«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЗБІРШІЛІГІ БЕКЕМ АЛҚАТЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақжар ауданына газет пен оқырманның қарым-қатынасын нығайту мақсатында жолға шықтық. Қаз қатар тізілген аққайыңдар табиғаттың сәнін кіргізсе, көлге қонған бір топ аққу дала әнін айтып тұрғандай… Қызылжар, Аққайың, Тайынша аудандарын артқа тастап, аудан орталығы Талшыққа жақындағанда шұрық-тесік жолдар ойымызды бұзып жіберді. Алдымен сол кездегі аудан әкіміне сәлем беріп шықтық. Аудан басшысы Алқатеректің берекелі, ұйымшыл ауыл, аудан ішінде зор мәртебеге ие екенін жеткізіп, бір қауым ел тосып отырғанын ескертті.

“Біздің ауылға асыл алқадай сән беріп тұрған терек, қарағай, қайыңдар бар. Соның бәрін жинақтап, “Алқатерек” деген атау берілген. Ауылдың сұлулығын, елдің берекелілігін ешбір жерден көрген емеспін”, – деді халықпен тілдескенде ауылдың Марат Жетепов деген ақсақалы. Кеңес дәуірінде “Чистяковка” деп аталған. Ауыл маңындағы Бауырқамыс, Жалғызқарағай, Бескөл, Одырай, Көшағаш, Қамысбазы, Өтеп, Төлеңгіт, Оразалы қыстаулары бұл елді мекеннің тарихы тереңде жатқанын дәлелдей түседі. Жергілікті тұрғындар ауылдың батысында 7-8 шақырым қашықтықта орналасқан Шат өзенімен мақтанады.

“Ертеде Ескене, Есілбай атты рулас ағайындарымыз тұрыпты. Бұл ауылдың маңайында басқа да рулар қыстау-қыстау болып тұрған екен. Осыдан былайғы ел тарихы Ресейдің отарлау саясатымен тікелей байланысты. Сол уақыттарда олардың қазақтың атақоныс жерлерін үкіметтің зорлықшыл саясатымен күштеп иеленгендігі анық. Жергілікті халықтың наразылығына қарамастан, қаптап келген кірмелерге үкімет ең тәуір жерлерді ұсынып отырған. Орыстардың біздің елдің маңайында көптеп қоныстануының басы 1905 жылғы Столыпиннің аграрлық саясаты кезеңінен басталған. Мұрағат мәліметіне сүйенсек, 1905 жылы Ақмола облысы бойынша жалпы қоныс аударушылардың 54 пайызы осы төңірекке келіп орнығыпты. Осы кезде Қазақстанда жер бөлуші топтар жұмыс істеп, патша үкіметінің аграрлық саясаты бойынша қоныс аудару қозғалысы ұйымдастырылған. Сол тұста біздің елге көшіп келген орыс, украиндарды Чистяков деген жер бөлуші шенеунік ұлық алып келіп, жақсы-жақсы жерлерді бөліп беріпті. Кейін бұл елдің “Чистяков” атанып кету себебі де осыдан”, – деп осы ауылдың тумасы Жанат Оразалин “Алқатерек – қасиетті мекенім” атты кітапта жазған. 1929 жылы бір ауылдың ішінде екі ұжымшар құрылыпты. Алғашқысы – “Бірлік”, екіншісі – “Крестьянский труд”. Ұжымшарларда ол кезде қазіргідей техникалар болмаған. Ауылдың еңбекқорлары аянбай елдің дамуына тер төгіп, әрқайсысы мол үлес қоса білді. Тіпті электр жарығының өзі 1956-1957 жылы берілді. Сол жылдары партияның шаруашылықты ірілендіру саясаты жүргізіліп, маңайдағы кеңшарлардың қысқартылуына байланысты көптеген отбасы Алқатерекке көшіп келіп, ауылдың өрісі кеңейеді.

Бүгінгі ауылдың тыныс-тіршілігі бірқалыпты. 2017 жылдан бері Алқатерек ауылдық округінің әкімі болып қызмет ететін Нұрбол Әлинді әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, Ақжар ауданының оңтүстік-батыс бөлігін алып жатқан елді мекенде 140 түтін бар.

– Ауылдың жолына асфальт төселіп жатыр. Тұрғындар телефон байланысымен жүз пайыз қамтамасыз етілген. Ауылдық кітапхана, мешіт елдің игілігіне жарап тұр. Фельдшерлік-акушерлік пункт те “Жедел жәрдем” көлігімен жабдықталған. Саламатты өмір салтын ұстанған ауыл тұрғындарына арналған футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар. Ауызбіршілікті ту еткен елдің берекесі қашпайтынына сенімдімін, – деді Нұрбол Әлин.

Кез келген ауыл өз білім ордасымен ерекшеленетіні белгілі. Көптеген ауыл тұрғындары мектеп жабылған соң амалдың жоқтығынан өзге жерге қоныс аударады. Демек мектеп – ауыл өмірінің мәні. Алқатеректік азаматтардың алтын ұясы – мектеп 1975 жылы салынған.

Мектептің өнегелі шежіресін тарқатқан зейнеткер Сара Тілеубайқызының баяндауынша, мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаттығына кандидат ретінде халықпен кездескенде 464 орындық, 3 қабатты мектеп тұрғызып беруді уәде етеді және сөзінде тұрған. Салынғанына 50 жыл өтсе де Алқатерек орта мектебі ауылдың көркі болып тұр. Көрсең көзің тоймайды. Күні кеше ғана салынғандай.

– Мектепте 80 оқушы оқиды. Әр жылдары ұшқан түлектеріміз алтын ұясын естен шығарған емес. Білім ордасына ат басын бұрып, ұстаздарына сый-құрмет көрсетіп жатады. Мысалы, 2020 жылы карантин кезінде “Алқатерек-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Бағаналы Асанов жылу қазандығын істеп берді. Ата-аналар мен ұстаздардың ауызбіршілігі басқа ауылдарға да үлгі десек, қателеспеспіз. Дегенмен де 464 орынға шақталған ғимаратқа 80 бала аз. Бірақ сапалы білім алған түлектеріміз ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүр, – деді мектеп директоры Руслан Тәменов.

Ауылда Қаңлы, Мөңтік, Мәмбетәлі (Бақабас), Баймырза, Төлеңгіт, Байқошқар, Ескене аталардан тараған ұрпақтар ғұмыр кешуде. “Алқатерегіміздің өткенінен мәлімет айтқан қарияларымызға кезінде құлақ түрмегенімізге өкінетінімді жасырмаймын. Бұрын әкем ауылға ұлт қайраткері Сәкен Сейфуллиннің мейман болғанын айтып отыратынды. Оның қашан келіп-кеткенін қазбалап сұрамаппын да. Сосын көшелерге атау берерде екі-үш ақсақалдың айтқанын ескере отырып, бір көшеге Сәкен атамыздың есімін бердік”, – дейді ауылдағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайыр Әлин.

Ауыл көшелерін аралағанымызда мұндағы тазалыққа сүйсіндік. Адамның қандай екенін өз үйін күтіп ұстағанынан-ақ байқауға болады. Тұрғындар төрт түлік өсірумен айналысады. “Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді”, – деген аталы сөз осындайдан шыққан болар. Татулығына қарап, Алқатеректің іргесі сөгілмейтініне сенім зор.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp