«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ШӘКІРТІМ СЕНІМДІ АҚТАУЫ ТИІС”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Париждегі Олимпиада ойындарында велоспорттан ел намысын жерлесіміз Алексей Луценко қорғайды. 32 жастағы спортшы жекелей сында және топтық жарыста өнер көрсетеді. Байрақты бәсеке алдында Луценконың алғашқы жаттықтырушысы, облыстық әйелдер велоспортының аға бапкері Виктор Потаповпен сұхбаттасқан едік.

– Виктор Иванович, шәкіртіңіз Алексей Луценкомен алғашқы кездесуіңіз есіңізде ме?

– Балаларды тобыма алмас бұрын олар шағын сынақтар тапсырады. Ұзындыққа секіреді, жылдамдығын байқау үшін 30-60 метрге және шыдамдылығын тексеру үшін 500-800 метрге жүгіртемін. Сосын ауылдарға, елді мекендерге өзім барып, дарынды балаларды іздеймін. Бірде осындай емтиханды Соколовка елді мекенінде өткіздім. Екі бала келді, біреуі – Алексей, екеуі де мығым, бір көргеннен ұнады. Ата-аналарымен сөйлесіп, мектептерін көндіріп, спорт интернатына 7-сыныпқа оқуға алып келдім, бірақ бірер күннен кейін екіншісі үйіне кетті, Алексей қалды. Таныстығымыз осылай басталды.

Велоспортқа икемін көргеннен кейін өзімен сөйлесіп, спорттың осы түрінен бағын сынап көруді ұсындым. Велобазаға әкеліп, қабырғада ілініп тұрған атақты спортшылардың, соның ішінде Александр Винокуров та бар, суреттерін көрсетіп, жетістіктерімен таныстырдым, баланың қызығушылығы оянып, тіл табысып кеттік.

– Алексейдің басқалардан ерекшелігі неде?

– Алексей айтқанды бірден ұғып алатын, жаттығу кезінде тапсырмаларды асықпай-саспай орындаса да, өз тобындағылардың алды болды. Оның бойында спортшыға керек ең басты қасиет бар. Ол – жеңілгенді ұнатпау.

Қарапайымдылығымен баурап алды. Алдына мақсат қоя біледі. Сосын ақылды. “Леша жарыстан келгеннен кейін сабақта 2-3 күн тыныш отырады, сосын ұғып алғаннан кейін қол көтеріп, жауап беріп, басқаларын қуып жетеді”, – деп пән мұғалімдері үнемі мақтап отыратын.

– Жеңіске жетер жолда қиындықтар да болған шығар?

– Бірінші жылы Алексей өз қатарластары арасындағы чемпионаттарда орын ала алмады. Бірақ жеңілдім деп салы суға кетпеді, мен де жаттықтырушысы ретінде оны қатты қинамадым. Шеберлігін шыңдауға, төзімділігін арттыруға тырыстық. Нәтижесінде жасөспірімдер арасында өткен жарыстарда өзін көрсете бастады. Жеті жылдан кейін “андерлер” арасында, яғни 23 жасқа дейінгі спортшылардың ішінен әлем чемпионы атанды. Әрине, мен де бұл жеңіске қатты қуандым. Көп жыл балаларды жаттықтырдым, арасында талантты спортшылар да болды, бірақ Алексей Луценко – әлем чемпионы атанған менің алғашқы шәкіртім.

Дарынды, болашағынан үміт күттіретін, жеңіске деген ынтасы зор баланы табу – әр жаттықтырушының арманы. Бірақ жақсы командасыз, қажетті материалдық жағдайсыз чемпион тәрбиелеу, оның дарынын ашу мүмкін емес.

– Алексейге қатысты есіңізде қалған қызықты оқиғамен бөлісіңізші.

– Алматыда оқу-жаттығу жиыны өтті. Біз тауда тұрдық, жаттығулар сол кезде Горький атындағы саябақта орналасқан тректе өтеді. Қала көшелерінде кептеліс, біз күнде жолға шығамыз, балалар велосипедтерімен алда, мен велосипедтерді артып алып көлікпен артта келемін. Бір кезде олардан көз жазып қалдым. Алексей әл-Фараби көшесінде алдындағы көлікті басып озбақ болған, бір кезде көліктің есігі ашылып, қатты келіп қалған ол тоқтап үлгермей, жаңағы есікке соғылған. Салдарынан саусақтарын сындырып алды. Көлігіме отырғызып, ауруханаға бардық, бізді қабылдамады, екіншісінен тағы басқасына жіберді. Сосын тым болмаса ауруды басатын екпе жасауды сұрадым. Сол жолы Алексейге риза болдым, сынған жері қатты ауырса да шыдап, көз жасын көрсетпеді, бір қыңқ етпеді.

Қазір телефонмен сөйлескенде, осындай оқиғаларды есіме салады. Ауылдан шыққан балаға бәрі қызық еді. Қарапайым отбасында өскен. Әкесі – діни қызметкер, анасы – балықшы болды. Кейде жол түсіп үйлеріне барғанда анасы ұстаған балығын көрсететін, ондай ірі балықты қармаққа түсіру ер адамдардың да қолынан келе бермейді.

– Алексеймен қаншалықты жиі хабарласып тұрасыздар?

– Мені алғашқы жаттықтырушысы ретінде ұмытпайды, барлық мерекелерде, туған күнімде телефон шалып, құттықтап тұрады. Үйленген кезде тойына да шақырды. Жақсы жаттықтырушы спортшы үшін әке орнына әке, шеше орнына шеше, керек кезінде дәрігер, тәрбиеші болып кете береді. Сондықтан барлық тәрбиеленушілеріммен байланыстамын, олар менің балам сияқты ғой. Солай болуы да керек.

– Велоспорттағы қазіргі жағдайға көңіліңіз тола ма?

– Менің пікірімше, жаттықтырушыларды ғана емес, спорт саласында жүрген басшыларды да келісімшартқа отырғызу керек деп ойлаймын. Сол кезде жақсы мотивация болады, көзқарас та түбегейлі өзгерер еді. Жұмыс істейтін, чемпион тәрбиелей алатын жаттықтырушылар бар, бірақ қаржының жеткіліксіздігінен олардың қолдары байлаулы. Жарыстарға, оқу-жаттығу жиындарына жиі шыға алмайды, қажетті керек-жарақ ескірген. Бұл велоспортқа ғана емес, спорттың барлық түріне қатысты және біздің өңірде ғана емес, Қазақстан бойынша жағдай осындай.

Велоспорт – спорттың ең қиын түрлерінің бірі, мұнда батылдық керек. Нағыз ерлерге арналған спорт дер едім. Десек те мен қазір облыстағы әйелдер велоспортына жауап беремін. Қыздардың арасында да спортқа берілген, еңбекқор, шыдамды, талантты, жеңіске ұмтылған спортшылар жетерлік.

Қазір өңір құрамасына кірген спортшыларға еңбекақы төлеуге мүмкіндігіміз бар, жалпы басқа облыстармен салыстырғанда жағдайымыз жаман емес.

– Балалар арасында велоспортқа қызығушылық қалай?

– Ия, қызығушылық бар, бірақ келген кезде қандай спорт түрін таңдағанын, оның айырмашылығын білмейді және ең бастысы жаттықтырушы ұнаса болды. Сондай-ақ бұрынғы балалармен салыстыруға келмейді, оларды қызықтыру үшін жаңаша жұмыс істеу керек. Келген балалардың бәрі бірдей чемпион болмайтыны белгілі, мақсатымыз да ол емес, ең бастысы тәрбиелеп, жақсы жол көрсету.

– Алексей Луценконың Париж Олимпиадасындағы мүмкіндігін қалай бағалайсыз, жеңістен үміт бар ма?

– Әрине. Бірақ біз жеңеміз, алтын аламыз деп сеніммен айта алмаймын, айтуға да болмайды, өйткені спортшылардың көпшілігі ырымға сенеді. Винокуров 38 жасында Олимпиада ойындарының чемпионы болды. “Бап шаба ма, бақ шаба ма” деген бар, сәттілік тілеймін. Луценко төрткүл дүние көз тіккен додаға облысымыздан қатысып жатқан екі спортшының бірі, сондықтан өңір жұртшылығы да оның тілеуін тілеп отырғанына сенімім мол.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp