Өңірімізде “Қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру орталығы” ашылды. Оның мақсаты – теріскейге қоныс аударғысы келетін жандарға кеңес беріп, көші-қон үдерісін түсіндіру. Осылайша солтүстікке көшіп келуге ниеттенгендер аталған орталықтың өкілдеріне хабарласып, қажетті ақпаратты біле алады. Орталықтың төрағасы Әнуар Тоқпанның айтуынша, “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы шеңберінде мемлекет елдің оңтүстік өңірлері тұрғындарының солтүстікке ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдеседі.
– Теріскейге Шымкент және Түркістан аймақтарынан адамдар көп келеді. Қандастар біздің облыстан басқа Ұлытау, Павлодар және Қостанай өңірлеріне бара алады. Биылғы жылы ең көп квота бізге бөлінді. Солтүстік аймақтарға көшкен кезде мемлекеттің қолдауын, материалдық көмекпен бірге қызметтік немесе жалға берілетін тұрғын үй, білім алуға, жұмысқа орналасуға және өз кәсібін ашуға мүмкіндік жасалады. Қай жерге көшіп баруға болатынын, қандай жұмыс бар екенін білгісі келгендер біздің орталыққа хабарласа алады, – дейді Әнуар Тоқпан.
Орталық қызметкерлері жүгінген адамға 6 ай бойы көмек көрсетеді. Ұжымда барлығы 7 адам бар. Білікті мамандар жақында ғана Шымкент қаласына барыпты. Шырайлы шаһар тұрғындарымен тілдесіп, солтүстікке көшуге ниетті жандарға бар жағдай жасалғанын айтқан. Қоныс аударған отбасылардың әр мүшесіне шығындарын өтеу үшін 260 мың теңге төленеді. Ал тұрғын үйді жалға алып жатса, оларға ай сайын 110 мың теңге беріледі.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.