“Мәңгілік” би ансамблі Болгарияда өткен халықаралық байқауда өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Бұл – жеті жыл бұрын құрылған би ансамблінің алғашқы жеңісі емес.
Шілденің 16-ы мен тамыздың 3-і күндері аралығында Болгария мемлекетінде халықаралық бишілер байқауы өтті. Ерекше сайысқа Қазақстаннан тек “Мәңгілік” би ансамблі шақырту алған. Олар шетелдік сахнада қазақ халқының ұлттық билерін ұсынды.
Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандардың айтуынша, би құдіретін түсіну үшін бишінің қимылына ғана емес, жанарына да назар аудару қажет. Қызылжарлық ұжым көздегі от, бойдағы қуат және көп жылғы қажырлы еңбектің арқасында бас жүлдені жеңіп алған. Осы қасиеттердің барлығы бишілердің бойында болса, алынбайтын қамал жоқ. Бұл – ансамбльдің көркемдік жетекшісі Михаил Лахтиннің ұстанымы.
– Бұл байқауға кез келген ұжым қатыса алмайды. Тек нағыз мықтылар ғана жиналады. Біздің өнерімізге де барлығы тәнті болды. “Қазақстан алға!” деп бар қолдауларын танытты. Бұл байқау би ұжымы үшін зор тәжірибе болды, – дейді “Мәңгілік” би ансамблінің көркемдік жетекшісі, Мәдениет қайраткері Михаил Лахтин.
Фестиваль 5 кезеңнен тұрған. Әрқайсысы әр қалада өткізіліпті. Би шеберлері жиналған сайыста 9 мемлекеттің өнерпаздары бақ сынаған. Теріскейлік таланттар аталған сайысқа жарты жыл бойы дайындалыпты. Аптап ыстық та кедергі болмаған.
– Барлық би ұжымдарына өнер көрсету қиынға соқты. Себебі, біз барған сәтте ауа температурасы +35 пен 40-тың аралығында болды. Біздің бір биіміздің ұзақтығы – 30 минут. Далада өнер көрсеттік. Әрине, оңайға соққан жоқ. Дегенмен біз бұған да сақадай сай болып бардық, – дейді “Мәңгілік” би ансамблінің хореографы Каринэ Самудинова.
Теріскейлік таланттар Молдова, Грузия, Мексика мен Боливияда өтетін байқауларға шақырту алған.
Мәдина ҚАБИ.