Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: “Әділетті Қазақстанда еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілуі тиіс. Әсіресе, ұстаз, дәрігер, тәртіп сақшысы, құтқарушы, жұмысшы, шаруа сияқты мамандардың мәртебесін одан әрі арттыра түсуіміз қажет, осы кәсіп иелері тиісті құрмет пен сыйға ие болғанда ғана, қоғамымыз шынымен жаңарады деп айта аламыз”, – деген сөздері ойға оралады. Президент аталған мамандықтар бойынша қызмет етіп жүргендер еліміздегі ең сыйлы азаматтарға айналуы керек екенін қадап айтқаны да көпшіліктің есінде болар. Өте орынды пікір. Еңбек адамы қай қоғамда да, қай заманда да болған, бола береді де. Сондай жандарды уақытында тап басып танып, қоғамға таныстыра білу қажет.
Тайынша ауданына қарасты Многоцветное ауылында отбасымен бақытты ғұмыр кешіп отырған аяулы ана Нұрғиза Ислямқызының өнегелі өмірі көпке үлгі. Жастайынан еңбекке араласты. Алдынан шаруа үркіп тұратын ардақты жан бар саналы ғұмырын елдің өркендеуіне жұмсады. Қай жұмысты қолға алса да, қиындығынан қашпады. Өйткені, қайсар мінез, табандылық, еңбекке деген құлшыныс, бәрі жарқын өмірге жетеледі.
Ол 1949 жылы Омбы облысы, Москаленко ауданының Елеуіш ауылында Жүсіповтер отбасында дүниеге келді. 1968 жылы Хайролла Өсербайұлымен отбасын құрып, 5 бала тәрбиелеп өсірді (2 ұл және 3 қыз). Бүгінде 7 немеренің әжесі.
1982 жылы Омбы облысының Новоцарицыно ауылынан Ащыкөл кеңшарына көшіп келген болатын. Кезінде бұл кеңшар бұрыңғы Көкшетау облысы, Ленинград ауданына қарасты еді. Аталмыш кеңшардағы “Звездочка” балабақшасында аспаз болып еңбек жолын бастаған ардақты жан ел тәуелсіздік алған тұста Тайынша ауданына отбасымен қоныс аударады. Степноишим тәжірибе стансасында сауыншы болып еңбек етті. Жұмыстан қашпайтын Нұрғиза Ислямқызы қатарластарының алды болды. Еңбек те еленбей қалмады. Жыл сайын бағалы сыйлықтар мен марапаттарға қол жеткізді. Зейнетке шықса да, жеті жыл бел жазбай еңбек етті.
Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған қарияның жастарға айтары да жоқ емес. Қазыналы қарт адам адал жолмен еңбек етіп, маңдай терін төксе ғана жетістікке жете алатынына сенімді. Отбасының құты, бақыты мен берекесіне айналған әзиз ананың бойында кішілік пен кісіліктің үлгісі қатар қалыптасқан. Қандай қиындық болса да жолдасы Хайролла Асрандинмен қол ұстасып, ұл-қызын қатарынан қалдырмай, аяққа тұрғызды. Бастысы ұрпағына өнегелі тәрбие берді. Келіндік қызметін де қалтқысыз орындап, ағайын-туыстың ризашылығына бөленген аяулы жанды ауыл тұрғындары да ерекше құрмет тұтады.
Қазір қазыналы қария сан ұлттың басы біріккен Многоцветное ауылында тұрып жатқанына дән риза. Кезінде осы ауылдың тұрмысын көтеруге жолдасымен өзі де атсалысқан болатын. Ал сонау зобалаң жылдарда қаншама қиындықты еңсерген елдің ауызбіршілігіне қарап сүйсінесің. Соғыс кезінде Многоцветноеден елді жаудан қорғауға 245 азамат аттанса, 115 адам майдан даласында қаза тапты. Соғыстың ауыртпалығын еңсерген ауыл тұрғындары бүгінде бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату-тәтті өмір сүруде.
– Басты байлығымыз – бірлігіміз. Егемендігіміздің арқасында еңсеміз тік. Мемлекетіміздің мәртебесі асқақ, бағы баянды болу үшін жастар, аянбай еңбек етуі тиіс. Қиындықтан қорықпай, әрқашан алға басу керек, – деді еңбек ардагері Нұрғиза Асрандина.
Гүл НҰРАЛИНА.
Тайынша ауданы.