Медиация күніне орай Достық үйінде семинар өтті. Жиынға білім басқармасының өкілдері, ассамблея қызметкерлері және қоғам белсенділері қатысты. Өңірде медиация институты бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Бұл – батыстан келген жаңашылдық. Ұйымның басты мақсаты – азаматтар арасында туындаған дау мен түсініспеушілікті сотқа жеткізбей шешу.
Медиация – татуластыру рәсімі. Оның қоғамда атқаратын рөлі зор. Мәселен, биылғы жылы медиаторлар ажырасу алдында тұрған 100-ге жуық ерлі-зайыптыны татуластырған.
– Біздің облыста медиация жақсы сұранысқа ие деп мақтана алмаймыз. 10 жыл өтсе де өңір тұрғындарының көбі бұл заңның не туралы екенін түсінбей жатады. Бірақ бізге, яғни медиаторлардың көмегіне жүгінетіндер де баршылық. Бірақ арнайы статистика жүргізілмейді, – дейді медиатор Инесса Қуанова.
Іс-шараға түрлі сала өкілдері қатысып, күнделікті өмірде кездесетін мәселелерді оңай әрі тез шешу амалдарын талқылады. Жалпы медиация дегеніміз – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу. Облыстық ассамблеяда медиация кабинеті 2020 жылы ашылған. Биыл 20 маусымда бұл кабинет орталық болып қайта құрылған. Жыл басынан бері тұрғындармен, түрлі сала өкілдерімен ассамблея медиаторлары 15 кездесу өткізді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.