жақсаруы туризмге байла­нысты. Біз де жергілікті жерде туризмді дамытуға қолайлы жағ­дай жаса­сақ, аудан, облыс қана емес, тұ­тас республика қызығын көрер еді. Жалпы Айыртауда Бо­тай қо­нысы, Ш.Уәлиханов тари­хи-эт­нографиялық мұражайы, Айға­ным қонысы, Қарасай мен Ағынтай батырлардың мемо­риал­дық кешені, Жанатай батыр кесенесі мен “Солнечный ВИП” емдік-сауықтыру кешені сынды тарихи-мәдени орындардан бас­қа, “Имантау-Шалқар”, “Изум­руд­ное”, “Адель”, “Имантау”, “Тұр­пан”, “Арман” сынды көптеген де­ма­лыс орындары бар.

Өткен жылы Айыртау ауда­нын­да 500 миллион теңгеге бес демалыс орны қайта қалпына кел­тірілсе, биыл 1,8 миллиард теңгеге бірқатар демалыс кешендерін жаңғырту жұмыстары жоспарлануда. Үстіміздегі жылы Белое көлінің жағасында “Заря” орталығы жұмыс істей бастады. Сондай-ақ Имантау көлі жаға­сында “Дом у озера” демалыс ор­талығы кеңейтілді. Аталмыш ауданда 44 туристік нысан бір мезетте 3 мыңнан астам адамға қызмет көрсетуде. Бірақ әлеуеті зор ауданда туристердің санын әлі де арттыру қажет. Табиғат­тың сұлулығын тамашалау өз ал­дына, Шалқар сынды көлдің ем­дік қасиетін де туристік мақсатта пайдалану артық болмас. Тұзды, минералға бай Шал­қар көлі суының құрамы Қара те­ңіздікі­мен пара-пар. Оңтүстік жа­ға­лауы шипалы балшықтан тұ­ра­ды. Табиғи ресурстарға ие Иман­тау-Шалқар курорттық ай­мағы республикалық маңызы бар ту­ристік орындардың онды­ғына кі­ретінін ауыз толтырып ай­туға бо­лады.

2023 жылы Айыр­тау ауданы­ның көрікті жерле­рінде демалуға 95 мыңнан астам адам келді. Биыл 65 мың турист демалса, жыл соңына дейін олар­дың қата­ры әлі де арта түс­пек. Тағы бір айта кетерлігі Айыр­тауда қысқы туризм де оң жолға қойылған. Мұн­да қысы-жазы келушілерді қабылдайтын 9 дема­лыс кешені бар.

Қазір елімізде туризмді да­мы­туға қолайлы жағдайлар жа­са­луда. Қазақстан биыл туризм­ді дамыту бойынша халықара­лық рейтингте 52-ші орында (119 мемлекет бойынша) тұр. 2023 жылы 9,2 миллион ше­телдік турист келсе, 9,6 миллион отанда­сы­мыз ел ішінде демал­ды. Өт­кен жылы туристік сала­дан бюд­жетке 450 миллиард теңге салық түскен. Бұл салаға жұмсалатын инвестициялық қар­жы көлемі де жыл сайын ұл­ғаю­да. Аудандық әкімдіктің ақпаратына сәйкес, соңғы бес жылда Айыртауда ту­ризм сала­сын дамытуға 3 млрд. 750 млн. теңге көлемінде инвес­ти­ция тар­тылды. Десе де атқа­ры­луы тиіс шаруа әлі шаш етек­тен. Ең бас­тысы, алдымызда өңір­ге қайтсек туристерді көптеп тарта аламыз деген мәселе тұр. Шетелдік аза­маттарды елге тар­ту үшін Қазақ­стан туризмін тиімді және нәти­желі тәсілдермен на­си­хаттаудың маңызы ерекше.

Туристерді өңірге көптеп тар­ту үшін, алдымен тарихи-мәдени орындар мен киелі жерлердің, ку­рорттық нысандардың инфрақұ­рылымын жақсарту кезек күттір­мейтін мәселе екені айтпаса да белгілі. Бұл орайда алқалы жиынның бірінде Айыртау ауда­нының әкімі Ерболат Бекшенов тарихи-мәдени орындарға қол­жетімділікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымдық жобаларға қатысты пікір білдірген болатын. Оның айтуынша, Ш.Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық музей мен Айғаным қоны­сына апаратын автожол құрылысы аяқталуға таяп қалды. Ботай қонысына апаратын жолдың екі учаскесін қайта қалпына келтіру жоспарлануда. Өткен жылы Иман­тау-Шалқар курорттық айма­ғын дамытудың кешенді жос­парын жүзеге асыру барысында 1,4 миллиард теңгеге 39 шақы­рымнан астам үш автомобиль жолы жөнделді. Айыртаудағы бірқатар курорттық нысандар “Көкшетау” мемлекет­тік ұлттық табиғи паркінің аумағында орна­ласқанын айтып өт­кен жөн. Сон­дықтан “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи пар­кінің бас жос­парына түзетулер енгізу нәтиже­сінде облыстық тө­тенше жағдай­лар департаментіне қарасты Шалқар, Имантау көлд­ерінде құт­қару стансасын салуға, телекоммуникациялық байланыс мұна­расын орнатуға 6 жер учаскесі бөлінді.

– Үстіміздегі жылдың ақпан айында “Көкшетау” ұлттық паркі мен Айыртау ауданының әкімді­гімен аталмыш парктің аума­ғында автомобиль жолдарын салу мен электр желісін тарту бойынша келісімшарт жасалды. Шалқар көлінің жағалауындағы “Арман”, “Тұрпан” сынды дема­лыс кешендері мен “Олимпиец” балалар сауықтыру орталығына апаратын жолдарды орташа жөндеуден өткізу жоспарланған. Жұмыстың бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін сметалық құжаттар­ды әзірлеуге облыстық бюджет­тен қаржы бөлінді. Шілде айы­ның соңында жауапты мердігер анықталады. Жұмыстың екінші кезеңінде “Черная лагуна”, “Бас­тау”, “Горняк” демалыс орында­ры мен “Заря” балалар сауықтыру орталығына апаратын 10 шақырымнан астам 5 автокөлік жолы жөнделетін болады, – деді Айыртау аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Аманбек Махметов.

Туристік нысандардың өкілдерімен сөйлескенімізде, көбін осы жол мәселесі мазалайты­нын айтты. Жолды реттемей, жағдай түзел­мей­ді. Мәселен, де­малушыларға “Бастау” туристік ба­засына қатынау азаппен тең. Қауіпті бұры­лыстарда көліктерін қиратқан­дар да жоқ емес.

– Біз 2015 жылы ашылдық. Оған дейін бұл жерде түк те болмады. Алаңқайдағы қамысты орып, біраз еңбек етуге тура кел­ді. Қазір демалыс кешенінде 100 орынға арналған 30 шағын үй бар. Жаз маусымында ке­луші­лер көп. Бір үйді жалға алу құны 20-25 мың теңге. Бұрын адамдар “Арман” демалыс орталығына апаратын жолмен қатынайтын еді, қазір ол жабық. Сондықтан төменге түскенде қауіпті бұры­лыстардан өту қиын, – деді “Бас­тау” демалыс орталығының әкім­шісі Роза Акишева.

Ауданда жолдан бөлек, басқа да қордаланған мәселелер бар. Мұнда туристік базалар ғана емес, балаларды сауықтыру ор­талықтары да жұмыс істейді. Аталмыш орталықтарды ұялы байланыс жүйесімен, судан құт­қару стансасымен, арнайы дайын­дықтан өткен кәсіби ма­мандармен қамтамасыз ету – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Мысалы, “Чайка” сауықтыру ор­талығында ұялы байланыс жоқ, тек стационар телефон ғана істейді. “Ақбұлақ” демалыс кеше­нінде де байланыс жүйесі реттел­меген.

– Он жылдан астам қызмет көр­сетіп келе жатқан кешенде 10 үйден бөлек, киіз үй, монша бар. Сумен қамтылған. Бірақ жолды жөндеу қажет. Жол, байланыс болмаған соң келушілердің қа­тары сирек. Ал мұнымен туризмді қайтіп дамытамыз? Шалқар ауылы тұсында орналасқан демалыс орталығына жаз маусымында 100 шақты адам ғана келеді, – деді “Ақбұлақ” демалыс орталығының директоры Олег Ефремов.

Туристерді көптеп тарту үшін сұлу табиғат көрінісі жеткіліксіз. Ең алдымен сервистік қызмет сапасы да жоғары деңгейде бол­ғаны жөн. Өкінішке қарай, кейбір демалыс орындарында қызмет сапасы сын көтермейді. Сервис ту­ралы сөз қозғағанда, баға саясатын да айтпай кету мүмкін емес. Бүгінде аудандағы дема­лыс орындарында қызмет көрсету бағасы әртүрлі. Мысалы, кей­бір туристік базада жатын орын кісі басына орта есеппен 2,5-5 мың теңге болса, 20 адамға арналған коттеджді жалға алу құны тәулігіне 100-150 мың теңге. “Изумрудное” сынды кешендер­де баға сәл қымбат. Айтуларын­ша, көрсетілетін қызмет те сапа­ға сай. Әрбір турист ақша төле­ген соң, жайлы жағдайда демал­ғанды қалайды. Кейде сапа мен баға сәйкес келмей қалатынын да жоққа шығармаймыз. “Қа­зан­шының өз еркі, қайдан құлақ шығарса”, – дегендей жергілікті би­лік жекеменшік туристік база­лар­дағы бағаны реттеуге қауқар­сыз. Бірақ туризмді дамытуды ойла­сақ, бағаны бақылауда ұс­тау ар­тық болмас.

Мамандардың айтуынша, ту­ризмді дамыту үшін бірқатар ке­шенді шараларды жүзеге асыру маңызды. Демалыс орындарын туристік немесе экологиялық по­лиция қызметкерлерімен қамтамасыз ету қажет. Өйткені адам­дар мен қоршаған ортаның қауіпсіздігі басты орында. “Апат ай­тып келмейді” демекші, кез кел­ген адам оқыс оқиғаға тап болуы мүмкін. Көлдің басында кө­мек қолын созатын дәрігер та­был­ма­са қиын. Ол үшін де­малыс база­лары кәсіби маман­дармен, қа­жетті құралдармен қам­тамасыз етілген мобильді медициналық кешенмен жабдық­талса жақсы болар еді.

Жасыратыны жоқ, жағалау аймақтарында шашылған күл-қоқысты жиі көзіміз шалады. Әл­бетте бұл – демалушылардың немқұрайлылығы. Десе де ту­ристік базаларда санитарлық та­лаптар қатаң сақталса игі. Орталықтандырылған қоқыс шығару қызметі ретке келсе дейсің. Айта берсең, реттейтін шаруа әлі шаш етектен. Отандық туризмнің әлеуеті осындай ұсақтүйек жұ­мыстан басталатынын ұмытпау­ға тиіспіз.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp