«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Еркіндік үшін күресті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ХХ ғасырда елді оянуға, білім алуға, мәдениет пен ғылымға шақырып, тәуелсіз мемлекет атануға үндеген Алаш қайраткерлерінің арасында солтүстік өңірдің тумалары көп болғанын көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың бәрі біледі. Атап айтқанда, олардың қатарында Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Бекмұхамед Серкебаев, Абдолла Байтасұлы сынды тұлғалар бар.

Менің нағашы атам Мұхамеджан Бейсенов те белгілі ұлт зиялыларымен бірге Алаш партиясының қатарында болған. Шын аты – Мұхамеджан-Мақыш. Ол – менің анамның атасы Едігенің әкесі. Мұхамеджан Бейсенов – қоғам қайраткері, оқытушы, публицист, Алаш партиясында қызмет еткен тұлға. Мұхамеджан ата 1895 жылы Ақмола облысында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысында) дүниеге келген. Оның тегі Арғын руының ішінде Қаржас. Әулеті сол замандағы ауқатты отбасылардың бірі болған. Ол кезде қолы жеткен қазақ жастарының біразы Троицк, Уфа, Қазандағы мұсылман оқу орындарында тәлім алғаны белгілі. Бұл оқу орындары бодандықтағы тілегі бір халықтары бостандық үшін күрестің орталығы еді. Менің атамның да білім алған оқу орны – Қазандағы араб, татар, орыс тілдерін оқытқан медресе. Одан соң 1916-1919 жылдары Омбы мұғалімдер семинариясында оқыған. Осы жылдары көрнекті қайраткерлермен танысады.

Мағжан Жұмабаевпен жақын достық қарым-қатынаста болған. Бұл туралы естеліктерді Мұхамеджан атамызбен жолдас болған профессор В.К.Иванов жазып кеткен. Өз естеліктерінде В.К.Иванов былай дейді: “Во время нашей беседы с М.Бейсеновым в комнату вошел Магжан Жумабаев”. Сонымен қатар Мұхамеджан атамыз “Жас қазақ” ұйымының мүшесі де болған. Бұл ұйымда қазақтың талапты жастары бірігіп, ағартушылық бағыттағы мақсаттарын жүзеге асырған. Сәкен Сейфуллиннің жазбаларында Мұхамеджан Бейсеновтің белсенділігі жайлы жазылған тұстар бар.

“В пользу нуждающихся учеников в Омске и на содержание организации “Жас казах” мы устроили первый большой платный вечер на казахском языке. Зрители посмотрели мою пьесу “По пути счастья”, написанную накануне. Это было мое первое крупное литературное произведение.

На вечере русские и казахи теснились плечом к плечу. По просьбе зрителей концерт продолжили и на другой день. Мест в зале не хватало. Роли исполняли члены “Жас казаха” Бакен Серикпаев, Кожебай Ерденов, Омирбай Донентаев, Салик Айнабеков, Бану, Шарапат, Бейсенов и другие…”, – деп жазған.

Жазбадан Мұхамеджан Бейсенов “Жас қазақ” ұйымдастырған пьесада рөлдердің бірін ойнағанын оқып, атамыздың шығармашыл, жан-жақты тұлға болғанын білдік.

Оқуын аяқтап, туған жері Қызылжар өңіріне оралған соң, ағартушылық және қоғамдық қызметі басталды. Өлкетанушы Қайролла Мұқановтың еңбектерінде Мұхамеджан ата қазақ тілінен оқытушы болып қызмет еткені туралы ақпарат кездеседі. Сонымен бірге, Алаштың астанасы – Семей қаласында да қызмет атқарғаны туралы мәлімет бар. Жазуға икемі бар жан тұңғыш басылымдар – “Қазақ тілі” газеті, “Айқап” журналымен байланыста болған.

Мұхамеджан Бейсенов атамызға саяси айып тағылып, репрессия құрбаны болды. Сталиндік қуғын-сүргін басталған жылдары отбасымен Алматыға қоныс аударған. Жары Нағима апамызбен медреседе оқып жүрген жылдары танысқан. Тұңғышы Едіге 1927 жылы 18 тамызда дүниеге келсе, екінші ұлы Серік 1936 жылдың 27 наурызында туған. Мұхамеджан Бейсенов 1938 жылы 25 қаңтарда тұтқындалды. 20 ақпанда ату жазасына кесілді. Бүгінге дейін жерленген орны белгісіз. Алаш ардақтысының қазасынан соң, оның отбасы Қызылжарға оралады. Бейсеновтер отбасы біраз жыл қиындық көреді. “Халық жауының” отбасы саналып, үнемі бақылау мен қысымда өмір сүреді. М.Бейсеновтің еңбектерінің көбі жоғалып кеткен, тәркіленген. 1960 жылы 31 тамызда ТуркВО әскери трибуналы Мұхамеджан Бейсеновті ақтап, “сталиндік режимнің” жазықсыз құрбаны екенін мойындады.

Алаш зиялылары тәуелсіздік идеясын алға тартып, қазақ халқының біртұтастығы мен еркіндігі үшін күресті. Ол заманда бұл мақсаттарына жете алмаса да, Тәуелсіздік идеясының негізін қалады деп нық сеніммен айта аламыз.

Ділназ ЕДІГЕ,

Тайынша қаласы №3 орта мектебінің оқушысы.

СУРЕТТЕ: Мұхамеджан мен Нағима Бейсеновтер достарымен (оң жақта).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp