Облыстың мамандандырылған табиғатты қорғау прокуратурасы броконьерді жауапкершіліктен заңсыз босату фактісін анықтады. Өңір тұрғыны сібір елігін атып алып, мемлекетке 1,2 млн. теңге шығын келтірген.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, броконьер 2022 жылы қолға түсіп, қылмыстық қудалау органы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Оның нәтижесі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамын таппай, сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған.
Жануарлар әлеміне залал келтірілгенімен, қылмыстық қудалау органы оны өтеу және заң бойынша броконьерді жазалау жөніндегі шараларды 2 жыл ішінде қабылдамаған.
“Прокуратура заңсыз тоқтатылған сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қайта бастап, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының 9-бөлігі негізінде кінәлі адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша уәкілетті орган 1,2 млн. теңге сомасында жануарлар әлеміне келтірілген залалды өтеу туралы талап-арызбен сотқа жүгінді”, − делінген облыстық прокуратура таратқан ақпаратта.
12 шілдеде аудандық сот залалды толық көлемде өтеу туралы талапты қанағаттандырды. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.