“Жүре берсең, көре бересің” демекші біздің қоғамда жаға ұстатарлық жайттар аз емес. Жуырда Павлодар облысында 12 жастағы қыздың дүниеге сәби әкелуі соның айғағы. Бұрын-соңды мұндай оқиғаларды естіп-көрмеген соң, абдырап қалғанымыз рас. Десе де, оқиғаның дәл себебін білмеген соң, артық айтып жазғырудың да реті жоқ. Бірақ өзі әлі бала болса да дүниеге сәби әкелген қыздың арын таптап, арсыздық жасаған адам әлбетте жазасын тартуы тиіс. Мәселен, инабаттылық пен ибалылықтың, әдемілік пен әдептіліктің символы болған қыздарды бүгінгі қатыгез қоғамнан қаншалықты қорғай алып жүрміз? Жоқ, әлде ұлттың ұяты – қыз баланың тәрбиесін тек отбасына ғана артып қойдық па?
Кезінде халқымыз қыз баланың тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Тіпті, “қызға қырық үйден тыйым салып”, абыройы мен арына нұқсан келтірмеуге тырысқан. Ата-бабамыз қыз қонақ, жат жұрттық деп құрметтеген. Осыдан-ақ халқымызда “бір ұл тәрбиелесең – бір әулетті тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелесең – бір ұрпақты тәрбиелегенің” деген дана сөз қалыптасып қалғандай. Тұтас ел, қоғам болып мән берген қыз тәрбиесі бүгінде қаншалықты маңызға ие?
Әрине, ұлттың абыройын, елдің болашағын, ұл-қызының бақытын ойлаған әрбір ата-ана ұрпақ тәрбиесіне немқұрайды қарамайды. Десе де қазір қоғамның қажеттілігі өзгерді. Рухани құндылықтан материалдық байлықты бірінші орынға қойған адам салт-сана, ұлттық дәстүр, тіпті қыз тәрбиесін қайтсін? Сондықтан да қазір айналамызда неше түрлі жайттар орын алуда. Азғындық істер де аз емес. Өйткені біз жас ұрпақ, ұлттық тәрбиені босаңсытып алдық. Соның кесірінен үріп ауызға салғандай үлбіреген нәзік жандар қоғамның қатыгездігінен жапа шегуде. Бұған қоғам мен отбасы сынды екі тарап кінәлі. Олай дейтінім, ұлттың болашағына қатысты жағдайда қоғам да бейтарап қалмауы тиіс. Егер ұлттың ұятына, қыздың абыройына, аруларымыздың ертеңіне қоғам жауапты болса, жоғарыда мысал ретінде келтірген 12 жастағы қыздың сәби сүюі сынды жаға ұстатар жайт орын алмас еді. “Сен тимесең, мен тимен бадыраң көз” демекші, әркім балапан басына, тұрымтай тұсына кеткендей. Белдігі бөлек Батыстың мәдениетін алға тартатындар жоқ емес. Ал еркіндік, демократияны басқаша түсінетін ұрпақ ұлттың тамырынан ажырап кетсе қайтпекпіз? Ол рас қазақ қызын еркелеткен, бірақ еркінсітпеген. Бірақ қазір ұл-қызының немен айналысып, қайда барып жүргенінен хабарсыз ата-аналар да жоқ емес. Сондықтан қадағалау болмаған соң кейбір жастардан түзде түрлі қылық шығуда. Өкінішке қарай, арын сататындар да аз емес.
Бұл мәселе бойынша облыстық полиция департаментіне сұрау салғанымызда мамандар адам саудасы мен жеңіл жүрісті қыздарды есепке алу фактісі болғанымен, мұндай ақпараттар құпия сақталатыны айтылды. Адамнан жасырғанымызбен Алла бәрін көріп тұр ғой.
Ресми мәліметтерге зер салатын болсақ, елімізде адам саудасына қатысты жүзден астам қылмыс тіркелетінін айтып өту қажет. Ал БҰҰ мәліметіне сәйкес, әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 пайызы – әйелдер мен қыздар екен. Бұдан қоғамда қыз тағдыры қыл үстінде тұрғанын аңғаруға болады.
– Біз тың игеру тұсында дүниеге келген ұрпақпыз. Мен көпбалалы отбасында тәрбиелендім әрі үйдің тұңғышы болдым. Ата-анам 9 қыз, 3 ұлды дүниеге әкелді. Балаларын асыраудың қамымен әкем көбіне сыртта жүретін. Сол себепті маған, менен кейінгі 8 қыздың тәрбиесіне анам үлкен жауапкершілікпен қарады. Бауырларыммен үйдің барлық ісіне қолғабыс еттік. Одан жаман болғанымыз жоқ. Ауылда би кештері болса, анам уақытпен ғана жіберетін. Оның өзінде тым сирек. Кешігу болмайтын. Құдайға шүкір, ар, ұят, иман, ибалылықты бойымызға сіңіріп, ата-анамыздың атына кір келтіргеніміз жоқ, – дей келе зейнеткер Марал Жолтайқызы қазір жастар тым еркін екенін айтты. Ал бетіне күн түсірмей мәпелеп өсірген ұл-қызда сана болмаса, сол қиын.
Психолог Айым Жүнісбаева қызылды-жасылды дүниенің қызығына масайрап, өмірден ләззат алудың жөні осы екен деп жөнсіз қылыққа баратын арулар жасандылыққа бейім келетінін жеткізді. Маманның айтуынша, барын киіп, байлауышын таққан кейбір бойжеткендер әлеуметтік желіде өмірлерінің жарқын тұстарын көрсетуге әуес. Бұдан өзгелер де үлгі алуға тырысады. Сондықтан оңай жолмен ақша тауып, қайтсе де қымбат өмірге талпынады. Бірақ шынайы болғанға не жетсін? Қарапайым болса да өз еңбегімен өмір сүріп, атына кір келтірмесе сол бақыт емес пе? Осы орайда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің “Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлт тәрбиелейміз” деген сөзі ойға оралады. Иә, ұлт тәрбиелейміз десек, ата-ана мен қоғам қыз тәрбиесіне бейжай қарамауы керек.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.