Елімізде ендігі жылы ұлттық ауыл-шаруашылығы санағын өткізу жоспарланған. Әдістемені тексеру мақсатында биыл тамыз айында қанатқақты жоба іске қосылады. Облыста санақ Қызылжар ауданының Бескөл, Айыртау ауданының Сырымбет ауылында және Петропавл қаласында жүргізіледі.
Облыс орталығында 500-ге жуық жеке үй мен саяжай учаскесі іріктеліп алынды. Сауалнама барысында тұрғындар мал басының, ауыл шаруашылығына байланысты әртүрлі құрылыстар, техникалар сонымен қатар егіс алқабындағы дақылдар жайлы мәлімет беруі тиіс. Оны құжат түрінде растау қажет емес.
– 2024 жылғы 20 тамыздан 30 қыркүйекке дейін барлық заңды тұлғалар, шаруа (фермер) қожалықтары және жеке секторда тұратын немесе саяжайлары бар үй шаруашылықтары онлайн режимде sanaq.gov.kz web-порталы арқылы сұрақтарға өз бетінше жауап бере алады. 2024 жылғы 20 тамыздан 3 қыркүйекке дейін интервьюерлер жеке қосалқы шаруашылықтар мен саяжайларды аралап шығады, – деді Ұлттық статистика бюросы облыстық департаменті басшысының орынбасары Марал Нұржауыпова.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.