«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ғылымның жаққан шырағын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлкей Хақанұлы Марғұлан – археолог-тарихшы, өнертанушы және фольклоршы, қола және ерте темір дәуірі архитектуралық ескерткіштері бойынша маман, тарих ғылымдарының докторы, академик, профессор. Биыл қазақтың осындай аяулы перзентінің дүниеге келгеніне 120 жыл толып отыр.

Әлкей Марғұлан Алаш арыстарымен жақын қарым-қатынаста болғанын білеміз. Оның ғылымда биік шыңға жетуі де кешегі зиялылардың өнегесін көріп, тәлімін бойына сіңіргендіктен шығар. Алыптардың ішінде ғалым, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовпен өте жақын болды. 1925 жылы техникумды аяқтаған соң Мұхтар Әуезовтің ақылымен Ленинградтағы Шығыс институтының әдебиет факультетіне оқуға түседі. Бір мезетте Ленинград университеті тарих-филология факультетінің дәрістерін тыңдайды.

Осы жылдары талапты жас ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызыға бастайды. Оны Қазақстанның материалдық және рухани құндылықтарының сыры өзіне тарта түседі. Ол ерте жастан қазақ халқының тарихы және мәдениеті бойынша материалдық қор жинап, орыс және шетел жазушыларының туындыларын қазақ тіліне аударуды қолға алады.

1950 жылдардың ортасынан бастап Ә.Марғұланның басшылығымен атақты қазақ ғалым-зерттеушісі Шоқан Уәлиханов туралы ақпараттар мен материалдар жинала басталды. Шоқан Уәлихановтың шығармалар жинағы құрастырылды. Ғалым 1946-1974 жылдар аралығында қазақ халқының этногенезі бойынша үйлестіруші кеңесті басқарды. ҚазКСР Ғылым академиясының этнография, археология және тарих институтының ғылыми кеңесіне, докторлық диссертацияларды қорғау бойынша арнайы мамандандырылған кеңеске басшылық етті. Атақты Орталық Қазақстан бойынша археологиялық экспедицияны ұйымдастырды.

Әлкей Марғұлан Абылай хан, Әбілхайыр хан, Кенесары мен Қасым хандар билік құрған тарихи кезеңдерді терең зерттеді. Көптомдық “Қазақ КСР тарихы” кітабын құрастыруға өз үлесін қосты. 300-ден аса ғылыми жұмыстар мен мақалалар жазды. Әлкей Марғұланның басшылығымен 50-ден астам кандидаттық және докторлық диссертация қорғалған. Ғылымдағы орасан зор еңбегі үшін ол Ленин, “Еңбек Қызыл Ту”, “Халықтар достығы” ордендері, ҚазКСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Әлкей Марғұлан қазақ ғылымының негізін қаласып, соның ішінде тарих, этнография, археология ғылымдарын біріздендірді, тарихи ескерткіштерді зерттеу бойынша ірі экспедициялар ұйымдастырды, көптеген ғылыми монографияларын жариялады. 1946 жылы оған Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі атағы берілсе, 1958 жылы толыққанды академик дәрежесін алды.

Тарихшы еліміздің археологиялық ғылымының негізін қалап, отанымыздың түкпір-түкпіріне экспедициялар ұйымдастырды, туған жерінің тарихын, археологиялық жәдігерлерін зерттеді. Оңтүстік Қазақстанның қала өркениетін зерттеуге орасан үлес қосты. Сырдария, Талас, Шу өзендері бассейніндегі ежелгі қалалар мәдениетін тапты. Әлкей Марғұланның басшылығымен Орталық Қазақстан аумағында қола және ежелгі көшпенділер дәуірі мәдениетін зерттеу бойынша археологиялық қазба жұмыстары тоқтаусыз ұйымдастырылды. Қарағанды облысында, Бетпақ дала шөліне жақын аумақтарда ерте темір дәуірі ескерткіштерін зерттеу бойынша маңызды қазбалар жүргізілді. Сол қазбаларда табылған материалдар Орталық Қазақстан аумағында ежелгі ерте темір дәуірінің өзінде-ақ өнеркәсіп дамығанын көрсетті. Сонымен қатар жетекші кәсіп – мал шаруашылығы болғаны анықталды.

Академияның ғылыми кеңесі Әлкей Марғұланның еңбектерін аса жоғары бағалады. Ғалым қазба жұмыстары арқылы қазақ даласында мал шаруашылығы, егіншілік, темір өндіру және теміршілік дамыған аймақтар болғанын дәлелдеп берді. Орталық Қазақстанның қола мәдениетінің ошағы болғанын негіздеп, Андрондық тайпалардың мекендерін анықтады. Ғылыми кеңес қазба жұмыстарын ары қарай жалғастыру маңызды деген қорытындыға келді.

Ғалым қатысқан, басшылық еткен экспедициялар кезінде тек жаңалықтар ашылып қойған жоқ. Осы сәтте табылған тарихи жәдігерлерді қолды қылмай сақтау мәселесі туындады. Әсіресе архитектуралық ескерткіштердің хәлі мүшкіл еді. ҚазКСР Ғылым академиясының президиумына жазған хатында ғалым “Тыңды көтерумен қамтылған аймақтарда ғылыми мағынаға ие тарихи-мәдени мұра ескерткіштері қиратылып, бұзылып жатқанын қазба экспедициялары көрсетіп отыр. Бұл – қола дәуірінің ескерткіштері болып табылатын тас ескерткіштер, тамаша гранит қабырғалар. Егер ескерткіштерді зерттеу жұмыстары қолға алынбаса, тарихи ескерткіштерден айырылып қаламыз…”, – деп дабыл қақты. Әлкей Марғұланның жеке мұрағатында Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ескерткіштері туралы құжаттар көп. Айшырақ, Ақсу-Аюлы, Беғазы, Бесоба, Бұғылы, Былқылдақ және тағы басқалар, некропольдар, қорғандар мен мавзолей кешендері, Алтын, Жақсы-Керегетас плотина кешені туралы сирек кездесетін мәліметтер бар.

Әлкей Марғұлан мұрағатында түркі дәуіріне жататын ескерткіштер туралы куәлік беретін құжаттар кездеседі. Ол – Ұлытау, Айбас-Дарасы, Домбағұл, Жүзбай-Күл жазықтары туралы мәліметтер және тас қамал, қорған, тұрғын мекендер құрылымдарының жоспарлары. Сондай-ақ исламға дейінгі дәуір ескерткіштері туралы да деректер бар: мавзолейлер, үйтастар, діңгектер, мазар тастары, ХVIII-ХІХ ғасырлардағы Қазақстанның архитектуралық ескерткіштері, күмбездердің жоспарлары мен кескіндері, суреттері мен фотолары.

1967 жылы Әлкей Марғұланға “Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті”, “Орталық Қазақстанның Беғазы-Дәндібай мәдениеті” атты монографиялары мен 5 томдық “Қазақ КСР ежелгі дәуірден бастап осы күнге дейінгі тарихы” атты еңбегі үшін Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы тағайындалды.

Мұрағат құжаттарында Әлкей Марғұланның 1940-1941 жылдары 10 ғылыми еңбек жазғаны айтылған. Ғалым Мәшһүр Жүсіп мұрасын, түрік эпостарын, Алишер Науаи мұрасын, қазақ әдебиетін, Ш.Уәлиханов мұрасын, Орта Азия тарихын, А.Суворов пен Ж.Жабаев өмірін зерттейді. Демек ол тек білікті тарихшы, археолог қана емес, әдебиет зерттеушісі, фольклортанушы да бола білген. 1941 жылы Қажым Жұмалиевпен бірге 8-сыныпқа арналған Қазақ әдебиеті оқулығын құрастырған. Бүгінде Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында ғалымның 1946 жылы жазылып жарық көрмеген “Сырым батыр” мақаласының қолжазбасы тұр. Бұл еңбегінде автор Сырым Датұлы басшылық еткен көтеріліске ұлтазаттық көтеріліс ретінде баға береді. Мақаланың дәл осы себептен де еш жерде басылмай қалуы ғажап емес.

Ғалымның 1950 жылы “Ежелгі Қазақстан қалалары мен құрылыс өнері тарихынан” атты кітабы жарық көрді. Ал 1955 жылы Абай және Шәкәрім тақырыбын қаузады. 1958 жылы Шоқан Уәлихановтың таңдамалы еңбектері жинағын шығарды. Әлкей Марғұлан Шоқанның қолға түскен барлық туындыларын зерделеп, барлық қара жұмысты өзі атқарды. Сол үшін халықтың алғысына бөленді.

Әлкей Марғұланды абайтану сұрақтары бойынша пікірталастарға, Абай шығармаларының шынайы түпнұсқасын тексеруге, Қазақстан археологиясы бойынша дәрістер оқуға жиі шақыратын болған. Тарихи сұрақтар бойынша конференцияларға қатысу, тарих пәні мұғалімдеріне көмек көрсету туралы ұсыныстар толассыз түсіп жатады екен. Онымен Кеңес одағының белді деген ғалымдары тарихи мәселелер бойынша ой бөлісіп отырған. Әлкей Марғұлан Ориенталистердің әлемдік конгрессінде “Орталық Қазақстанның қола дәуірі мәдениетінің жаңа ескерткіштері” тақырыбында баяндама оқыды. Антропологиялық-этнографиялық ғылымдардың VІІ және VІІІ Конгресстерінде “Қазақ киіз үйі мен оның жабдықтары”, “Қазақ халқының сәндік өнері” тақырыптарында сөз сөйлеп, қазақ мәдениеті мен тарихын халықаралық деңгейде танытты.

Алтынай СЫЗДЫҚОВА,

И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың қызметкері, “Sana” әдеби-музыкалық клубының жетекшісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp