«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАҒЫ СПОРТ АЛАМАНЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында тұрғындарға баспана кілттері берілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Сондай-ақ өңір басшысы “Ақ бидай – 2024” ойындарының салтанатты ашылу рәсімін тамашалады.

Есіл ауданына жұмыс сапарымен барған өңір басшысы Явленка ауылындағы “Болашақ” саябағына барды. Бүгіндері саябақтағы орындықтар жаңартылып, балаларға арналған ойын алаңқайы орнатылды. Кейін облыс әкімі аудандық Мәдениет үйіне бас сұқты. Ғимарат күрделі жөндеуден кейін айтарлықтай өзгерген.

Қазіргі уақытта Есіл ауданында тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі өз шешімін табуда. Әсіресе, әлеуметтік осал топтарға үй беру жайына көп көңіл бөлініп келеді. Олардың қатарында – Ивановтар мен Шаповал отбасылары бар. Құтты қоныс иелеріне облыс әкімі баспана кілттерін табыс етті.

– Пәтер кезегін азайтудың бірден-бір жолы – тұрғын үй құрылысын дамыту. Бұл мәселе біздің жіті бақылауымызда. Бүгіндері облыс орталығында ғана емес, аудандарда да баспаналар салынып жатыр, – деді облыс әкімі.

Жергілікті тұрғындардың қуанышына ортақтасқан облыс әкімі баспаналарды аралап, қоныс иелеріне бағалы сыйлықтар табыстады.

Өңір басшысы Есіл ауданында өтіп жатқан “Ақ бидай – 2024” спартакиадасының салтанатты ашылуына да қатысты. Биыл жиырма сегізінші жыл қатарынан ұйымдастырылған спорт мерекесіне 13 ауданнан мыңнан астам адам қатысты.

– Барша спорт сүйер қауымды “Ақ бидай” ойындарының ашылуымен құттықтаймын. Жерлестеріміз ел біріншіліктеріне ғана емес, әлемдік бәскелерге де қатысуда. Бүгіндері аудандарда спорттық кешендер тұрғызылып жатыр. Бұл әрине саламатты өмір салтын ұстанатындардың қатарын арттыруға сеп болуда. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

“Ақ бидай – 2024” спартакиадасы үш күнге созылды. Жалпыкомандалық есепте жеңіс Есіл ауданының командасына бұйырса, күміс жүлдені Қызылжар ауданы жеңіп алды. Үздік үштікті Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген спортшылар түйіндеді. Жүлдегерлерге 500, 300 және 200 мың теңгелік сертификаттар табысталды. Ал спартакиада жалауы Уәлиханов ауданына табысталды, келер жылы жарыс Кішкенекөлде өтеді.

Байболат ҚҰЛТАНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp