Өңірімізде су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлер өтемақы ала бастады. Облысқа республикалық бюджеттен алғашқы транш 23 шілдеде түсті. Бұл туралы шағын және орта бизнес субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынның орнын толтыруды анықтау жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин мәлім етті.
Нақты мәлімет бойынша өңірде су тасқыны салдарынан 140 кәсіпкер зардап шекті. Бұл – өңірлік комиссияға келтірілген шығынның орнын толтыруға өтініш білдірген немесе өтініш білдіруге ниетті тұлғалар. Жұмыс басталған уақыттан бері 10 отырыс өткенін айту қажет.
– Бүгінде біз 2 миллиард теңгеден астам сомаға 99 өтінішті қарадық. Соның ішінде шамамен 900 миллион теңге шығынды құрайтын 41 өтінішті мақұлдадық. Құжаттардың толық болмауына байланысты немесе агроөнеркәсіптік кешеннен түскен өтініштерге байланысты қалғандарын комиссия мақұлдамады. Оның шешімін басқа комиссия қабылдайды. Біздің облысымыз 23 шілдеде кәсіпкерлер тарапынан түскен тоғыз өтініш бойынша өтемақы төлеуге 90 миллион теңге көлемінде бірінші траншты алды. Ақша зардап шеккендердің есепшотына түсті, – деді өңірлік комиссия мүшесі, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Есжан Оразалин.
Бұл ретте, ол республикалық бюджеттен түсіп жатқан қаржы облыс тарапынан құжаттардың толық пакетін ұсынудың нәтижесінде мүмкін болып отырғанын жеткізді. Есжан Оразалиннің айтуынша, кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері өңірлік комиссияға өтініш бермеген кәсіпкерлік субъектілеріне қоңырау шалып, тиісті ұсыныстар мен түсініктемелер берді. Кәсіпкерлер өтінім беруді тездетуі керек.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.