Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жерлесіміз, білім беру саласының ардагері Ғабит Қоңырбаевтың “Есіме алсам, ойыма салам” атты кітабының тұсаукесері өтті.
Шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, журналистер, автордың достары, туған-туысқандары қатысты. Алғашқы болып кітаптың жарық көруіне себепкер болған, оған өз үлесін қосқан кітаптың редакторы, заң ғылымының докторы Қайыртай Шигиров сөз сөйледі.
Кітаптың таспасын жерлесіміз белгілі документалды кино-саласының ардагері, мәдениет ардагері Орал Жүнісов пен Мұхтар Сүндетов кесті.
Ғабит Қоңырбаев Шал ақын ауданында дүниеге келген. Аянбай еңбек етіп, өңірдің дамуына өз үлесін қосқан азаматтың білері де көп. Автор өзінің өмір жолында көрген-білгенін естелік етіп жазып, осы кітапқа жинақтаған.
Жинақта кешегі еңбек адамдарының өмірі, шаруашылықтардың дамуы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты туралы баяндалған. Мұндағы оқиғалардың кейіпкерлері де – қарапайым адамдар. Автор мұғалім, механизатор, жұмысшылардың қоғамдағы орнын ерекшелеп көрсетеді. Мұның бәрі кітапта біржақты баяндалмайды. Ғабит Қоңырбаев өзінің ойға түйгенін қосып, сол кездегі оқиғаларға баға беріп отырады.
Кешке қатысқан қонақтар Ғабит Жұқаұлы туралы жылы лебіздерін білдіріп, естеліктерімен бөлісті.
Зәмзәгүл СПАРТАКҚЫЗЫ,
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.