Соңғы кезде мені бір жайт алаңдатып жүр. Біздің қоғамда бір-біріне орынды-орынсыз ақыл айту белең алып бара жатыр. Өткен жолы газет оқып отырсам, бір ақсақал қыз баланың тәртібі мынадай, әйелдің жүріс-тұрысы осындай болғаны жөн деген мақала жазыпты. Бірақ бұл ер адам айтатын сөз бе еді? Ақыл айтудың да өз жөні бар ғой. Сондағы қыз-келіншектердің бойынан ұнамағаны – жазда етектері қысқа, кеуделері ашық киім киеді.
Жалпы біздің қоғамдағы ер адамдар әйелді кінәлауға келгенде алдына жан салмайды. Ер адамдар әлеуметтік желіде де, қоғамдық орындарда да, бұқаралық ақпарат құралдарында да қазақтың қыз-келіншектері қандай болуы керек деген мәселені талқылауға құмар. Кәрісі болсын, жасы да осы тақырыптың ауылынан алыстамайды, жылдар бойы қаузап келеді. Отбасында береке жоқ па, әйел кінәлі. Өйткені шаңырақтың шырағын жағып, бірлігін жарастырып отыратын – әйел.⠀Бала бұзақы болса, ата-анасын ұятқа қалдырса, оған да әйел кінәлі. Өйткені баланың тәрбиелі болып өсуіне әйел жауапты. Күйеуі ұра ма, тағы да әйел кінәлі. Әйелдің тілі ұзын болмаса, тыныш қана отырса, күйеуі ұрмас еді. Қызды зорлап кетті ме, бұл жағдайда да бейбақтың өзі кінәлі. Қалай болса солай киініп, ер адамды өзі еліктіріп алды. Отбасы сақталмай, жұптар ажырасып жатыр ма, бұл кезде де әйел кінәлі. Осы айыптаулардың арасынан “Әй, жігіттер, біз осындай болуымыз керек!” – деген бір ер адамның өктем даусын естімеппін.
Кейде мені неге отбасылық кикілжің туғанда еркектер дереу әйелін ұруға дайын тұрады деген сұрақ жиі мазалайды. Қосылар кезде азаматтар жарын қорғауға, жоғын түгендеп, барын алдынан келтіруге ант-су ішті емес пе? Бірақ гендерлік стереотиптің санамызда тереңдегені сонша, үйде ұрыс-керіс шығып, әйел таяқ жесе, оған әйелдің өзі кінәлі деген ұстаным берік қалыптасқан.
Ал асыл дініміз исламда “Әйел – Алланың аманаты!” делінген. Исламда әйеліне қол көтеретін еркектен төмен еркек жоқ. Жалпы қоғам таяқ жеген әйелге көбіне үстірт қарайды. Жуырда жастар әлеуметтік зерттеу жүргізді. Көшеде еркек әйелін ұрып жатқан кейіп танытты. Жандарынан өткен он шақты адамның тек біреуі ғана әйелге араша түсті. Қалғанынан әйел жалынып көмек сұраса да, естімеген күйі өте шықты. Бұл – “ұрып жатса, бір кінәң бар ғой” деген түсініктің салдары. “Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды”, “Өзі бірдеңе бүлдірген ғой” дегеннен аспайтын пәлсапа орны толмас ұлттық дертке айналмасына кім кепіл?!
Кез келген отбасылық қарым-қатынас махаббаттан басталады. Әйелдердің көпшілігі үшін алғашқы шапалақ – күтпеген жағдай. Ұрып-соғу қыз бен жігіт болып қол ұстасып жүрген кезде көрініс бермейді. Ал екі жас отбасын құрып, бір шаңырақтың астында тұра бастағанда, еркек әйелге белгілі бір билік жүргізгенде барып кикілжің туындайды.
Әйелді қадағалау мен зорлық жасаудың арасында үлкен айырмашылық бар. Әйелін бақылауда ұстайтын еркектер көбіне оның төркінімен, құрбыларымен байланысын шектеуге тырысады. Қайда болдың, кіммен қыдырдың деп есеп алып отырады. Не істесе де сын айтып, мінеп отырады. Өзің жақсы көретін еркектің ұрғанына көну, оның қас-қабағына тәуелді болу – көңілге қаяу, жүрекке жара салатын жағдай.
Расында да бәріне әйел кінәлі ме? Жоқ, бұл – бір тараптың ғана көзқарасы. Жалпы саналы қоғамда жауапкершілік деген ұғым бар. Осы жауапкершілік отбасы мүшелеріне тең бөлінуі керек.
Осы ретте кейінгі буынға ақыл айтып жүрген алдыңғы толқын қыз-келіншектердің киімімен алысқаннан гөрі ер-азаматтардың жауапкершілігі жайлы көбірек айтып, жазса екен. Қазіргі уақытта әкелердің 90 пайызы бала тәрбиесіне мән бермейтіні шындық. Мектептегі жиналыстарға да аналар барады. Ал әкенің балаға берген ақылы мен тәлімін 100 мектеп бере алмайды. Өңірдің бетке ұстар ақсақалдары қоғамға әкелер институтын насихаттаса, отбасында асқар таудың қандай болуы керек екенін айтса, айтуы орынды, сөзі өтімді болар еді.
Гүлнұр КАБОШЕВА,
Әлихан Бөкейхан атындағы №25 жалпы білім беретін орта мектептің психологы.