Айыртау ауданының Арықбалық ауылында “Meat ecology products” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал бордақылау цехын ашты.
Бауыржан Баймурзин басқаратын серіктестіктің бизнес жобасы ауыл тұрғындары мен жергілікті атқарушы билік тарапынан қолдау тапқанын айтып өту қажет.
– Бұл – барлық талаптарға сай ашылған аудандағы алғашқы мал бордақылау цехы. Ауданда шаруа қожалықтары көп болса да барлығында осындай цех ашуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан бұл бизнес табысты болатынына сенім зор, – деген аудан әкімі Ерболат Бекшенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын қарқынды дамытып, ел экономикасының драйверіне айналдыру керектігі, бүгінде шаруаларға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатқаны айтылғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, ауылда ашылған заманауи мал сою цехының маңызы өте зор.
Кәсіпкер цехты қажетті құралдармен жабдықтаған. Мұнда мал сою алаңы, өнімді сақтайтын мұздатқыш камералар бар. Қазіргі таңда “Meat ecology products” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің цехында алты адам жұмыспен қамтылған.
– Кәсіпорынның тәулігіне 60 бас ірі қараны союға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар бір тәулікте 3 тонна өнімді салқындататын мұздатқыш камера сатып алдық. Цехта ірі қараны сою, етті жіліктеу мен салқындату үрдісі үш кезеңнен тұрады. Дайын өнімді Астана қаласындағы бірқатар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне өткіземіз. Өйткені біздің етке ол жақта сұраныс жоғары, – деді кәсіпкер Бауыржан Құрманбайұлы.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.