«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мұхаммедәлі ИСПАНОВ: “АГРОНОМ МЕН СПОРТШЫ БАСҚАРҒАН МӘДЕНИЕТ ОҢБАЙДЫ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Мұхаммедәлі Нұрманұлы, театр сахнасынан кетіп, қазір қалалық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі қызметінде жүрсіз. Өнер адамы ретінде іздегеніңізді таптыңыз ба?

– Көркемдік жетекші – аса бір үлкен қызмет емес. Бірақ өнерпаздардың сахнаға не алып шығатынын жоспарлау, болатын концерттің сценарийін құру, айтатын әндерді таңдау сияқты көзге көріне бермесе де, үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыстары көп. Мәдениет үйі мынаны берді, ананы алдым деп сөзді көбейтпей-ақ қояйын. Осы салада оқып, кәсіптік білім алғандықтан дамуына сүбелі үлес қосып, жұмыс істеуге міндеттімін.

– 2000 жылы Сәбеңнің аты берілген театрда еңбек жолыңызды бастадыңыз. Одан 17 жыл қызмет етіп, кейін кеттіңіз. Театрды жарты жолда қалдыру – руханиятқа жасалған қастандық емес пе?

– Өзіме де қиянат жасадым. Әке-шешемнің ақ батасын алып, осы жолды таңдаған едім. Кейде ата-анамның үмітін ақтай алмағандай сезінемін. 1998 жылы қолыма диплом алып, 2000 жылға дейін Ғ.Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істегенмін. Сол уақытта солтүстікке аттанған жас мамандардың бірі ретінде мәдениетке қызмет ету мақсатында келіп қалдым. 2017 жылы жұмыс орнымды ауыстырдым. Іште қынжылыс бар. Кеткеніме өкінетінімді де жасырмаймын.

Сананы тұрмыс билейді. Өнерпаздың еңсесін тұрмыстық жағдай түсіреді. Жалғыз менің басымдағы жағдай емес. Руханиятта жүрген жандардың барлығына тән тіршілік түйткілі.

Күнделікті тамағың, киімің, жүріп-тұруың, айналып келгенде қалтаңды қағады. Материалдық мәселелерді желеулетіп, өнерге қиянат жасап жібердік. Өнер адамы өз жанкүйерлерінің деңгейіне түспей, өз биігіне жетелеуге тиіс еді. Алайда заман оған мүмкіндік берер емес. Сол баяғы қу дүние қолыңды матап байлап тұр. Амалдың жоқтығынан өмірдің ағынымен кеттік.

– Драмалық театрдан гөрі кинотеатрға барғанды артық көретін жерлестеріміз күн сайын көбейіп келеді. Сонда бүгінгі спектакльдер киноның тасасында қалғаны ма?

– Кино – өз алдына, театр – өз алдына дамып жатқан сала. Кинотеатрда айына кем дегенде екі туынды берілсе, театрдың жылдық жоспары бойынша үш не болмаса төрт қойылым сахналанады. Көрермендерді кінәлауға болмайды. Адам бір спектакльді 3-4 рет көрмейді ғой. Түсінбеген күннің өзінде де екі рет барады. Оның үстіне киноның сеанстары жұмысбасты адамдарға қолайлы.

Бір жарым сағатқа күйбең тірліктің қамытынан арылып, ойнап-күлуге кино ыңғайлы. Ойын басқа арнаға бұрып, уақыт өткізеді. Себебі ой салатын кинолар жоқтың қасы. Ал өзінің өзгергенін қалағандар театрға барады. Спектакль – адамның жан дүниесін рухани байытатын туынды. Сондықтан оны көңіл көзімен тамашалауға тиіспіз.

Айтпақшы, қазіргі кинода боқ-ауыз сөздердің көп пайдаланылатыны адамның санасын уламай қоймайды. Неше түрлі сөз экраннан төгіліп жатыр. Бір туындыда бірнеше тіл қолданылады. Онсыз да шала бүлінген қоғамды одан сайын желпіндіріп жатырмыз. Қазіргі продакшндарға “қой дейтін қожа, әй дейтін әже жоқ”. Киноны өз ақшасына түсірген соң мемлекетке бағынбайды. Редактураны өздеріне ыңғайлы етіп жасатады. Нарық заманында ақшасы барлардың дәурені жүріп тұр. Енді оны жарыққа шығарған командалар да, көретіндер де ұятсыз. Оған жол беріп, мәдениетті қалталының ырқына жығып берген руханияттағы өзіміз де ұятсызбыз. Осының кесірінен мәдениетіміз кенжелеп қалды.

Ал театрлар мемлекеттік болған соң өз редактурасы міндетті түрде болады. Ол жерде бейпіл сөзді сахнаға шығартпайды. Барлығы мәдени тұрғыдан қарастырылады. Ел есінде қалмайтын спектакльдер де болады. Себебі тапсырыспен жазылған дүние ешқашан көрерменін таппайды.

– Соңғы жылдары Қызылжарда эстрада әншілерінің концерттерін ұйымдастырып жүрсіз. Өнерпаздың жұлдызы халықтың арқасында жанады. Бірақ естелік деп суретке түскісі келгендерді кеудеден итеріп, сұхбат алуға ниеттенген тілшілерден қашқақтайтын әншілер бар. Бірақ елдің ортасына шыққан, олар халықпен араласудан неге үркеді?

– Коммерциялық концерт болғандықтан өнерпаз кешін өткізеді, көрермендері билет алады. Әнші қаласа тілшілерге сұхбат береді, қаламаса ол да – өз еркі, құқығы. Тыңдармандармен суретке түсу жайлы айтар болсақ, көрермен ретінде мәдениетіміз төмен екенін мойындайық. Бұл – бұған дейін қоғамда талай мәрте талқыланған тақырып. Әнші сахнада ән айтып тұрғанда көрермендер суретке түспек ниетпен сахнаға көтеріліп, өнер иесіне кедергі жасайды.

– Өнер адамдары – ел алдында жүрген жандар. Олар салмақты ой, салиқалы сөз айтудың орнына ішкен-жегендерін, қыдырған жерлерін, алған затын сүйіншілеп көрсетуден әрі аса алмай жүр. Бұл ненің белгісі?

– Не алғаныңды, қайда жүргеніңді айту, көрсету – әлемдік трендке айналған “Іnstagram” деген әлеуметтік желінің салдары. Әу баста тамақты салуға ғана арналған желі ғой. Өнер адамдары соны өзіне ыңғайлы қылып, саяхаттап жүргенін, кіммен отырғанын, өз талантын көрсетті. Сосын қуанышын сүйіншілейтін желіге айналды. Бір сөзбен айтқанда мақтаншақтардың алаңына айналғандай.

Ал телеарналар рейтинг қуып кетті. Руханият ауылынан алыс адамдардың өздеріне тұрақты көрермен қылғысы келген телеарналар арзан дүниелердің фабрикасына айналғанын ешкім де жоққа шығармас.

– Жаңа саяси мәдениет қалыптастырмай, жасампаз құндылықтар негізінде қоғамдық этиканы жаңартпай, әділетті қоғам құру мүмкін емес. Біз соны қалыптастыра алдық па?

– Біздің қазақ – мақтанды шексіз сүйетін халық. Мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Кез келген дүние секілді мақтаудың да шегі болады. Әділетті қоғамды адамның ішкі түйсігі, сана-сезімі қалыптастыратынын мәдениетте жүрген өзіміз әлі түсінбей жүрміз.

Басқа сала жайлы кесімді пікір айта алмаймын, бірақ руханияттағы даму бағытымыз әлі анықталған жоқ. Дәл қазіргі таңда қуғанға да, қашқанға да серікпіз. Турасын айтқанда саяси мәдениеттен алыстап кеттік. Саяси мәдениетті ұлттық әндеріміз, салт-дәстүріміз бен болмысымызды ұлықтағанда ғана қалыптастыра аламыз.

“Рухани жаңғыру” бағдарламасы ұлттық болмысымызды қалыптастыруда таптырмас мүмкіндік болды. Бір өкініштісі, байыбына бара алмадық, мақсаты айқындалмады. Руханиятта жүрген аға-әпкелерімнің көбінен көңілім қалды. Кез келген іс-шараны “Рухани жаңғыру” бағдарламасына тыққылай бердік. Дина Әділ есімді қарындасымыздың фейсбуктегі “Мемлекеттік медиа жоба дегеніміз – 1 минуттық ролик түсіру үшін 10 бет концепция жазып, 15 адамды бекіту; 1 күн жұмыс істеп, оған 10 күн отчет жазу; жазылған 10 постқа 100 беттік шығармашылық есеп жазу”, – деген жазбасын оқып, іштей риза болдым. Шынында да жұмыстар құр сөзбен атқарылып, үлкен, аясы кең жоба көзбояушылықтың құрбаны болды.

Өз маманы емес, агроном, экономист, одан қалды спорт маманы басқарған мәдениет ешқашанда оңбайды. Мән-мағынасыз атқарылып жатқан жұмыстарды көріп, қарның ашады, мамандығыңның қадірі қашады. Саяси мәдениет – ұлттық идеологияның негізі. Басшының қай саладан келгені аса маңызды емес те шығар. Тізгінді қолға алған соң қол астындағы басқарманың қызметін төрінде отырып емес, асханасында жүріп зерттеуге тиіс. Солардың кесірінен руханиятта жүрген азаматтар бағаланбайды. Мәдениет төрт аяғын тең баспайынша оның дамуы жайлы сөз айтудың өзі артық.

Осы жерде бір мысал келтіре кетейін. Қарттар күніне арналған концертте айтылатын әндер тізімін жауапты мамандардың біріне көрсеткенде ақын Тұманбай Молдағалиев пен композитор Теміржан Базарбаевтың “Қаздар қайтқанда” әнінің атауын оқып, “Что гуси умерли?”, – деген сұрақты да естіді мына құлақ. Басында әзілдеп отырған болар деп мән бермедік. Кейін бұл ән жайлы шынында да білмейтінін естіп, күйініп кете жаздадық. Құрғақшылық болған бір жазда тасаттық беру мақсатында Ислам мәдениеті музейіне әкелген Пайғамбардың шашын көруге шақырды. Қоңырау шалған қарындасымыздан не үшін жинап жатқанын сұрағанымда сәл іркіліп: “Чтобы дождь вызывать”, – деп телефонды қоя салды. Балет туралы баспасөз релизін жасатып, Петр Ильич Чайковскийдің “Щелкунчигіне” кімдердің қатысатынын көрсеткенде, тексеріп отырған адам “Бұлар сөйлемей ме?” деп қанымды қарайтқаны бар. Дайындық үстінде төрайым келіп “Тренеровкаларың қалай?” деп сұрағанда, зығырданым қайнап: “Тренеровка спорт залда, біз репетиция жүргізіп жатырмыз!” – дегенім бар. Мәдениет саласын түсінбейтін осындай адамдар мәдениетті қалай дамытады?

– Қазір әлеуметтік нысандардан гөрі мешіт пен мейрамхана жиі салынады. Бұл біздің қоғамның қандай екенін аңғартып тұрғандай ма?

– Бұның барлығы – бизнестің көзі. Мешіт салған азаматтардың ниеті қабыл болсын, бірақ шоқымай қарға, оқымай молда болып ақыл айтқыштар да көп. Дін – былай тартсаң езуіңді, былай тартсаң тіліңді кесетін пышақтың жүзі. Істің анық-қамына бара бермейтініміз осы жерде де байқалады. Мешіт салған адамның туысын, танысын, я болмаса өз руының азаматын имам етіп тағайындауы дінге көлеңке түсірмей қоймайды.

Мейрамханаға келсек, ешкімнің де кәсібіне тіл тигізуге құқымыз жоқ. Алайда Қызылжарға мейрамханадан бұрын мемлекеттік тілдегі балабақша мен мектеп қажет. Шымкентте “Нұрсәт” шағынауданында орналасқан мейрамхана карантин кезінде мектепке айналды. Сарай иесі Есбол Қамбаров есімді азамат мейрамхананы мектеп үлгісімен қайта жабдықтап, оқушылардың игілігіне берді. Осындай азаматтардан үлгі алуымыз керек.

– Ашық әңгімеңіз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp