«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ МӘДЕНИЕТІНІҢ АУҚЫМЫ ТАРЫЛМАСЫН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Сегіз сері сынды дүлдүлдердің дүбірі қалған Қызылжар елі – ежелден ән мен жырдың бесігін тербеткен құтты мекен. “Алыптар ауылдан шығады” дегендей осы күні ел аузында жүрген өнер майталмандарының қай-қайсысы болсын кезінде ауыл сахнасынан түлеп ұшты емес пе? Сол талантты жандардың өнерін ұштаған ауылдағы руханият ошағы – Мәдениет үйлерінің қазіргі халі қалай?

Ұлттық идеологиямыздың не­гізін ана тіліміз, салт-дәстүріміз бен төл мәдениетіміз құрайды. Әрбір елдің рухани күші мәде­ниетімен өлшенетінін ескерсек, қай заманда да халқымыз ата салты мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін дәріптеген. Өткен ке­зеңге зер салсақ, 80-90 жылдары Шал ақын ауданындағы Ысқақ Ыбыраев, Аққайың ауданында­ғы Аралағаш, Жамбылдағы Айым­жан, Есілдегі Қарағай ауылдарында ха­лық театрлары мен Бұлақ, Бос­тандық сияқты қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдарда руханият ордалары дүркіреп тұрғанын біреу білсе, біреу білмес. Қазір осы оқиғалардың бәрі тарих, тіп­ті кейбіреулерге ертегі іспетті. Қан­ша­ма адамға ізгіліктің дәнін сеуіп, өнерді сүюге тәрбиелеген ауылдағы руханият ошақтарының орны бөлек. Сондықтан елдік дәстүр мәйегі – Мәдениет үйлеріне тиісті деңгейде көңіл бөлу кезек күттірмейтін мәселе.

РУХАНИ ОРДА

Өткен ғасырдың соңында эко­номика тоқырап, өндіріс тұралап қалған кезеңде мәдениет сала­сында да қиындықтар орын алды. Аудан, ауылдағы Мә­дениет үйлері, ауылдық клубтар жекенің қолына өтіп, кейбірінің есігіне қара құлып салынды, тіпті бұзылып, талан-таражға түске­ні белгілі. Ал қазір жер-жерде қайтадан оң өзгерістер орын алуда. Ел Тәуелсіздікке қол жеткізген ке­зеңнен бастап облыс ауданда­рын­да 144 ауыл клубы мен Мә­дениет үйі ашылды. Сонымен қа­тар бюджеттік және демеушілік қаражат есебінен Аққайың ауда­нының Рублевка, Астраханка, Ти­мирязев ауданының Ақсуат, Дмитриевка және Степное ауыл­дарында 6 мәдени-сауықтыру ор­талығы салынып, пайдалануға берілді.

– Өңірдегі 635 елді мекен болса, соларда клубтық үлгідегі 266 мәдениет ме­кемесі жұмыс істейді. Соның 179-ы – мемлекет меншігі. Об­лыс әкімінің тапсырмасына сәй­кес 2021 жылдан бастап аудан­дарда Мәдениет үйлерін мәде­ни-сауықтыру орталықтары ретінде қайта бейіндеу бойынша жұмыс­тар жүргізілуде. Бүгінгі таңда ауыл­дық Мәдениет үйлерінде бюд­жет есебінен және демеушілердің қар­жысына 69-дан астам мә­дени-сауықтыру орталығы ашылды, – деді облыс­тық мәде­ниет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Аягөз Нұрсейі­това.

“Театр киім ілгіштен бастала­ды”, – демекші ауыл мәдениеті де клубтан басталады. Ол тек концерт немесе ауыл әкімінің жиналыс өткізетін залы деңгейінде қалып қоймауы керек. Шынтуайтына кел­генде, ауыл клубы үлкен мәдени орталық болуы тиіс. Клубтық құ­рылымдар мәдениет мекемеле­рі қызметінің негізі болып табы­ла­ды. Оның құрамына әуесқой шы­ғар­машылық ұжымдар, үйірмелер мен студиялар, бірлестіктер кі­ре­ді. Мәдениет басқармасының мә­лі­меті бойын­ша, облыста 1365 шығармашы­лық бірлестік бол­са, соның дені ауылда. Ауылдық клубтың құрамында он бір мың­нан астам адам бар. Шығарма­шылықтың қа­занында бұрқ-сарқ қайнаған өнерпаздар ел игілігі жолында аянбай қызмет етуде. Өңірде 100-ге жуық шығармашы­лық ұжым­ның халықтық атағы болса, соның 70-і – ауыл өнер­паздары. Биыл тағы 8 ұжым халықтық атағын алды.

Үстіміздегі жылы ауылдық Мә­дениет үйлерінде төрт вокалдық топ, ансамбль, театр студиясы, би ұжымы мен барабаншылар ұжы­мы құрылды. Бұдан біз ауыл мәдениетіне деген қызығушы­лықтың артқанын аңғарамыз. Қызылжар, Жамбыл, Уәлиханов, Мағжан Жұмабаев аудандарында кес­кіндеме және сурет салу, халық­тық және ұлттық би, гитарамен ән айту бағыты бойынша 6-18 жас аралығында жасөспірімдер үйірмесі тегін қызмет көрсетеді.

МАМАН ТАПШЫ

Қазір мәдениет саласын­да ма­ман тапшы. Өңір­де мыңнан ас­там адам аталмыш салада еңбек етсе, соның сегіз жүз­ге жуығы шығармашылықпен айналыса­ды. Өкінішке қарай, 281 адамның ғана жоғары білімі бар. Хорео­граф, режиссер, мәдени ұйым­дас­тырушы, дыбыс опера­тор­ла­ры мен инженерлер, көр­кемдік жетекшілер, әдіскерлерге қажет­тілік бар. Жуырда өңірде үз­дік Мәдениет үйі байқауы өтті. Сол байқаудың негізінде бірқа­тар аудандарды аралап, руха­ният ордаларының жағдайымен та­ныс­қан облыстық халық шы­ғар­машылығы және мәдени-бос уақыт өткізу орталығының бөлім меңгерушісі Жарқын Жұпархан­ның пікірін де назардан тыс қал­дырмадық.

– Облыстағы 10 ауданда бо­лып, Мәдениет үйлерінің жағ­дайымен таныстық. Бұрынғыдай мықты мамандарды табу қиын. Аудан, ауылдардағы Мәдениет үй­леріне көп адам қызметке келе қоймайды. Оған түрлі жағдайлар себеп. Ауызды қу шөппен сүрту­ге жарамас. Жоқтан бар жасап жатқан аудандар да бар. Мыса­лы, Қызылжар, Мамлют, Ақжар, Жамбыл аудандары көш ілгері екенін айту керек. Бірақ аудан­дарда қазақтың ұлттық құндылы­ғы, рухани байлығы жыр, терме, дәстүрлі ән өнері дамымаған, – деді Жарқын Жұпархан. Өзгесін айтпағанда облыс орталығында­ғы Сәбит атамыздың есімін ие­лен­ген білдей бір қазақ-сазды дра­ма театрының өзінде кәсіби режиссер жоқ. Бұл кадр тапшы­лығының бір көрінісі емес пе? Біріншіден, мәдениет са­ласы қызметкерлерінің жалақы­сы мардымсыз. Еңбекақы жан ба­ғудан артылмаған соң кейбірі бас­қа жұмыс іздеуге мәжбүр.

Президент тапсырмасымен 2021 жылдан бастап аталмыш сала қызметкерлерінің еңбек­ақы­сы жүйелі түрде кезең-кезе­ңі­мен өскенімен, бүгінде негізгі қыз­меткерлердің ораша жалақысы шамамен 200 мың теңгені құрай­ды. Сахнаның сыртында қосымша жұмыс істейтіндердің айлық табысы бұдан да төмен екені жасырын емес. Қымбатшылық қалтаны қаққан қазіргідей кезеңде мұндай жалақымен қызметкерлерді ұс­тап тұру мүмкін емес. Десе де са­ладағы кадр тапшылығы біртін­деп шешілуде. 2022-2023 жыл­дары қажетті мамандық­тар бойынша кадр даярлау үшін облыс әкімінің 32 гранты бөлінді. Орындаушылық өнер, театр, ре­жиссура, арт-менеджмент, мә­дени-демалыс жұмысы сынды мамандықтар бойынша жергілік­ті студенттер Астана, Алматы қа­ла­ларындағы Қазақ ұлттық өнер университеті мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияда білім алуда. Облыстық мәде­ниет, тілдерді дамыту және ар­хив ісі басқармасының маманда­ры үстіміздегі жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне мәдени-демалыс жұмысы мамандығы бойын­ша әкімнің сегіз гранты бөлінге­нін айты. Ал соңғы үш жылда “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша 41 ма­ман мемлекеттік қолдауға ие бол­ды. Ауылдық мәдениет ұйымда­рына жұмысқа орналасқан ма­ман­дар тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несиеге қол жеткізге­нін айтып өту қажет. Бірақ тек жас маманға ғана емес, ауылдағы барлық мәдениет саласы өкілде­ріне осындай жағдай жа­салса дейсің. Мемлекет тарапы­нан арнайы жеңілдіктер қарас­ты­ры­лып, тұрғын үймен қамта­ма­сыз етілсе нұр үстіне нұр. Еңбегі адал шы­ғармашылық адамдарға бұл үл­кен қолдау болар еді.

ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚ ЕСКІ

Дәл қаладағыдай сәнді са­рай, театр салып тастамасақ та ауылдағы мәдени ошақтар қа­жетті техникалық құралдармен жабдықтауды қажет етеді. Ал бүгінде кейбір Мәдениет үйле­рінде музыкалық аппаратура мен аспаптар, сахналық костюм­дер жоқ. Өңірдегі клубтық ұйым­дардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға өткен жыл­дары облыстық бюджеттен 9103799,09 теңге бөлінгенін айт­қан Аягөз Жайлаубекқызы ауыл­дағы Мәдениет үйлерінің, клуб­тардың негізгі қызметін жүзеге асыру үшін заманауи талаптарға сәйкес аудандық бюджеттен Led-экран, дыбыстық аппаратура, музыкалық аспаптар, жарықтан­дыру аппараттары, сахналық киім мен тағы басқа заттарды са­тып алуға қаржы бөлінгенін жет­кізді. Бірақ бәріне бірдей жеткен жоқ.

Ауылдағы руханият ор­далары – жастардың баратын бірден-бір демалыс орны. Сон­дықтан Мәдениет үйлеріне тиісті жағ­дай жасалса, қаншама жастың таланты ұшталып, қанаты қа­таяр еді. Сол жерлерде домбы­ра, әдебиет, театр үйірмелері көп­теп ашылса артық етпейді. Өйт­кені қазақтың өнерімен, төл мәдениетімен сусындап өскен ұр­пақтан үлкен үміт күтуге бо­лады. Бұл орайда кезінде сол ауыл сахнасынан түлеп ұшқан өңірімізге белгілі өнерпаз Таңат Бейсенбаевтың айтары бар.

– Жергілікті жерде халықтың мәдени демалысын ұйымдасты­рудың жауапкершілігі зор. Кезін­де біздің өңірімізде айтулы өнер ұжымдары, халық театрлары болды. Біз 1981 жылы “Еңбек және мәдениет эстафетасы” бай­қауының облыстық гала концер­тін­де Бұлақ кеңшарынан жеке бағдарлама ұсындық. Кеңшар­дың құрамындағы Бұлақ, Ақтас, Қарағай ауылдарының өнерпаз­да­ры елге танылды, – деген Таңат Ошы­байұлы кезінде сол ауыл сахна­сынан талай жас түлеп ұшқанын сағынышпен еске алды. Солар­дың қатарында Теміртас Кәкім­жанов, Жаңғожа Рамазанов, мар­құм Тілеуқабыл Тұяқов, Нәзира Бейсенбина, Фазыл Қожахметов сынды дарынды жастар болған. Сондай-ақ ол осы өнерпаздар­дың ұстазы Дариха Ержанова да өткен ғасырдың 70-ші жылдары Болгария мемлекетінің астанасы Со­фия қаласындағы зауыт, фаб­рикаларда өткен кездесулерде ән шырқағанын мақтанышпен жет­кізді.

ЖЫЛДАР БОЙЫ ЖӨНДЕЛМЕГЕН

Бір өкініштісі, елімізге таны­мал өнер иелері, театр ұжымда­ры ауылға ат ізін сала қоймайды. Оның да өзіндік себебі бар. Өйт­кені ауылдағы мәдениет ошақ­та­рында үлкен ұжымдардың өнер көрсетуіне қолайлы жағдай жа­салмаған. Залдағы акустиканың сапасы сын көтермейтіні, орын­ның аздығы сынды олқылықтар жетіп артылады. Осы кемшілік­тер­дің кесірінен кейбір ауыл тұр­ғындары түрлі мәдени кештер­ден, театр, кино өнеріндегі же­тістіктерден құр қалып отыр. Ал ауылдардағы мәдени ғимарат­тар­дың жылдар бойы жөндеу көр­меуі жоғарыда айтылған олқы­лықтардың орын алуына әсер етуі ықтимал. Мәдениет ордала­рын жөндеу мәселесі туралы сөз қозғағанда облыста 2020-2022 жылдар аралығында руханият нысандарын күрделі және ағым­дағы жөндеуден өткізуге 3 млрд. 395 миллион теңге бөлініп, 66 жоба іске асырылға­нын айту қа­жет. Соның ішінде ауылдағы ал­пыс нысан жөндеу көрген. Бірақ әлі де көп бө­лі­гі­нің сыры кетіп тұр. Облыстық мәдениет, тілдер­ді дамыту және архив ісі басқар­масының берген мәліметі бо­йын­ша өткен жылы Айыртау, Ақ­жар, Аққайың, Есіл, Жамбыл, Қы­зылжар, Мамлют, Мағжан Жұма­баев, Ғабит Мүсірепов атын­да­ғы, Тимиря­зев, Шал ақын аудан­дары мен облыс орталығындағы үш мәдени ошақ жөнделді. Биыл 18 жоба жүзеге асырылмақ. Оған 2 миллиард теңге бөлінді. Ақ­қайың, Есіл, Жамбыл, Мамлют, Тимирязев, Тайынша, Шал ақын аудандарындағы Полтавка, Яв­ленка, Пресноредуть, Дубров­ное, Воскресеновка, Бике, Хмельниц­кое, Теңдік, Донецк, Ақсу ауыл­дары мен Сергеевка қаласында­ғы мәдени нысандар жөн­делмекші. Әрине, ауыл мә­де­­ние­тін жетілдіруде мұндай іс-шаралар құптарлық. Десе де ауыл мәдениетінің ауқы­мы бір реттік уақытша шаралармен шектел­ме­се екен. Өйткені елдегі дарын­ды жастарға жағдай жаса­май, ауыл мәдениетін көте­ру мүмкін емес қой.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретте: Жамбыл ауда­нына қарасты Пресноредуть ауылындағы мәдени-бос уа­қыт орталығына күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізілуде.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp