«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒЗАНЫ УЛАЙТЫНЫН НЕГЕ ОЙЛАМАЙМЫЗ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ руханиятының қарашаңырағы атанған “Soltüstık Qazaqstan” газетінің көтеріп отырған мәселесі өзекті. Шынында да күні кеше ғана алкогольді сусыннан ұрттайтындармен алысып едік, бүгін энергетикалық сусындардың салдарымен күресіп жүрміз. Бұлай жалғаса берсе, дені сау адам таппай қалуымыз ғажап емес. Себебі шаршағанда бойыңа қосымша қуат беретін сусынға құмартқандардың қатары күн санап артып келеді. Желік қуған жастардың арасында бірден екі құтыдан сіміріп салу сәнге, әдетке айналған. Сусынды бір ішкен адам тағы да сатып алып, ішкісі келіп тұрады. Тәуелділік тудыратын сусыннан бас тарту да оңай емес.

Осыдан екі жыл бұрын досымның шұғыл шаруамен Қызылжардан Астанаға таксимен жолға шыққандағы басынан өткен оқиғасы еске түсіп отыр. Алыс жолға шығарда такси жүргізушісі үш энергетикалық сусын алып, жол бойы ішіп барған. “Көкшетауға жете бергенде қолы дірілдеп, рөлді ұстай алмай қалды. Сосын бұл қалада жұмысым барын айтып, орта жолда түсіп қалдым. Астанаға баратын көкшетаулық досымның көлігіне мініп, шаһардан 10-15 шақырым ұзай бергенде манағы таксиді көзім шалды. Бір жүк көлігінің астына кіріп кетіпті. Жүргізуші де, қасындағы жолсерігі де сол жерде дүние салыпты”, – деп еді аман қалғанына әлі сене алмай жүрген досым. Осының өзі түйсігі барларға жеткілікті дәлел.

Энергетикалық сусынның адам ағзасына зиянды екені айтылып та, жазылып та жүр. Соның зардабын тартқандар да, медицина мамандары да дабыл қаққанымен, көпшілігіміз бұл ескертулердің байыбына бара бермейміз. Сатып алған аурудың зардабын тартқанда ғана “әттеген-ай” дегенімізбен, бәрі кеш болуы мүмкін. Кейде осындай ескерту айтсаң қара аспанды төндіріп тұрғандай көрінесің. Бірақ сөздің шындығы осы.

Көбейіп бара жатқан қант диабеті, семіздік және жүрек-қан тамыры ауруларының салдарына үңілсек, кей жағдайда энергетикалық сусынға келіп тірелетіні жасырын емес. “Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты” жастарымыздың тәуелділігі адам баласын алаңдатпай қоймайды. Жас қалпында жоғарыда аталған дертке шалдығып жатса, елдің болашағы не болмақ. Елдің басты байлығы – халқы. Дені сау ұлт қана мықты мемлекет құра алады. Бұл жаттанды сөз болып естілуі мүмкін. Бірақ бұл тарихпен дәлелденген дүние. Сондықтан өзіңді, жақындарыңды, еліңді ойласаң, өзіңе зиян келтіретін әдеттерден арылу керек.

Алкоголь мен есірткі секілді өзіне тәуелді ететін өнімдердің құрамындағы кофеин, эфедрин, адреналин мен никотин қышқылы, басқа да синтетикалық қоспалар асқазанда жара пайда болуына, жүрек-қан тамырларының тарылып, жүйкенің жансыздануына, бүйрек жұмысының бұзылып, мидың әлсіреуіне әкеліп соғатынын ғылымның өзі де дәлелдеген.

Энергетикалық сусынды 21 жасқа дейінгілерге сатуға тыйым салынғаны дұрыс болды. Заң тұрғысынан, қауіпсіздік жағынан да құптарлық іс. Күш-қуаты өз бойында тулап тұрған жастарымыздың “қуат беретін” сусынға жүгінгені күлкілі.

Жалынды жастардың энергетикалық сусын ішкеннен гөрі, саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданғаны жарасады.

Әлфараби МЫҢБАЙ,

“Ауыл” халықтық демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалы жастар қанатының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp