Облыста “Жасыл ел” бағдарламасына қатысушылар биыл бір ай ғана жұмыс істемек. Ниет білдірген жастарға еңбекақы төленеді және олар арнайы киім-кешекпен қамтылады. “Жасыл ел” жасағы “Таза Қазақстан” акциясына да белсенді қатыспақ.
“Жасыл ел” еңбек жасағы өңірде 1 тамыздан бастап іске кірісті. Ұйымдастырушыларға бөлінген квота – 860 орын. Жаз уақытында еңбек етіп, табыс тапқысы келетін жастардың қатары аз емес.
“Жасыл ел” бағдарламасына 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қабылданады. Оған негізінен оқушылар мен студенттер қатысып жатыр. Еңбек жасақтарының міндеті – қоршаған ортаны қоқыстан тазарту. Бұдан бөлек көгалдандырумен, ағаш тұқымын жинап, дайындаумен, ормандарды тазартумен айналысады. Сол үшін еңбекақы төленеді, арнайы киім – костюм, футболка, кепка, аяқ киіммен қамтылады. Жастар облыс бойынша саябақтарды тазартуға кірісіп кетті. “Жасыл ел” жобасына қатысушылар Жастар ресурстық орталығы және орман шаруашылықтары құрамында дүйсенбі-жұма күндері аралығында еңбек етеді. “Таза Қазақстан” акциясына да қатысады”, – дейді облыс бойынша “Болашақ” корпоративтік қор басшысының орынбасары Жанат Кәкімов.
Петропавлда “Жасыл ел” жасағы қала тұрғындары, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлермен қатар қала көшелерін, жолдардың жиегін, көпқабатты үйлердің маңайын және қоғамдық орындарды қоқыстан тазартты. Жалпы бұл жолы іс-шараға 3 мыңнан астам адам қатысты.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.