Энергетикалық сусынды күні бойы қуатты әрі сергек жүруді көздеген кез келген адам пайдаланады. Дегенмен де оның денсаулыққа зиян тигізетінін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сергіткіш сусындардың зияны туралы әңгімені алғаш рет 2010 жылы ақпанда сол кездегі Парламант Мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошев көтерген еді. “Энергетикалық сусындардың құрамында адам ағзасына өте қауіпті химикаттар бар. Оларды ХХ ғасырдың 60 жылдары Вьетнамда соғысқан америкалық жауынгерлердің моральдық және әскери рухын ынталандыру үшін АҚШ-тың қорғаныс министрлігі әзірлеген. Алайда осындай сусындарды тұрақты пайдаланудың салдарынан түрлі дертке шалдыққандар көбейіп кеткен. Ал тарихта болған осындай келеңсіз оқиғалардан сабақ алудың орнына, елімізде кейінгі кезде энергетикалық сусындарды құмарта ішетіндердің қарасы көбейе бастаған”, – деген мәлімдемесінен бері он жылдан астам уақыт өтті.
Сауда үйлеріне бара қалсаң, ішімдік алатындардың қатары сирегенімен энергетикалық сусын алатын замандастарымыздың қатары күннен күнге көбейіп бара жатқанын өз көзімізбен көріп жүрміз. Дүкен сөрелерінде энергетикалық сусындар самсап тұр. Қызылды-жасылды өнім көз тартпай қоймайды. Бірде өзгелерге еліктеп, біреуін алып ішкенімде, жатарда кеудеге шаншу қадалып, жүрегім дүрсілдеп, түннің бір уағына дейін дөңбекшіп, ұйықтай алмағанымды жасырып қайтейін.
– Энергетикалық сусындар бұрын ұнайтын. Ішкенде шаршағаныңды ұмыттырып жіберетін. Кейін оның алаңдаушылық, ашуланшақтық, тіпті үрей шабуылдары сияқты жағымсыз жанама әсер беретінін біліп, ішуді доғардым. Ең алдымен, энергетикалық сусындарда кофеин көп, бұл өз кезегінде жүйке ауруына, ұйқысыздыққа, жүрек проблемаларына және қан қысымының жоғарылауына, сондай-ақ тәуелділікке әкелетінін дәлелдеудің де қажеті жоқ. Құрамындағы “дәрумендер” мультидәруменді кешенді алмастыра алмайтынын бәріміз білуге тиіспіз, – дейді медицина саласының өкілі Алтынбек Ескенов.
Маман энергетикалық сусындар бас ауруы, асқазанның бұзылуы, шамадан тыс терлеу және қолдың дірілдеуін тудыратынын айтты. Мақала дайындау барысында көпшіліктің аузында жүрген “Gorilla” сусынын сатып алдық. Құрамы ұсақ жазумен жазылғандықтан анық оқи алмадық. Әйтеуір сусынның Ресейде және өзіміздің Алматы облысында өндірілетінінен хабардар болдық.
Энергетикалық сусындарды ішу жас ағзаға зиян. Баланың денсаулығын құртады, әсіресе оның жүйкесінің дамуына және психикалық белсенділігіне теріс әсер етеді. Баланың денесі ересектерге қарағанда тәуелділікке бейім. Бұны денсаулық сақтау саласының мамандары да растайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңға қол қойды. Аталмыш заңда энергетикалық сусынның жастардың ағзасына зиян келтіретінін ескере отырып, 21 жасқа дейінгілерге сатуға тыйым салынды.
– Энергетикалық сусындардың күніне тек екі құтысын ғана ішу керек дейтіндердің пікіріне қарсымын. Кофеин мен басқа да стимуляторлардың ащы дәмін жасыру үшін көп мөлшерде қант қосылатыны бесенеден белгілі. Энергетикалық сусындар Франция, Дания және Норвегияда ресми түрде рұқсат етілмеген және дәрі ретінде тек дәріханаларда сатылады, – дейді қала тұрғыны Сағдат Сағитов.
Энергетикалық сусынды такси жүргізушілері де жолда ұйықтап кетпеу үшін ішетін болған. Оны ішіп, өзінің де, жолаушының да өміріне қауіп төндіргендер аз емес. Қара жолдың бойында ажал құшқандары да бар.
Отбасылық дәрігер Айымгүл Қанашева мұндай сусындарды тұтынуды шектеуге және оларды абайлап, мөлшермен ішуге кеңес береді. Маманның сөзінше, 100 мл. сусындағы 30-50 мг. кофеин мөлшері кофенің әдеттегі порциясынан 8 есе көп. “Соңғы кездері өздерін көңілді және жігерлі сезіну үшін энергетикалық сусындарға құмарлар көбейіп кетті. Олардың басым бөлігі – жасөспірімдер мен жастар. Ішетін адамдарда жүрек, бас ауруы, тұрақсыз қан қысымы, жүйке күйзелісі, депрессия және ұйқының бұзылуы болуы мүмкін. Өйткені энергетикалық сусындарды тұтыну арқылы адамдар қысқа уақытқа қуат пен ақыл-ой белсенділігінің жоғарылауын жасанды түрде ынталандырса да, әсері бәсеңдеген соң қатты шаршап, летаргиялық күйге түседі. Мұның салдарынан дене қатты күйзеліске ұшырайды. Сондай-ақ кофеиннен басқа, энергетикалық сусындарда қанттың көп мөлшері бар. Қантты шамадан тыс тұтыну семіздікке, қант диабетіне және басқа да метаболикалық проблемаларға әкелуі ықтимал”, – дейді Айымгүл Қанашева.
Энергетикалық сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді деген тұжырым – дәлелсіз. Сусында ешқандай энергия жоқ, ол – энергия қоздырушысы. Яғни, біз өз энергия қорымызды пайдаланамыз.
– Жұмыс өнімділігі мен ақыл-ой белсенділігін арттыру үшін энергетикалық сусындарды ішудің қажеті жоқ. Саламатты өмір салтын ұстанған адамдардың жұмысы сусынсыз-ақ оң нәтиже береді, – деді аралас жекпе-жек шебері Жалғас Төртұлов..
Адам бойына қуат беретін сусындарға құмарлар денсаулыққа, тіпті өміріне қауіп төніп тұрғанын түсінсе де, білмеген сыңай танытады. Бұл – тәуелділіктің белгісі. Алайда бір күні өзі сатып алған ауруға шарқ ұрып, ем іздегенде оған дейін айтылған ескертулерді ескермегеніне өкінері анық. Сондықтан денсаулық, шынында да зор байлық екенін түсініп, саламатты өмір салтын ұстанғаннан артығы жоқ. Дені сау, тәні сергек, ақыл-ойы түзу адам шаршап-шалдықпай-ақ өнімді еңбек етеді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.