Футболдан ел біріншілігінің 16-шы турында “Қызылжар” клубы өз алаңында талдықорғандық “Жетісу” командасын қабылдады. Кездесу жергілікті аяқдопшылардың жеңісімен аяқталды.
Алаң иелері биылғы біріншілікті сәтті бастаған еді. Дегенмен кейінгі турларда жиі қателікке бой алдырып, турнир кестесінде соңғы орынның біріне түсіп қалды. Сондай-ақ “Жетісудың” да жағдайы мәз емес. Аталған команда да қарсыластарына жиі есе жіберіп қойып жүр.
Сенбі күні өткен кездесуде петропавлдық команда сапынан Сенин Себаи 82-ші, Рафаиль Оспанов 92-минутта мергендік танытса, “Жетісу” сапынан Антон Шрамченко 97-минутта пенальтиден бір гол соқты. “Қызылжар” қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде тоғызыншы орынға көтерілді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.