Қазақстанда жатыр мойны обыры – әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар статистикасы бойынша сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. Қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында биыл жасөспірім қыздарға адам папилломасы вирусына қарсы екпе салынады.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, адам папилломасы вирусына қарсы екпе егу биыл қыркүйек айында басталады. Негізінен 11 жастағы қыздар қамтылмақ. Олар екпені ата-аналарының жазбаша келісімімен жаңа оқу жылы басталысымен тегін ала алады. Облыста барлығы 3800 қызды егу жоспарланған.
“Қазақстанда әйелдер онкологиясында сүт безі обыры бірінші орында тұрса, жатыр мойны обыры екінші орында келеді. Елімізде күн сайын осы қатерлі ісіктің 5 жаңа жағдайы тіркеледі, аурудан күніне екі әйел көз жұмады. Сондықтан әлем онкологтары қатерлі ісік тудыратын адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялауды ұсынып отыр.
Адам папилломасы вирусынан туындаған аурулар жасырын басталып, созылмалы түрде дамып, қатерлі және қатерсіз ісік тудырады. Бұл адамның ауыз қуысы мен жыныс мүшелерінің терісі мен шырышты қабығына әсер ететін өзара ұқсас вирустардың 200-ден астам түрі. Көп жағдайда бұл инфекциядан 2-3 жылдан кейін өздігінен тәуір болады және көбінесе адам байқамайды. Кейбір жағдайларда, адам папилломасы вирусының онкогендік түрлері ағзада қалып қойып, бұл әртүрлі органдардың қатерлі ісігіне әкеледі. Ең алдымен, жатыр мойны обырын тудыру қатері көп”, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.
Адам папилломасы вирусына қарсы екпе – қазақстандық әйелдерді жатыр мойны обырынан ғана емес, басқа да онкологиялық аурулардың дамуынан қорғаудың заманауи және барынша тиімді тәсілі. Оның тиімділігі 95 пайызға жуық деп бағаланып отыр.
Екпе иыққа, стандартты 0,5 мл көлемде бұлшықетке салынады. Екпеге қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда дәрігердің қарауынан кейін 6 ай аралықпен екі рет егіледі.
Адам папилломасы вирусына қарсы екпе үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған және тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген “Мерк Шарп және Доум” (АҚШ) компаниясы шығарған 4 валентті “Гардасил” вакцинасы қолданылады. Маманның айтуынша, зерттеушілер 11 жылдан астам уақыт бойы екі валентті және төрт валентті екпелермен егілген адамдарды бақылай отырып, уақыт өте келе қорғаныс деңгейінің төмендейтіні туралы ешқандай дәлел таппады. Сарапшылардың көбі екпе өмір бойы қорғауды қамтамасыз ете отырып, бірнеше онжылдықтар бойы тиімді болады деп санайды.
“Адам папилломасы вирусына қарсы екпелер 15 жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді және әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстанда жүргізіледі. АҚШ пен Австралия сияқты көптеген елдер оны жатыр мойны обырына қарсы ұлттық бағдарламаларына енгізді. Скринингтік бағдарламалармен бірге бұл елдердегі жатыр мойны обырының жиілігі мен өлімін айтарлықтай азайтуға көмектесті”, – дейді Әсет Жұматаев.
Әзірге адам папилломасы вирусына қарсы препарат өңірге жеткізілген жоқ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.