Облыста биыл 62 су айдынын зерттеуге бюджеттен 19 млн. теңге бөлінді. Мақсат – тауарлық балық өсіру шаруашылығын дамыту үшін қолданыстағы көлдердің санын арттыру.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте балық шаруашылығының жай-күйі мен даму перспективалары туралы айтты.
Аймақта балық шаруашылығына жарамды 589 көл бар. Оның 315-і жалға алушыларға қолданысқа берілсе, 274-і резервте тұр. 2021 жылдан бастап мемлекет балық шаруашылығын дамытуға баса назар аударып отыр. Соның нәтижесінде өңірдегі балық өндірісінің көлемі 147 пайызға артқан. 2021 жылы 577 тонна балық өсірілсе, былтыр оның саны 1428 тоннаға жетті.
“Қазіргі уақытта балық шаруашылығы су айдындарының санын ұлғайту міндеті тұр. Биыл жергілікті бюджеттен 62 жаңа су айдынын зерттеуге 19 млн. теңге бөлінді. Мұндай жұмыс былтыр да атқарылды. 16 млн. 240 мың теңгеге 41 су айдыны тексеріліп, соның 40-ы балық шаруашылығын жүргізу үшін қолайлы деп танылды. Сондай-ақ 10-ға жуық су айдынын кәсіпшілік балық аулау түрінен балық өсіру нысанына ауыстыру жоспарланған”, – дейді Бейбіт Исманов.
Биыл облыста балық шаруашылығы өнімінің сапасын арттыру, сондай-ақ асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту мақсатында 20 млн. теңге субсидия бөлінді. Өтемақы балық түрлерінің дернәсілдерін және олардың будандарын сатып алуға беріледі. Бұдан бөлек, кәсіпкер балық шаруашылығын дамытуға инвестиция құйған жағдайда шығыстың бір бөлігі өтеледі.
“Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, біздің облыс 2030 жылға қарай балық өндірісін 10 мың тоннаға дейін жеткізуі тиіс. Қазір біздің облыста үш инвестициялық жоба бар. Солардың бірі – келер жылы қолға алынатын Қызылжар ауданында салынып жатқан “Север Монтаж Автоматика” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бекіре балығын өсіру кешені. Оның қуаты жылына 25 тонна. Мамлют ауданында 2025 жылға дейін қуаты 50 тоннаға жететін балықты өңдеу және консервілеу нысаны бой көтермек. Сондай-ақ осы ауданда “НПЦ РХ Петрофорель” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 20 тонна өнім өндіретін форель шаруашылығын ашпақ”, – дейді басқарма басшысы.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.