«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАМҚОР ӘКЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда 4717 толық емес отбасы есепке алынған. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, соның 49-ында балаларын әкелері жалғыз өзі тәрбиелеуде. Солардың бірі – Талғат Тутуев. Ол – алты баланың әкесі. Бүгінде бес баласы кәмелет жасқа толмаған, мектепте оқиды.

Бүгінде жалғызілікті аналар туралы жиі айтамыз. Бірақ ба­лаларын жалғыз өзі тәрбиелеп жатқан әкелер де аз емес. Алты баламен жалғыз қалған Талғат та тағдырдан теперіш көрді. Бір кездері тату-тәтті өмір сүрген бұл отбасын 2 жыл бұрын қай­ғының қара бұлты торлады. Ота­ғасы сүйікті жарынан, балалары аяулы анасынан кенетте көз жа­зып қалды. Амал нешік. Тағдыр сынаққа толы емес пе? Қайғы­дан қан жұтқан бұл отбасыға ең­сені тіктеу оңай болмады. Әлі де өкініш өзекті өртейді. Бірақ тірі адам тіршілігін жасайды. Жары­нан айырылған Талғат содан бері балаларына бір өзі бас-көз бо­лып, әкелік қамқорлығын аямай өсіруде.

Есіл ауданына қарасты Нико­лаевка ауылында дүниеге кел­ген азамат бүгінде облыс орта­лы­ғында тұрады. “Атамекен СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде тас қа­лау­шы болып еңбек етуде. Әри­не, алты баланы жалғызбасты әкеге бағып-қағу оңай емес. Десе де ол өмір бәріне үйретіп жат­қанын айтты.

– Тамақты бұрыннан пісіре­мін. Үйдің шаруасынан да хаба­рым бар. Өйткені келіншегім көзі тірісінде бір тәулік жұмыста ке­зек­шілік атқарып, екі күн үйде болатын. Ол медициналық меке­меде жұмыс істеді. Жарымнан айырылу пси­хологиялық жағынан ауыр болды. Жұмысымдағы басшы­ла­рыма, әріптестеріме алғыс айтамын. Менің жағдайымды түсініп, жеңілдіктер жасады. Мәсе­лен, жұмысқа балаларды мектепке апарғаннан кейін, яғни аздап ке­шігіп келуге рұқсат берді. Сондай-ақ түскі үзіліске де ертерек кететінмін, – деді ол.

Үш ұлы, үш қызы бар бұл отба­сының тұңғышы үйленген, бө­лек тұрады. Үлкен қызы Алина – 17 жаста, Мағжан Жұмабаев атын­дағы мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы. Одан кейінгі 13 жаста­ғы Рақым №26 мектепте 8 сы­ныпта оқиды. Оның да оқуы жақ­сы. Каратэ үйірмесіне барады, футболға қызығушылығы жоға­ры. Гитара тартуды үйренді. Төр­тін­шісі – Алтын. Ол да №26 мек­тептің 6 сыныбына жақсы нәти­жемен көшті. Сурет салуды үй­ре­ніп жүр. Бесінші қызы Диана 5 сыныпқа көшті, ол да сабақты жақ­сы оқиды. Қолы бос уақытта моншақтан түрлі заттар тоқиды. Кенже ұлының есімі – Жан. 2 сы­ныптың оқушысы, сабағы жақсы, футболмен әуестенеді. Осын­дай білімді ұл-қызынан әке зор үміт күтеді.

Әлбетте ананың орнын еш­кім де алмастыра алмайды. Әсі­ресе, қыз баланың тәрбиесінде шешенің рөлі ерекше. “Жақсы жеңге – анаңдай” демекші жеңге­сі қыздарды білгеніне үйретіп қана қоймай, құрбылардай сыр­ла­сады. Үлкен ұлы мен келіні бө­лек тұрса да, үй шаруасына кө­мектеседі. Қыздар да пысық. Кір жуу, үйді жинау сынды жұмыстарды ұршықша иіреді.

Жалғызбасты әкеден қазір үкі­мет тарапынан қандай көмек көрсетіліп жатқанын сұрағанда ол балаларға асыраушысынан айырылғаны бойынша жәрдем­ақы алатынын айтты. Одан бас­қа көмек көрсетілмейді. Сондық­тан Талғат Тутуев заңның олқы тұстарына қапалы. Мәселен, жал­ғызілікті аналар мемлекеттік тұр­ғын үй қорынан баспана алу үшін кезекке тұра алады. Көпбалалы аналар зейнет демалысына ерте шығады. Ал әкелерге, әсі­ресе жалғызілікті әкелерге ешқан­дай жеңілдік жоқ. Сондай-ақ көпбалалы немесе қиын жағда­йға тап болған отбасыларды коммуналдық төлемнен босатса да артық емес. Ол ақшаны балалардың керек-жарағына жұмсауға болатын еді.

Бірақ білім беру ұйымдары тарапынан бұл отбасыға қолдау бар. Оған отағасы дән риза. Биыл №26 мектептің қолдауы­мен ұлы Рақым екі аптаға Алма­тыға барып, математикадан бі­лім көкжиегін кеңейтсе, қызы Диа­на “Бөбек” лагерінде үш апта демалып келді. Бұдан бөлек, бі­лім беру ұйымдары жыл бойы түрлі көмек беретінін тілге тиек еткен әке “Мектепке жол” акция­сы аясында оқуға қажетті құралжабдықпен де қамтамасыз ететі­нін атап өтті. Түрлі іс-шара­лардан, мерекелерден, жаңа­жыл­­дық ертеңгіліктерден де қал­дырмайды. Жалғызбасты әке үшін ең қиыны – уақыттың тап­шы­лығы. Аптасына алты күн жұ­мыста болатын ол үйде балала­рына уақытты аз бөлетініне қынжылады.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp