«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРАЛАС МЕКТЕП: АНА ТІЛГЕ ҚИЯНАТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қарт басылымның көтеріп отырған мәселесі өте орынды. Сондықтан газетте жарияланған мақалаға ардагер ұстаз ретінде мен де үн қосуды жөн көрдім. Кезінде Алаштың аяулы асылдары өз өмірлеріне төнген қауіп-қатерге қарамастан ана тіліміздің сойылын соқты емес пе? Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтан бастап, қазақтың небір марғасқа ұлдары елдік мүдде жолында аянып қалған жоқ. Қазақ балаларының болашағына алаңдап, ана тілімізде кітаптар шығарып, болашақ ұрпақтың саналы болуына үлкен үлес қосты. Алайда сол асылдарымыздың аманатына бүгінде адалдық танытып отырмыз ба? Егер жас ұрпақтың келешегі үшін қам жесек, Қызылжарда қазақ мектептерінің саны әлдеқайда көп болушы еді ғой. Әрине, айтуға оңай. Қазағынан қонағы көп біздің қаламызда мемлекеттік тілдің деңгейі қандай екені айтпаса да белгілі. Десе де қандай қиындықтар болса да біз бұл күресте табандылық танытуымыз керек. Қазақ тілі қазаққа ғана керек.

Қалада білім беру ошақтары көп болып көрінгенімен, оның аз ғана бөлігі қазақ тілінде қызмет көрсетеді екен. Бұл – көңілді жабырқататын жағдай. Неге қаракөз балаларымыз өз елінде тиісті білім алмайды деген сұрақ көңілде қылаң береді. Өзге тілді мектептерге ешқандай қарсылығым жоқ. Біз демократиялы, зайырлы, көп этносты елде тұрамыз. Ұлттың жаманы жоқ. Әр этносқа құрметпен қарауға тиіспіз. Бірақ қазақ балалары өзге тілді мектептердің есігінен сығаламай, толыққанды мемлекеттік тілдегі білім ошақтарында оқуы керек деп ойлаймын. “Таяқтың екі ұшы бар” дегендей кейбір ата-аналардың балаларын қазақ мектебінде оқытқысы келмейтініне кейде күйінесің. Сондықтан ана тілге ата-аналар тарапынан қиянат жасалмауы қажет. Отбасында балаға ұлттық құндылықтар дәріптелмесе, ертеңгі күні ұрпақтың жағдайы не болмақ? Өз ана тілінде саналы тәрбие, сапалы білім алып, салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарды құрметтеп өскен бала ертең жаман болмайды.

Сұраныс болмаса, ұсыныс та жоқ. Қазақ мектебіне қоғам тарапынан сұраныс болмаған соң, әлбетте жаңадан бой көтеріп жатқан заманауи білім ошақтары орыс тілінде немесе аралас болады. Өзім ұстаз болған соң аралас мектептердің жайы маған жақсы таныс. Кезінде заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің өзі аралас мектептерге қарсы болып, газеттерде бірнеше мақаласы жарияланды. Сол себепті ата-аналар балаларын қазақ тілінде оқытуға мүдделі болғаны жөн. Онсыз да бүгінгі ұрпақ қазақ тіліне шорқақ. Аулада ойнап жүрген балалардың дені орысша сөйлейді. Кейде біз қайда бара жатырмыз деген ой келеді. Тіліміздің тағдыры жас құрақтай өсіп келе жатқан жеткіншектеріміздің қолында ғой. “Тәрбие – тал бесіктен” демекші облыс орталығында мектептер ғана емес, мемлекеттік тілдегі балабақшалар да көп болса игі. Біз ең алдымен тәртіпті балабақшадан бастауымыз керек.

Әсіресе ата-аналар бұл мәселеде бейжай болмауы тиіс. Биыл жаңадан ашылатын екі мектеп те аралас болатын сыңайлы. Ардагер ұстаз, тіл жанашыры ретінде осы мектептерде қаракөз балаларымыз ана тілінде білім алса деген тілек бар.

Қымбат ИСМАНОВА,

ардагер ұстаз, Петропавл қаласының құрметті азаматы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp