«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Ардос Жүрек” қоғамдық бірлестігі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін облыстық тарихи-өлкетану музейіне экскурсия ұйымдастырды.

Музейде олар туған өлкенің тарихымен танысты. Қонақтардың назарына бірегей жәдігерлер мен құжаттар ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл экскурсия барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, отансүйгіштікке тәрбиелеу басты мақсат болды.

– Біз ерекше санаттағы жастар үшін кешенді шараларды жүзеге асырудамыз. Аталмыш шара аясында “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешеніне экскурсия жасадық. Осындай шараларға балалар мен олардың ата-аналары қуана қатысады. Бұл балалардың психоэмоциялық көңіл-күйін жақсартып, елжандылыққа тәрбиелеуге ықпал етеді, – деді “Ардос Жүрек” қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Сабина Искакова. Экскурсияға қатысушылардың бірі Эмма Пинигина осындай шаралардан қалмауға тырысатынын айтты.

– Музейге экскурсия жасау балалар үшін өте пайдалы. Ең алдымен олар туған өлкенің тыныс-тіршілігімен, тарихымен танысып, таным көкжиектерін кеңейтеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарды ұмытпай, барлық шаралардан қалдырмауға тырысатын жандарға ризашылығымыз шексіз. Жалпы біз экскурсияларға жиі барамыз. Бұған дейін қаладағы мұражайларда бірнеше мәрте болдық, – деді ол.

“Ардос Жүрек” қоғамдық бірлестігі жұмыс істеген 10 жылдың ішінде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында 30-дан астам жобаны жүзеге асырғанын айтып өту қажет.

Гүлжан СӘДУАҚАСОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp