Аққайыңдар өлкесінде тұратынымызды мақтан ететініміз өтірік емес. Бірақ осы сұлулықты құнттай алып жүрміз бе? Қоршаған ортаны таза ұстап, табиғатты аялауымыз керек деген қызыл сөз күнде айтылғанымен, көштің түзелер түрі жоқ. Бұл жалған айып емес, дәлелі бар деректер. Құзырлы органдар түгілі табиғатқа жанашырлықпен қарайтын әр қоғам мүшесінің көзі күнде көріп жүрген шындық.
Өткен айдың соңында облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Жаслан Сәдуевтің баспасөз мәжілісінде жасаған баяндамасында осы мәселе егжей-тегжейлі баяндалды. Экология департаменті заңсыз тұрмыстық қалдықтармен жыл он екі ай бойы күресіп келеді. Халыққа айтылып жатыр, әкімшілік шаралар да қабылдануда. Алайда қоғамның қоршаған ортаға деген қамқорлығы көңілге қаяу салып тұр. Өткен жылы облыста 274 заңсыз қоқыс орны анықталды. 2022 жылмен салыстырғанда олардың саны 42-ге өскен. Десе де, барлығы жойылды.
– Осы мәселені ұдайы назарда ұстау үшін мобильді топ құрылды. Олар 82 заңсыз қоқыс орнын анықтады. 28 әкімшілік жаза қолданылды. Оның жалпы сомасы 11 млн. теңгеден асады. Тексерулердің нәтижесі бойынша 24 заң бұзушылық анықталып, 23 ұйғарым берілді. Бүгінгі күні оның 21-і орындалды. Облыстағы экологиялық мәселелерді шешу бойынша жол картасы әзірленді. Аталмыш карта 7 бағыт бойынша 15 шараны қамтиды. Бүгінгі күнге дейін 8 жоспарланған жұмыс аяқталды. Маңызды құжатта 9 ауданда қоқыс полигондарын салу жайы жазылған. Бірақ бұл жоспар былтыр жүзеге аспады. Биыл да тиісті жұмыс басталмады. Себебі арнайы алаңдар салу қомақты қаржыны талап етеді. Яғни, бұл мәселенің шешілуіне қаржы тапшылығы қолбайлау болып тұр, – деді Жаслан Сәдуев.
Арнайы құрылған мобильдік топтар анықтаған 82 заңсыз қоқыс орнының алтауы – Петропавлда, 37-сі – Қызылжар ауданында, 14-і – Аққайың ауданында, үшеуі – Есіл ауданында, осыншасы Айыртау ауданында, 19-ы – Мамлют ауданында.
Жасыл желек, жайқалған орман, тұнық су мен жұпар ауа – түйсігі бар адамға баға жетпес байлық. Ол көздің қаршығындай сақталуы қажет. Бірінші кезекте қоғамда экологиялық мәдениет қалыптасуы керек. Өкінішке қарай, бұл ұзаққа созылатын сыңайлы. Екіншіден, жергілікті биліктің әрекет еткені маңызды. Мәселен, жоғарыда аталған 9 полигон уақытылы салынса, түйіткілді мәселенің түйіні тарқатылар еді. Өңір тұрғындарын қоршаған ортаға құрметпен қарауға шақырған экология департаменті қызметкерлерінің сөзіне құлақ асатындар табылса, “Таза Қазақстан” өзінен өзі орнары анық.
Табиғатқа аяушылық танытпайтындар жазаға тартылатыны белгілі. Былтыр өңірде 20-дан астам хаттама толтырылған. Қоқыстарды шығарумен айналысатын қоғам белсендісі, “KZ OPT” ЖШС-ның басшысы Руслан Қайырбеков табиғатқа жаны ашымайтындардың көбейгеніне қапалы. Оның айтуынша, қатты тұрмыстық қалдықтарды қалай пайдалану керектігі жайлы ақыл-кеңес балалар түгілі, ересектердің өздеріне де қажет-ақ. Сондықтан экологияға зиянын тигізетіндерге төленетін айыппұлдың көлемін арттыру қажет деген ойын айтты. Қоршаған ортаны қорғау жəне экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мəселе. Бүкіл өркениетті əлем жұртшылығы осы мəселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды. Әсіресе, мектеп оқушыларына сынып сағаттарында қоршаған ортаны аялауды үйрету керек.
– Қоқыстарды шығаратын қызметте жүргендіктен бұл саланы зерттеуге міндеттімін. Біз қоқысты жинап үлгере алмай жүргенде кейбір озық елдерде қоқыс тапшылығы пайда болып жатыр. Үш жыл бұрын Швеция қалдығы таусылғандықтан қайта өңделетін тұрмыстық қалдықты басқа елдерден импорттауға дайын екенін мәлімдегені әлі есімде. Шведтерде қоқыс тапшылығы үлкен мәселе болуы мүмкін. Олар жылу мен электр энергиясының көп бөлігін, тіпті Стокгольм қаласы энергияның 45 пайызын қалдықтардан алады. Қызылжарлықтар қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату былай тұрсын, қоқыс тастау мәдениетін меңгере алмай қойды, – дейді Руслан Қайырбеков.
“Жеңіс” саябағына барып, адам көп шоғырланған жерде эксперимент жасап көруге бел будым. Жеген тамағымның қалдығын жерге тастап, бос тұрған орындыққа жайғастым. Адамдар “мәдениетсіздік” танытқаныма “Бұның не?” деп сұраған жоқ. Тек жерде жатқан қоқысқа бір, маған бір қарап, ұнатпаған кейіп танытты. Осылай жарты сағаттай отырдым. Бір мезетте қараторы келіншек: “Табиғат аясында ішіп-жеген соң арттарын жинамайтындарды ұнатпаймын”, – деп тұрмыстық қалдықты алып, қоқыс жәшігіне апарып салды. Көктен іздегенім жерден табылғандай қуанып, қоқысты мен тастағанымды, шағын эксперимент жасағанымды айтқанымда дүрсе қоя берді. “Табиғатқа зияныңыз тие жаздады. Қаланың газдалған ауасынан қашып, кешкілікте осы саябаққа келіп отырамын. Сіздей “эксперимент” жасағыштардың кесірінен таза ауаға зар болып қалмасақ, жарар еді”, – деп ренішін айтты. Ал мен табиғатқа жаны ашитын адамдардың барына қуанып тұрдым. Қазіргі таңда кейбіреулер көзбен көрсеткенді емес, сөзбен айтқанды ғана ұғады. Қоғамдық ортаның тазалығын қызғыштай қорыған әлгі келіншектен үлгі алуымыз керек. Осындай елді таза ауадан айырмауды қалайтын жандар тұрғанда экологиялық мәселелердің оңтайлы шешілетініне иланып, жарқын болашаққа қадам жасай алады екенсің.
– Мемлекетімізге ғана емес, ғаламшарымызға қауіп төндіріп тұрған экологиялық ахуал ата-анасының тәрбиесін көрген жан баласын алаңдатпай қоймайды. Табиғатқа жаны ашымайтындардың кесірінен адамдардың денсаулығына зиян келеді. Салдарынан өмірге дені сау ұрпақ әкелу қиындап барады. Экологиялық мәселенің оң шешімін табуына әр адам, отбасы ұмтылуы керек. Қоршаған ортаның ластануына ең алдымен адамзат баласы жауапты. Табиғат – таза болса ғана жаныңа ем. Мына жұрттың бәрі осы жерде таза ауамен тыныстау үшін жүр, – дейді қала тұрғыны Жанар Балабекова.
Облыс орталығында жаңадан салынып жатқан үйлердің бірінің ауласында отырған бір топ жеткіншектің мәдениетсіздігіне қарап, саябақта тамырыма қан жүгірткен қуанышым су сепкендей басылды. Жандарында шаққан шемішкенің қабығы, бос қалған бөтелкелер мен пакеттер шашылып жатыр. Қоқыс жәшіктері әріректеу тұр екен, Оған баруға ерінгендері қоқыстарын жол-жөнекей тастап кетіпті. Борсыған тамақтың иісі дем алуға мұрсат бермейді. Шіркін-ай, мына үйдің тұрғындары ауласын таза ұстаса, өздеріне жақсы емес пе? Тазалық сақтауға немқұрайдылығымыз экологиялық мәселелердің туындауына түрткі болатынын ескермейміз. Алда-жалда шашылып жатқан қоқысқа қаңғыған иттер мен түрлі кеміргіштер жиналса, байбалам салатынымыз анық.
Бір-екі адамның отырған жерін былықтырып кететіні көңілге қаяу түсіріп, соның салдарынан қоғамның келбеті осындай ма деген алаңдаушылық болатыны рас. Бірақ қоршаған ортасына құрметпен қарайтындар алғашқылардан көп деген ой үміт үздірмейді. Осындай табиғат жанашырлары бейсенбі, сенбі күндері ұйымдастырылатын сенбіліктерге ұдайы қатысады. Солардың еңбегі өзгелерге ой салып, үлгі болуы тиіс. Тазалық акциялары қанша ұйымдастырылса да, адамың ішкі түйсігі өзгермей айналамыз полигон алаңы болып қала береді.
Швейцария, Швеция, Норвегия, Жаңа Зеландия сынды таза елдердің тізімінде Қазақстанды көргіміз келсе, қоршаған ортаны таза ұстауға тиіспіз. Өзге табиғи байлықтардан бұрын ауаның тазалығын сақтау – өте маңызды іс. Экологиялық ахуал көңіл көншітпей, экономикамызда да бәтуа болмас.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.